Еркіндікке ұмтылған елдің тарихы

КЕЗ КЕЛГЕН ХАЛЫҚТЫҢ, КЕЗ КЕЛГЕН ЕЛДІҢ ЕҢ ҚАСИЕТТІ, ЕҢ ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – БҰЛ ТӘУЕЛСІЗДІК. ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ҮШІН 1991 ЖЫЛДЫҢ 16 ЖЕЛТОҚСАНЫ – АЗАТТЫҚТЫҢ АҚ ТАҢЫ АТҚАН КҮН. ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ ЖЕҢІЛ БОЛҒАН ЖОҚ. БҰЛ ЖОЛДА АТА-БАБАМЫЗДЫҢ САН ҒАСЫРЛЫҚ КҮРЕСІ, КЕШЕГІ ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ, ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ЕРІК-ЖІГЕРІ, АУЫЗБІРШІЛІГІ МЕН ТАБАНДЫЛЫҒЫ ЖАТЫР.

ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

1986 жылдың желтоқсанында қазақ жастары Алматының алаңына шығып, өз елінің болашағы мен құқықтары үшін наразылық білдірді. Сол кездегі Кеңес Одағының өктем саясатына қарсы көтерілген бұл толқудың негізінде әділетсіздікке төзбеген ұрпақтың ұлттық намы­сы тұрды. Желтоқсан көтерілісі тәуелсіздіктің жақындағанын аңғартып, ұлттың рухани жаңғыруының бастамасы болды. Бұл оқиға қаншалықты қайғылы әрі ауыр болса да, қазақ халқының қайсар мінезін, елдікке деген ұмтылысын көрсетті. Желтоқсан құрбандары – Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхаметжанова сынды жастардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

1986 жылдың қаһарлы күндерінен бері көп уақыт өткенмен, саяси бас көтеру оқиғасы ұмытылған жоқ, керісінше, маңызы артып келеді. Жазалаушылар демонстранттарды бір жайпап өтіп, көптеген қыз-жігітті «жедел жәрдем» әкеткеннен кейін, алаңның төрт шетінде лаулап өртеніп жатқан жылжымалы милиция бекеттерінің ортасында дөңгелене шоғырланған жастар бар дауыспен: «До-лой, Кол-бин!», «Жа-са, қа-зақ!» деп ұрандатты. Осы қарапайым қос тіркеске қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі тоқылған еді.

«Желтоқсан эпопеясы» кітабының авторы Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы шын мәнінде біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан, біздің бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау»,– де­ген екен. Алғаш рет 20-сыншы жүзжылдықтың басында туып, қилы кезеңдерді бастан кешкен жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысына ғасыр соңына қарай жаңа серпін берген жастардың Желтоқсан көтерілісі осы уақытқа шейін саяси бағасын алған жоқ.

1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны» қабылдады. Бұл құжат Қазақстанның дербестікке қарай жасаған алғашқы ресми қадамы болды. Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республика- сының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңын қабылдап, қазақ елі әлемге тәуелсіз мемлекет ретінде танылды. Бұл тари­хи күн тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды оқиға бол­ды. Өйткені Кеңес Одағы ыдырап, жаңа егемен елдердің пайда болуы жаһандық саяси жүйенің қайта құрылуына себепші болды.

АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­ры ел үшін оңай болмады. Кеңес Одағының ыдырауы экономикалық дағдарысқа, өндіріс ошақтарының тоқтауына, жұмыссыздықтың көбеюіне алып келді. Халықтың тұрмысы төмендеп, көп адам өз от­басын асырау үшін күрделі жағдайда өмір сүрді. Егемендіктің алғашқы онжылдығында қиындықтармен бірге жағымды жаңалықтар жүрмеді емес, жүрді. Экономикалық жағдайға қарамастан елдігіміз нығайды, халықаралық дәрежедегі беделіміз арта түсті.

Кеңес үкіметі заманында ядролық қару ошағы болып Қазақстан таңдалды. Ал держава ыдырағаннан кейін атом бомбасының қуаттылығы бойынша еліміз әлемдік тізімде 4-орынға жайғасты. Бізбен өз пайдасы үшін достасқысы келген мемлекеттер ниет білдірді. Барлығы ядролық қару үшін ақша беріп, экономика жағынан мығым қолдау көрсетеміз деген уәделерін үйіп- төкті. Бірақ, Қазақстан дәл сол сәтте басты құндылығы, яғни халқы үшін қауіпсіз жолды таңдады. Бұл – Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы көрініс. Қуаныш та, қиыншылық та мұнда болды. Бірақ, халық пен мемлекет бірігіп, барлығына төтеп берді.

Сол жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдің егемендігін нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды реформалар жүзеге асты. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран қабылданып, Ұлттық валюта – теңге енгізілді. 1990 жылдардың соңына қарай ел экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. Қазақстан мұнай-газ, металлургия, ауыл шаруашылығы сияқты негізгі салаларда қарқынды дамуды бастады. 2000-жылдардан бастап ел экономикасында тұрақты өсім байқалып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарды.

ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ РӨЛІ АРТТЫ

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан әлемдік аренада дер­бес мемлекет ретінде мойындалды. Қазақстан өзінің Конституциясын қабылдап, мемлекеттік рәміздерін бекітті. 1995 жылы еліміздің негізгі заңы – Конституция қабылданып, демократиялық негіздегі басқару жүйесі құрылып, саяси дербестікке қол жеткізді.

Кеңестік жоспарлы экономика­дан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылып, Ұлттық валюта – теңге енгізілді, бұл экономикалық дербестікке жол ашты. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында 180-нен астам елмен дипломатиялық қатынас орнатып, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО секілді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Қазақстан Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан ел ретінде халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды.

Қазақстан тәуелсіз ел екенін дәлелдеп қана қоймай, өзін әлемге сенімді әрі беделді мемлекет ретінде көрсете білді. Ел астана­сын Алматыдан Астанаға (қазіргі Астана) көшіру – мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы маңызды қадамдарының бірі. Бұл шешім Қазақстанның жаңғыруының, болашаққа деген сенімінің нышаны­на айналды. Астана XXI ғасырдағы заманауи қалалардың үлгісіне айнал­ды. Қазақстанның «Жасыл энергия» тақырыбында өткізген халықаралық көрмесі елдің жаһандық мәселелерге үлес қосуға дайын екенін көрсетті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізіп, бейбітшілік пен толеранттылықты насихаттауда маңызды рөл атқарды. Экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылығының арқасында Қазақстан аймақтағы ең ықпалды елдердің бірі болып танылды.

Тәуелсіздікті қадірлеу және оны келер ұрпаққа аманат ету үшін келесі шаралар жүзеге асырылу­да. Мектептер мен жоғары оқу орындарында тәуелсіздік тарихы мен Желтоқсан оқиғаларына арналған арнайы пәндер енгізілген. Тәуелсіздік күні мен басқа да ұлттық мерекелердің маңызы ерекше атап өтіледі. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сияқты бағдарламалар ел тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталған. Желтоқсан көтерілісіне және басқа да тарихи оқиғаларға арналған ескерткіштер салынды.

Тәуелсіздік бізге өз болашағымызды өзіміз айқындауға, ұлттық мүдделерімізді қорғауға мүмкіндік берді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында зор жетістіктерге жетіп, өзін әлемге бейбітсүйгіш, тұрақты әрі болашағы зор мемлекет ретінде танытты. Бұл тәуелсіздік жолындағы қажырлы еңбек пен ұлттық бірліктің жемісі. Ендеше, осы қасиетті құндылықты сақтау – әрбір қазақстандықтың парызы. Тәуелсіздік тарихын білу және оны келер ұрпаққа жеткізу арқылы ғана біз болашағымызды жарқын ете аламыз.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT