«Еңбек даңқының» иегері

Бүгін біз мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы салаға еңбегі сіңген Алға ауылдық мәдениет үйінің директоры Ілес Нұрымұлы туралы да сыр шерткелі отырмыз.

Ілес Нұрымұлы Атырау қаласындағы Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің мәдени демалыс, қойылымдардың ұйымдастырушысы мамандығын алып шыққан. Кейін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка мамандығын тәмамдап, ди­плом алған. Ілестің тағы бір қыры- оның ұйымдастырушылық қабілеті дер едік.

Мәдениет саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесі арқылы тарихы тереңдегі Алға халықтық театрының жұмысын ақсатпай, жылдан-жылға жан бітіріп, алға сүйреп келеді. Бұл оның ұйымдастырушылық қабілеттінің айқын көрінісі. Театрдың штатта жұмыс жасай­тын әртістері болмаса да ауыл ішіндегі талантты жандардың ба­сын қосып, сахнаға тарту, жеке­леп жұмыс жүргізу-театрдың алға қадам басуына зор еңбек сіңірді де­уге толық негіз бар. Әр қойылатын спектакльдегі кейіпкердің басты рөлін өзі сомдап келеді.

Одан бөлек мемлекеттік мере­келерде мәдени іс-шараларды ауыл өнерпаздары арқылы ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне мол үлес қосып жүр. Жастар демалысын тиімді өткізу мақсатында талантты ұрпақтың көзін ашуда көптеген аудандық, облыстық байқау, сайыс, фестивальдарға қатыстырып, өнерін шыңдауға оларды жетек­теп жүріп, талай жастың бағын асырды. Ауыл халқының бірлігін нығайту мақса тынд а өзінің «Көше мерекесі» атты жобалық бағдарламасын құрып, сол арқылы алғалықтар назарына ұсынып жүр. Атап айтқанда ауыл көшелерінен көше алқасын құрып, сол алқада ауыл көлемінде өткізілетін мәдени көпшілік шаралардың жоспа­рын жасақтап, байқау-сайыстар, театрланған көріністер, концерттік бағдарламаларды Алға ауылының жұртшылығына ұсынды.

Мәдениет үйіне танымал әртістерді, өнер жұлдыздарын шақырып, концерт ұйымдастыру сияқты орасан жұмыстарды жүйелі түрде қолға алып келеді. Алға ауылындағы мәдениет ошағында басшылықта жүрген ол заңды жетік меңгерген сауатты маман ретінде мекеменің жан-жақты жұмыс жасауына ықпал етіп келеді. Сондай-ақ Ілес ауылда шешімін күткен кейбір мәселелерде жан- жақтан демеуші тартып, қаржылық қиындықтарының жолын та­уып жүрген іскер жан. Қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында мәдениет үйінде үйірмелер жұмысын жүргізу- қиынның-қиыны. Осы істе де қаладан келісімшартпен сала ма­мандарын алдырып, домбыра, би, вокал тағы басқа үйірмелерді жан­дандырып, қазіргі таңда ақылы үйірмелер ашу арқылы мәдениет үйінің жылдық ақылы қызмет жо­спарын 7 миллион теңгеге орын­дапты. Ілес жастарға адал еңбек етіп, қай жұмыстан болсын қашпау керектігін айтады.

–Ең бастысы әр адамның жұмысқа ынтасы болғаны жақсы. Бала жа­стан еңбекке жақын болдық. Ата- анамыз бізді «еңбектің наны тәтті» деген қазақы тәрбиемен өсірді. Қара жұмыстан қашпадық. Еңбек тұтас қоғамға үлкен мүмкіндік сый­лайды. Әрине, атақ-абырой, бақ- дәулет, толағай табыс өздігінен келе қоймайды. Бұл бірнеше жылдың жемісі, адал еңбектің нәтижесі. Ра­сында да байлық та, бақыт та адал еңбек, маңдай тердің арқасында келеді. Қолға алған жұмысты аяқсыз қалдырмаған дұрыс.талпынсаң тау да басын иеді. Ең бастысы, жігерің жасып, мұратың мұқалмасын. Қоғамның басты байлығы еңбек адамы екенін ұмытпайық,-дейді Ілес бізбен әңгімесінде.

Ілес Боранбай қызмет іне қоса елдің қоғамдық –саяси жұмыстарына да бір кісідей атсалы­сып, қай салаға да қолдау білдіретін азамат. Сайлау науқанына, ауыл әкімінің жұмыс көрсеткіштері, ауыл халқының мәселелеріне қашанда бей-жай қараған емес. Қашанда ортадан табыла білетін абзал азамат екенін білеміз. Ол 15 жылға жуық уақыттай сайлау комиссиясының төрағасы қызметін мінсіз атқарды. Осы жылдар ішінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Алғыс ха­тымен марапатталды. Бүгінде Алға ауылдық округінің «Аманат» партиясы бастауыш партия ұйымы төрағасы. Енді Ілес Нұрымұлының марапаттарына тоқталсақ.

Ілес Боранбай 2023 жылы Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Осын­дай қабілет-қарымы мол, жан- жақты, мәдениет пен өнердің да­муы үшін жанын аямаған білікті басшы Ілес Нұрымұлының жет­кен жетістіктері осындай. Халық «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деп жатады. Ілес еңбекке араласқаннан бері ауыл-аймаққа сый-құрметке ие абы­ройлы азаматқа айналды. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын кішіпейіл, ізетті мінезімен елге болсын дейтін кеңпейіл, адамгершілігі мол, ұстамы биік тұлға деңгейіне көтерілді.

Ілес 1987 жылы Сағида есімді бойжеткенмен шаңырақ құрған. Отбасында Сағида екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде екі ұлы үйленіп, қара шаңыраққа екі келін түсті. Қазіргі уақытта Сағида екеуі 6 немеренің ата-әжесі атанып отырған жайы бар. Зайыбы Сағида ауылда мал дәрігері болып еңбек етеді. Үлкен ұлы АНПЗ-да еңбек етеді, отбасымен Атырау қаласында тұрады. Ортаншы ұлы да АНПЗ-да еңбек етіп, ата-анасымен бірге Алға ауылында тұрса, кенжесі Астанада өнер саласында қызметте жүр.

Ауылдастары Ілесті әулеттің ұйытқысы, сегіз қырлы, бір сырлы ерекше тұлға, шаңырақтың тірегі, кішіге-қамқор аға, үлкенге-ізетті іні, ағайынға жанашыр, қамқор жан ретінде өнегесі мол жан деп біледі.

«Жаңбырмен жер көгерер, бата­мен ер көгерер» демей ме?! Бұл жа­сынан аузы дуалы ақсақалдардың, өзін мәпелеп өсірген ата-анасының алғысы мен батасын алғанының жемісі екені даусыз. Иә, ауыл- аймаққа қадірлі тұлға қашанда елдің құты екені рас.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT