Кездесу де – бір бақыт

Фото: zh-shugylasy.kz

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлер кеңесімен бірлескен «Қарттарымыз - асыл қазынамыз» атты кездесу кеші өтті. Кешке облыстық ардагерлер кеңесі, ауылдық округ ардагерлер ұйымының төрағалары мен әйелдер кеңесінің төрайымдары, зейнеткер­лер қатысты.

Кездесуді Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешев ашып, барша ардагерлер қауымын жаңа жылмен құттықтап, дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық тіледі. Одан әрі бір топ еңбек ардагерлерін түрлі орден-медальдармен марапаттауға көшті. Атап айтсақ, еңбек ардагері Айса Салтанов «Сұлтан Бейбарыс» медалімен марапатталса, ардагерлер Жо­лай Түгелбаев, Жолдас Шағылбаев «Аты­рау облысының ардақты ардагері» медалін кеудесіне тақты. Ақжаулықты аналар Райхан Кабдыкаримова, Қазима Бисенба­ева, Сұлушаш Қайрекенова, Мерует Маха­нова «Ардақты ана» медалін иеленді. Біраз уақыттан бері ауданымызда қайырымдылық істермен айналысып жүрген алғалық жас кәсіпкер Серікова Альбина Жанкелдіқызына «Мейірімді жүрек» медалін табыстады. Төраға салтанатты жағдайда аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевқа да «Сұлтан Бейбарыс» медалін тапсырды. Сонымен қатар, аудандық аурухананың ардагерлер палатасына Кварц аппаратын (кварц циркулятор) сыйға тартты. Күйші З.Ещанованың «Каспий толқыны» күйін «Шашу» ұлттық аспаптар ансамблі күмбірлете орындап, әдемі кештің көркін аша түсті.

Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Самат Жайлашев та өткен жыл ішінде атқарған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Шара барысында ардагерлер Бағытжан Кенжеғалиев, Ғалия Лұқпанова, Мәншүк Жа­ленова, Роза Сүгірова, Клара Көптілеуова, Ал­тынай Төлешова аудан әкімінің «Алғыс хаты­мен» марапатталса, еңбек ардагерлері Ғиззат Есенгужин, Болат Бекешов, Әділхан Мұхтаров «Дауылпаз» медалін кеудесіне тақты. Аты­рау облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрайымы, депутат Гүлмира Сабырқызы да ардагерлерді құттықтап, өзі де қасиетті Махамбет жерінде өмірге келгенін, қашанда қазыналы қарттардың орны ерекше екенін атап өтті. Аудандық мәслихат төрағасы Қайыржан Мәжиев еңбек ардагерлері Абат Мырзашев, Самат Уалиев, Қалығыз Көшкінбаеваны «Алғыс хатпен» ма­рапаттады.

«Шашу» ұлт аспаптар ансамблінің әншісі Ғалия Лұқпанова «Қазақтың дастарханы» әнін тамылжыта шырқаса, Жайлашев­тар отбасылық ансамблі «Маржан қыз» әнімен көпті өзіне баурап алды. Сонымен қатар, Сарайшық ауылдық округі ардагер­лер кеңесінің төрағасы Қадим Сисенғалиев, зейнеткер Қазима Бисенбаева, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері Ұзақбай Төлегенов те ақжарма тілектерін білдірді. Соңғы кездері ардагерлерге бар жағдай туғызылғанын еске алып, тағылымы мол кеш сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды. Әнші Роза Сүгірованың «Ақжайықтың еркесі», зейнеткер Клара Көптілеуованың халық әні «Сәулем-айды» орындауы да тыңдармандар жүрегінен биік орын алды. Жезтаңдай әнші Али Тулеуовтің шырқаған «Атамекен» әнімен кездесу кеші өз мәресіне жетті.

Ауданның қолөнер шеберлері Ж.Мұғауова, Қ.Көшкенбаева, Р.Кабдикаримованың қолдан тіккен көрпелері, тоқыған киім-кешектері, тағы басқа бұйымдарынан қолөнер көрмесі де ұйымдастырылған екен.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT