Талайдың тағдырын тәлкекке салған зардабы ауыр сұм соғыстың аяқталғанына 35 жыл деп, тарих беттеріне үңіліп отырмыз. Газетімізде арнайы айдар ашқаннан бастап, осы топырақта туып-өсіп, майдан даласына кебенек киіп аттанып, денесі мырыш табытпен әкелінгендер мен түрлі жарақат алып аман-есен елге оралған жерлестеріміз жайлы мәлімет беріп келеміз. Елге аман оралғанымен, бүгінде о дүниелік болғандары қаншама? Ай артынан ай, жыл артынан жылдар өте берер, алайда Отан алдындағы антына адал болып, Ауған жерінде азап шеккен жауынгерлер ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінен жүргізуші және балық қорғау инспекторы мамандығын алған бойда оны Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Кабул қаласына әскери борышын өтеуге жібереді. Ол небәрі жиырма жасар Серік Бекқалиев Жақсылықұлы еді.
Ауғанстаннан 1981 жылы маусымда елге оралып, 1982 жылы балық қорғау инспекторы болып жұмысқа орналасып, осы салада ұазқ жыл еңбек етті. 1983 жылы отбасын құрып, 3 баланың әкесі атанды.
«Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20 жыл» медальдарымен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған Серік Бекқалиев 2008 жылы өмірден өтті.
Серік Бекқалиев секілді оқуын аяқтаған жылы әскер қатарына шақырылғандар көп еді. Солардың бірі Төлеп Есенов Амандосұлы 1961 жылы 26 шілдеде Махамбет ауданына қарасты Қонақат елді мекенінде дүниеге келген.1978 жылы Таңдай орта мектебін бітіріп, Сарайшық селосындағы кәсіптік-техникалық училищені автокөлік жүргізушісі мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін, 1980 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Украина Республикасының Харьков қаласында оқу-жаттығу дайындығынан өтеді. Сол жылдың қараша айында бір топ жолдастарымен бірге Ауғанстан Республикасына аттанған. Кабул мен Термездің арасында Камаз автокөлігімен Ауғанстанға қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге арналған колоннада өзінің әскери борышын өтейді. Елге оралған соң Таңдай селосы шаруашылығының өрге басуына өзінің үлесін қосқандардың бірі. Сол еңбектері үшін бірнеше мақтау грамоталарымен марапатталған. 1989 жылы Бұрыш Үмбеталиевамен отбасын құрып, 3 ұл, 1қыз тәрбиелеп, өсіреді.
Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғанымен жауынгер 2016 жылы 9 мамырда ұзақ науқастан кейін дүние салды.
Өзге қаруыластары секілді Төлеп Есеновке де «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20, 25 жыл» медальдары мен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасы берілген.
1985 жылдың мамыр айынан 1987 жылдың мамыр айына дейін Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеген Мәлік Мұханбетов Жолдасұлы.
1965 жылы 5 желтоқсанда Махамбет селосында дүниеге келген ол 1983 жылы М.Өтемісов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін құрылыс мекемелерінде жұмыс жасайды. Елге оралғаннан кейін 1987-1988 жылдары Атырау қаласында қалалық ішкі істер бөлімінде, 1988-1992 жылға дейін Құлсары қаласы Ембі ауданында аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасаған. Кейінгі 1992-2005 жылдары кәсіпкерлік саласына бет бұрады.
«Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Әскери қызметі үшін медальдарымен марапатталған Мәлік Мұханбетов небәрі 41 жасында өмірден өтеді.
Ауған соғысы ардагерлерінің мұражайында өмірбаяны, басқа да деректері мен фотосуреттері қаз-қатар тізіліп тұр. Солардың қатарында Мәлік Габуллин Нағымұлының есімі бар. Махамбет ауылының тумасы Мәлік Габдуллин 1967 жылы 16 қазанда дүниеге келген. 1985-87 жылдары Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында Герат қаласы маңындағы 5- ші мотоатқыштар дивизиясының 12-ші мотоатқыштар полкінде әскери борышын өтейді. 1987 жылы ауыр жараланып госпитальға түскен.
Елге оралған соң еңбек жолын Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінен бастаған. 1988-1993 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде білім алған ол 1993 жылы Балықшы аудандық сотының әкімшілік судьясы, 1994-2001 жылдары Балықшы аудандық сотының төрағасы лауазымында қызмет атқарады. Ал 2002 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Соты жанындағы Сот алқасының мүшелігіне сайланды. Осы саладағы табысты еңбегінің нәтижесінде 2005 жылы Атырау облысы бойынша «Жылдың үздік судьясы» атағын жеңіп алды. Сонымен қатар, 2001-2007 жылдары Атырау қалалық 2-ші соттың төрағасы, 2009- 2010 жылдары Атырау қалалық соттың төрағасы болды.
Бір айта кетерлігі, Мәлік Габдуллиннің жұбайы Мөлдір де заңгер. Отбасында бір ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген ардақты әке 2014 жылы қайтыс болды.
Айта кетейік, Мәлік Габдуллин «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15,20, жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Сот жүйесінің Құрметті қызметкері» медальдарымен, «Үш би» Құрмет белгісімен, көптеген Құрмет грамотасымен марапатталған.
1967 жылы 1 қаңтарда Махамбет ауданына қарасты 11 ауылда дүниеге келген Мақатбай Тұңғатаров Кеңесбайұлы да Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында әскери борышын өтеген.
Ол 1983 жылы Ортақшыл ауылындағы Фурманов атындағы орта мектепті бітірген соң, 1984 жылы КСРО Қарулы Күштері қатарына Махамбет аудандық әскери комиссариатынан шақырылған. Ашхабат қаласынан алты айлық әскери дайындықтан өтіп, Кандагар қаласында әскери борышын өтеген.
Мақатбай Тұңғатаров та «Интернационалист жауынгерге ауған халқы атынан», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 15 жыл» медальдарымен КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының грамотасымен марапатталған.
«Отан алдындағы борышымды адал атқарамын» деп мыңдаған жас азаматымыз жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандасымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Елге оралғандарының қатары да бүгінде сиреп қалды. Жоғарыда есімі аталғандардың барлығы мәңгілік сапарға аттанды. Өлгендер қайтып келмейді, десек те, олардың ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, есімдеріне құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.
Б.САПАРОВА