Кез келген мемлекеттің күш-қуатының басты көрсеткішінің бірі саналатын энергетика - ел экономикасының базалық саласы. Сонау кеңес заманынан бері энергетика заңды түрде экономиканың негізгі саласының бірі болды. Сондықтан әр үйдегі жарық пен жылу, техника жұмысы, ХХІ ғасыр адамзаттың өмір сүру мүмкіндігі де осы сала мамандарының жұмысына тікелей тәуелді.
Бүгінде энергетика саласының байырғы ардагері, Сарайшық ауылының тұрғыны Базарбай Рахымұлы - 90 жасқа, жан жары Раева Сағира анамыз 85 жасқа толып отыр.
Таяуда Базарбай атаның мерейтойы қарсаңында Сарайшық ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Салтанат Жағыпарова, Сарайшық мәдениет үйінің директоры Алма Тапақова, аудандық мәслихат депутаты Мейірман Аменов ауылдың абыз ақсақалының қара шаңырағына бас сұғып, еңбек ардагерін мерейтойымен құттықтады.
Базарбай Рақымұлы 1934 жылы туған. Әке-шешесі Изтелеуов Рахым мен Ажар сол кездегі Фурманов атындағы колхоздың маңдайалды малшылары еді. Бұл отбасында 2 ұл, 4 қыз өмірге келген. Әкесі Рахым Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға аттанған.
Базарбай аға 1943-1944 оқу жылында Егізкөл орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, кейін 1948-1949 оқу жылынан бастап Махамбет орта мектебіне ауысқан. Осы мектептің 7 сыныбын бітірген соң Базарбай аға етікшінің көмекшісі болып, еңбек жолын бастаған. 1953 жылы пошта мекемесінде хат тасушылық қызметті де ойдағыдай атқарған. Сол жылдың желтоқсанында әскер қатарына шақырылады. Әскер қатарынан 1956 жылдың желтоқсанында оралған соң 1957 жылдан бастап Базарбай аға Опытное тәжірибе стансасында радист қызметіне орналасқан көрінеді. Сонымен қатар ағамыз 1970 жылы Алматы қаласына барып, «ОККК 50/200» телефон станциясында екі ай білім жетілдіру курсынан өткен. Ол кісі ауданымыздағы 9 совхоздың телефон жүйелерін автоматты қондыруға белсене қатысқан азамат. Тіпті сол автоматты телефон жүйесі қызметінің іргетасын, әрі қарай дұрыс жұмыс жасап кетуіне өз үлесін қосты. Ал 1980 жылы Базарбай Рахымұлы «Озат электромеханик» атанып, аудан көлеміне танылды. Ағамыз Сағира апа екеуі шаңырақ көтеріп, 13 баланы өмірге әкелді. Ауылдың абыз ақсақалы, тыл ардагері Базарбай аға 1997 жылы құрметті демалысқа зейнеткерлікке шықты.
- Базарбай атаны сонау бала кезімізден танимыз. Ол Сарайшық ауылдық байланыс бөлімшесінде монтер болып, ұзақ жылдар бойы жұмыс жасағаны есімде. Сарайшық АТС-де еселі еңбек етіп, асай-мүсейін арқалап, электр бағанасының басында жүргенін көзіміз көрді. Монтер мамандығы қауіп- қатері мол. Кез келген адам бұл мамандықты таңдай бермейтін. Бүгінде осы саладағы мамандар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Кеңес заманында халыққа үздіксіз жарық беру, біршама жарықтандыру бойынша күрделі жұмыстар жүрді. Ауыл халқының жарық алуына жағдай туғызған осы біздің Базарбай атамыз еді, - дейді аудандық мәслихат депутаты Мейрман Әменов.
- Базарбай ағаның - халық игілігі жолында сіңірген еңбегі зор. Ауылымызды жарықпен толық қамтамасыз етудегі адал қызметі – бүгінгі ұрпаққа үлгі- өнеге. Сонау егемендік алған жылдары еліміз бойынша энергетика саласы тоқырауға ұшырап, қараңғы ауылдар көбейген тұстарда Сарайшыққа, ескі Сарайшыққа да күн-түн демей, үздіксіз электр жарығын беруге жұмыстанып, аянбай еңбек еткені ауылдастардың есінде. Зейнеткерлікке шыққанша өз мамандығынан бір сәтке қол үзбеді. Отанасы Сағира анамыз болса, Сарайшықтағы кәсіптік- техникалық училищенің(СПТУ) асханасында, аудандық тұтынушылар қоғамында(райпотребсоюзь), тағы басқа жерлерде жемісті еңбек етті. Бүгін міне, бірі тоқсанның, екіншісі сексен бестің төріне шығып, ел сыйлайтын ардақты ақсақал мен ақ жаулықты әже атанып отыр. Дендеріңізге тек саулық тілеймін, - деді Сарайшық мәдениет үйінің директоры А.Тапақова.
Жалпы Базарбай ата мен Сағира әже – киелі қара шаңырақта 13 бала (5 ұл, 8 қыз) тәрбиелеген абзал жандар. Отбасының бір қызы жастай өмірден озып, қалған 12 баладан тараған ұрпақ бір қауым елдей болғандықтан ата-әжеміз солардың ортасында мейманасы тасып, мәуелі бәйтеректей немере-жиендерінің қуанышына кенеліп отырған жайы бар.
Біз ғұмыр жасы бір ғасырға жақындап қалған тыл ардагері Базарбай Рахимұлына аудан әкімінің құттықтау хатын табыстап, жан жары Сағира анамызға алқызыл гүл шоқтарын, сый-сияпатымызды ұсындық.
Шаңырақтағы емен-жарқын жүздесуде Базарбай ата сонау энергетика, байланыс саласында еңбек еткен жылдарын, бастан кешкен қызықты оқиғаларын сағынышпен еске алып, батасын берді.
М.АМЕНОВ,
Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің мұғалімі, аудандық мәслихаттың депутаты