Буллинг: мектептегі жасырын қауіп және оның салдары

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ – БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ МЕН АТА-АНАЛАР АЛДЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ МЕКТЕПТЕРДЕ ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН БУЛЛИНГ МӘСЕЛЕСІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҒАНА ЕМЕС, АТА- АНАЛАРДЫҢ, ПЕДАГОГТЕР МЕН ПСИХОЛОГТАРДЫҢ, ТІПТІ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫН АУДАРЫП ОТЫР.

ТОҒЫЗ АЙДА 1700 ШАҒЫМ ТҮСКЕН

Буллинг – бір баланың немесе топтың басқа оқушыға жүйелі түрде психологиялық, вер­балды немесе физикалық қысым көрсетуі. Бұл құбылыс баланың өзін-өзі бағалауына, эмоционалдық денсаулығына, мінез-құлқына және оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді. Дүниежүзілік және Қазақстан бойынша ста­тистика да бұл мәселенің өзектілігін растай­ды. 2024 жылы елімізде 145 буллинг фактісі тіркелген, ал 2025 жылдың 9 айында сенім теле­фондарына 1700-ге жуық шағым түскен.

Осыған байланысты О.Шонаев атындағы орта мектеп инспекторы Нұрқуат Ураков буллингтің алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, аудан бойынша 2025 жылдың 11 айында ресми түрде тіркелген буллинг фактілері болмағанымен, әр шағым мұқият тексеріліп, қажет жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 127-2-бабы бойынша шара қолданылады.

– Бұл бапқа сәйкес кәмелетке толмағандарды жәбірлеу ескерту жасауға немесе 10 АЕК көлемінде айыппұл салуға, қайталанған жағдайда 30 АЕК-ке дейін айыппұл қолдануға негіз болады. Мектеп психологтары барлық оқушыдан анонимді сауалнама алып, нәтижесі бойынша жеке және топтық түзету жұмыстарын жүргізеді. 2025-2026 оқу жылы­нан бастап енгізілген «KiVa» бағдарламасы ая­сында сынып жетекшілері буллингтің алдын алуға арналған арнайы модульдермен тұрақты жұмыс жүргізуде. Мектепте 12 адамнан тұратын арнайы команда жасақталып, жүйелі іс-шаралар атқарылып жатыр. Сонымен қатар барлық білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «111» байланыс орталығы қызмет етеді,- дейді мектеп инспекторы.

Баланың буллингке ұшырауы ата-ана­лар үшін де күрделі жағдай саналады. Көп жағдайда ата-аналар баласын қолдаудың ор­нына, оның әрекетін сынға алып, “Неге қарсы жауап бермедің?”, “Әлсіз болма!” деген сөздер айтатыны жасырын емес. Психологтар мұндай көзқарастың жағдайды ушықтыратынын ай­тады. Балаға “Мен саған сенемін”, “Бұл сенің кінәң емес”, “Мен сені қорғаймын” деген сөздер қажет. О.Шонаев мектебінің психологы З.Ықсан да буллингтің баланың жеке тұлғалық дамуына кері әсер ететінін атап өтіп, мектепте мониторинг, жеке кеңес, тренинг, ата-аналарға арналған семинарлар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді. Маманның айтуынша, буллингтің алдын алу – мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысы.

–Мектеп ордасындағы буллинг – бүгінгі білім беру жүйесінде ерекше назар аудару­ды қажет ететін маңызды психологиялық- әлеуметтік құбылыс. Буллинг тек қана агрессияның көрінісі емес, ол – баланың эмоционалдық хал-жағдайына, тұлғалық да­муына және оқу үлгеріміне тікелей әсер ететін фактор. Буллингті анықтау үшін мек­тепте тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістер, сабақтағы белсенділігі, қарым-қатынас стилі үнемі бақылауда болады. Сонымен қатар оқушылармен жеке кеңес, сынып сағаттары, тренингтер, ата-аналарға арналған психологиялық семинарлар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар балалардың эмоционалдық мәдениетін, эмпатиясын, өзара сыйластық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Буллингтің алдын алуда ата-аналардың рөлі де ерекше. Балаға қолдау көрсету, оның сезімін тыңдау, қауіпсіз қарым-қатынас дағдыларын үйрету отбасынан басталады. Мектеп пен ата-ана тығыз байланыс орнатқан жағдайда ғана балаға психологиялық тұрғыдан қауіпсіз орта қалыптастыру мүмкін болады. Баланың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығы – барлығымыз үшін ортақ жауапкершілік. Буллинг – тек бір баланың екінші балаға жасаған қысымы ғана емес, тұтас қоғамның мәдениетіне әсер ететін терең әлеуметтік құбылыс. Сондықтан әр мектепте, әр отба­сында қауіпсіз орта, сыйластық пен эмпатия құндылықтарын нығайту – буллингтің алдын алудағы ең маңызды қадам, – деді мектеп психологі.

“ТӘРБИЕДЕ КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚТАР”

Өз кезегінде аудандық кітапханада Махам­бет ауылдық округі әкім аппараты және Әкелер мен Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен “Тәрбиеде кездесетін қиындықтар” атты тре­нинг өткізіліп, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі туралы пікірталас өрбіді.

Батыр ана Н.Абдрахманова қазақ әйелінің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін атап өтіп, қазіргі заманда материалдық молшылық болғанымен, балаларға бөлінетін уақыт пен көңіл азайғанын айтты. Ардагерлер Н.Ерғалиев пен Қ.Сатханбаев та бала тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салды. Психолог З.Ықсан қатысушыларға танысу тренингін өткізіп, “Білесіздер – білмейсіздер”, “Түймедақ” ой­ындары ұйымдастырылды. Қатысушылар ойларын ортаға салып, бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын бөлісті. Тренинг соңында бро­шюралар таратылып, ардагер Ғ.Есенғожин домбырамен күй орындап, рухани мазмұнды кешті көркемдеді. Іс-шараны қорытындылаған Әкелер мен Аналар кеңесінің төрағалары пси­холог З.Ықсанға ауылдық округ әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

ТҮЙІН

Буллинг – жеңіл қарауға болмайтын, баланың болашағына терең із қалдыруы мүмкін әлеуметтік құбылыс. Бұл мәселені тек мектептің ғана емес, ата-аналар мен қоғамның ортақ жауапкершілігі деп қарау қажет. Әр бала өзін қауіпсіз, қорғалған және құрметтелетін ортада ғана толыққанды да­миды. Сондықтан отбасында да, мектепте де мейірім мен өзара сыйластыққа негізделген атмосфера қалыптастыру – буллингтің алдын алудағы ең тиімді жол.

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT