Келінім – керегемнің айнасы!

Қоғамымыздағы қазіргі үлкен проблема келін мен ене қарым-қатынасы десек, ақиқаттан онша алыс кетпейтін болармыз, сірә? Жасым сексеннен асқан шақта осы тақырыпта ой қозғап, қалам тербегенді жөн көрдім.

Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, Қазақстан бойынша өз-өзіне қол жұмсаудан, ажырасудан, некесіз бала туудан әлемде 3-ші орындамыз. Дүниеге келген баланың 22%-і некесіз туылады екен. 8000 сәби шетел азаматтарына сатылып кеткен. Өмірге мүгедек бала әкелуден де алдымызға жан салмаймыз. Жастардың 80%-ға жуығы әскерге жарамсыз, осылай жалғаса береді. Мұның бір жағы экологиялық жағдайларға байланысты болса, екінші жағынан ата-анаға, әсіресе, бала тәрбиесіне қатысы бар деп ойлаймын. Сонымен айтпағымыз...

Келін. Кешегі ата- анасының үкідей үлбіретіп, өсіріп, оқытқан, өнегесін үйретіп, еркелеткен қызы. Бүгінде бір азаматтың сүйген жары, ата-енесінің көптен күткен келіні, балаларының анасы. Ертең ол келін сол әулеттің тірегі, ақылшысы, немерелерінің әжесі атанады. «Қыз өз әулетінің гүлі, барған жерінің айнасы». Ертеден келе жатқан дәстүрге байланысты біздің қазақта келінді тәрбиелеудің жақсы әдістері болған. Ене келініне іштей елжіреп тұрса да, барынша қатты қараған. Оны: «келінді ширатып алу» дейді. Осыны келіндер дұрыс түсінбегендіктен ене мен келіннің арасында келіспеушілік туып, ерлі-зайыптылардың ажырасуына дейін соқтырып жүр. Бұл алдымен қыздың әке-шешесінен кеткен кемшілік пе деп ойлаймын. Біздің елімізде 100 некенің 27-сі ажырасады екен. Бұған жеңіл жүрісті қыздарды көшеден кездестіріп, алып келу, интернет арқылы танысып, некелесу тағы басқалардың да себебі бар.

Менің айтпағым, осы мені бағып отырған қолымдағы келінім Нұрғожа Гүлнар Хасанқызы туралы болмақ. Серігім осы Гүлнарға отыз жастан асып барып үйленді. «Қарағым–ау, жасың жетті, енді бізге келін әкеліп қуантпайсың ба?» дегенімізде: «маған қыз көп, сендерге үйлесетін адам қарап жүрмін» - дейтін. Алланың бұйрығымен болар қазір шаңырағымызға осы Серік пен Гүлнар ие болып отыр.

Гүлнар біздің шаңыраққа еліміз егемендік алғаннан кейінгі ең қиын кезде келін болып түсті. Ақша ауысқан, еңбекақы, зейнетақы аз әрі мезгілімен берілмейтін, жұмыс орны қысқарып, жұмысқа тұру да оңай болмайтын кез еді. Солай бола тұрса да, етінің тірлігінің арқасында жоғары білімді келінім мемлекеттік қызметке орналасты. Өмірге немерелер келе бастады, отын тапшы, үйді жылы ұстауда оңайға соқпайтын. Қандай жағдай болса да шыдадық. Үйде қарап отырмайын, қолғабыс жасайын деген ниетпен жұбайым Кербез ауыл әйелдерімен бірге екі-үш жылдай ала дорбасын арқалап, саудаға шықты. Менің де жағдайым онша жақсы болмады, он жылға жуық емделумен жүрдім. Адам болғасын қуаныш пен қайғы қатар жүреді ғой. Гүлнардың анасы, сіңлісі, інісі өмірден өтті. Барымызша ауыр қайғыны бөлісуге тырыстық. Өмірдің өзі адамды шыңдайды. Келін мен ене арасындағы татулық отбасымызды одан сайын жылыта түсті.

Екі келін Гүлнар мен Гүлсім жарық дүниеге көрінген жапырақтарымен сегіз жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті тірлік кешті. Кенже бала Бейбіт пен Гүлсімге енші бергенде екі келін жылап айырылысты. «Абысын тату болса, ас көп» дегендей, әлі де кездесе қалғанда шұрқырасып көрісіп, білекті сыбанып, үй шаруасына кірісіп кетеді. «Татулыққа жететін ештеңе жоқ» деп үнемі айтып отырамыз. Келіндерімнің оғаш мінезін көргенім жоқ. Сондықтан болар құдалардың ауылына барғанда келіндерімнің жақсылығын айтып отырамын. Бұдан 15 жыл бұрын құдаларымның ауылына барғанда Гүлнардың жақсы жақтарын айтқанымда бір құда: «келінін мақтаған адамды бірінші рет көріп тұрмын»- деген еді. Шындығында да әйелін мақтаған, келінін мақтаған мақалаларды баспа беттерінен сирек көреміз. Біздің қазақ : «Әйелін мақтаған еркектен без», «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» дейді. Солай бола тұрса да ақын –жазушыларымыз ақылы асқан әйелдерге өз бағасын берген. З.Қабдолов, А.Әшім өз әйелдері жөнінде естеліктер жазған.

Қазір бойдан күш кетіп, әлсіреген, сексеннен асқан кезімде Гүлнар келінімнің қамқорлығын қатты сезінудемін. Ол «ағайынмен жақсы болғың келсе, қазанды бол» - деген ұстанымды жақсы ұстайды, амандаса келген ағайын - тума дастарханнан дәм татпай кетпейді. Сол қасиетімен де ағайынға қадірлі. Гүлнардың жары Серікке құрмет көрсетуі, бала тәрбиесіндегі үлгілі еңбегі менің көңіліме қонады. Бәрін көзім көріп отыр. Бұдан үш жыл бұрын о дүниелік болған енесінің орнын жоқтатпауға тырысып келеді. Сол үшін де ризамын. Жоғарыда айтылған статистикалық мәліметтерді азайту Гүлнар сияқты келіндердің қолында. Бәрі тәрбиеден басталады. Өзінің әкімшіліктегі (мемлекеттік қызметкер) жұмысы да адам тәрбиесімен байланысты ғой. Түрлі шаруаларымен келінімнің алдына келген адамдар үйлеріне риза болып қайтады. Қайсыбіреулері маған телефон шалып: «анау әкімдікте істейтін сіздің келініңіз бір мың болғыр бала екен, бар мәселемді шешіп берді» деп мақтау айтып жатады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бұған қалай қуанбассың? Менің де кәрі жүрегім елжіреп, бір марқайып қаламын. Гүлнар келін «Тәте» деп шаруа айтса, «жарайды»- деп үнемі келісім берем. Қазір ешнәрсеге араласпаймын. Бірақ ол да менімен ақылдасады. Сондықтан мен бақытты өмір кешіп жатырмын деп сеніммен айта аламын.

Жақында Гүлнардың туған күні болып, отбасылық қуанышымызға Гүлнардың бауырлары келді. Жақсылығын паш еттік. Сол кезде ата мен келін арасындағы сыйластық туралы неге танымдық, тәрбиелік мәні бар мақала жазбасқа деген бір ой келіп еді. Әрине, ата-енені бағып-күту келіннің тікелей міндеті, оның несін жазып отыр деп біреулер жазғыруы да мүмкін. Бірақ қазіргідей жаһандану кезінде мейірім мен жылылық азайып бара жатқандығын да естен шығармауымыз керек. Келін зерделі болса, ата-енесін түсінсе, көп нәрсені ақылға салып ойланса, ол үйде береке-бірлік болады. Қиындықтарды жеңеді, шаңырақтары шайқалмайды.

Базар ӘМІРҰЛЫ,

«Жайық шұғыласының» тұрақты оқырманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521