«Қайран менің жүз жасаған жеңешем!»

Тағдыр басқа салса, не шара, бәріне де көнесің. Сол тағдырдың жазуы болар, Айша жеңешемнің басына нелер келіп, нелер кетпеді десеңізші!

Он екі жасында әке-шешеден айырылып, бір қапаланса, арқа сүйер ағасын шошақ бөріктілер көз алдында атқанда өлі денесін құшақтап, өксігін баса алмай қалды.

Тірі адам тірлігін жасайды. Пысықтығы мен алғырлығының арқасында елмен бірге күн көрді. Ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының ұйғарымымен тұрмыс құрды. Бір азаматқа жар болды, ұрпақ сүйді. Кешегі ел басына түскен соғыс ауыртпалығын да бір кісідей көтерді. Колхоздың жұмысын ауырсынбай, білек сыбана еңбек етіп, өз қатарластарының алды болды. Еңбекқорлығымен, белсенділігімен танылды. Бірақ құдай қосқан қосағынан, енесінен айырылып, бар сенері қызы Ендіғойына қарап қалды. Ол анасының қасы мен қабағына қарап, інісіне қамқор болды. Әкесі мен анасы сияқты қажырлы, қайратты болып өсті. Жасынан еңбекке араласты. Совхоздың алдынғы қатарлы озат егіншісі, сол кездегі комсомол бригадасына «звено» болды. Інісі ержеткен соң үйленіп, анасы мен апасын бір қуантты. Ендіғой да өзінің сыңарын тауып, анасын інісі мен келініне аманаттап, тұрмысқа шықты. Айша жеңешемнің қуанышы қойнына сыймай, Ендіғойына ақ батасын беріп, қызын құтты орнына қондырды.

Бала мен келін, немере қызығына бөленген ана көңіліне бір шаттық ұялаған еді. Бірақ тағдырдың жазуы болар, ойда жоқта бала мен келінінен айырылып, қайран жеңеше ботадай боздап, төрт немересін құшақтап қала берді. Жер орта жастан асқан анаға бұл оңай тимеді. «Тағдырдың басқа салғаны осы болса, мен көндім»,- деп үлкен қызы Қалжирашының қолына барды.

Қырық жыл мекен еткен елін, жерін, абысын-ажынды, ағайынды қиып кету оңай ма?! Бірақ жеңешем оған мойымай «Алла амандық етсе, келіп тұрамын ғой», - деп ауылдастарымен қимай қоштасты.

Немерелерін мектеп интернатқа беріп, өзі солардың тілегін тілеумен болды. Олар да әжелерінің ойын сезгендей, оқуларын ойдағыдай аяқтап, бір-бір мамандық иесі атанды. Сыңарларын тауып, бір-бір үйдің тұтқасын ұстады.

Бірде жеңешемді іздеп Атырауға бардым. Нұрсая мөлтек ауданындағы бой түзеген әдемі үйлерден әрең тауып алдым. Сөйтіп, үйге кірсем, ақ жеңешем айдай болып, жарқырап алдымда отыр екен. Сағынып келген жеңешемді құшақтап, көрістім.

Бір барғанымда жеңешем әңгіме арасында "Әй, Тілеген, мен адасып қалмайын" - деген болатын. Жеңешемнің бұл сөзі маған аманаттай сезілді. Сөйткен менің жеңешем жасы жүзге жетіп, немере-жиендерінің арасында жүз жасын тойлап, бір шаттыққа кенелді. Осындай жасқа келіп, бақытқа кенеліп, жүз жасауында қыз-күйеулерінің, жиендерінің, немерелерінің әжесіне деген ыстық ықыластары болса керек.

Тілеген ҰЗАҚБАЙ,

еңбек ардагері.,

Алға ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT