Көңіл жарығы сөнбесін...

Бақсай ауылдық мәдениет үйінде Халықаралық зағиптар күніне арналған «Көңіл жарығы сөнбесін» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл күн – көзі нашар көретін және зағип жандардың қоғамдағы орнын айқындап, олардың жігері мен өмірге құлшынысына құрмет білдіретін маңызды шаралардың бірі.

Мерекелік кешке ауыл тұрғындары, кітапхана қызметкерлері, мәдениет саласының маман­дары мен өнерсүйер қауым жиналып, ерекше ықыласпен қатысты. Шара басталар алдында Таңдай ауылдық кітапханасының меңгерушісі К.Есмурзина жаңа шыққан әдебиеттерден «Жан шуағы – жарық өмір» атты кітап көрмесін ұйымдастырып, келген қонақтарды мазмұнды туындылармен таныстырды.

Концерттік бағдарлама Бақсай ауылдық әкімдігі бас маманы Данияр Сәлімұлының құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Халықаралық зағиптар күнінің қоғамдағы ерекше жандардың өмірін, олардың қайсарлығы мен төзімін дәріптейтін маңызды күн екенін атап өтті. Ауыл әкімі Ермұрат Өтегенұлының арнайы құттықтауын жеткізіп, қоғам өміріне үлгі болып жүрген Г.Иманалиева, С.Қарабалев, Г.Қуантырова және Н.Ерғалиеваға құттықтау хаттарын табыс етті.

Кеш барысында аудан және ауыл өнерпаздары әсем әндер шырқап, жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрбір өнер иесі көрермендер тарапынан зор қошеметке ие болып, жылы лебіз бен рухани қуатқа толы концерт залдағы жұртшылыққа ерекше әсер қалдырды.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT