Аудандық отбасын қолдау орталығында Махамбет ауданы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды. Онда мемлекеттік қызметкерлерді оқыту жүйесі аясында гендерлік саясатты іске асыру барысы, аудандық полиция бөлімі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның құрбандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар, аудандық отбасын қорғау орталығы және жастар ресурстық орталығының гендерлік саясат саласындағы жұмыстары туралы, репродуктивті денсаулық қызметкерлерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында тиісті мекемелердің атқарған шаралары туралы мәселелер көтерілді.
Бірінші мәселе мемлекеттік қызметкерлерді оқыту жүйесі шеңберінде гендерлік саясатты іске асыру барысы туралы аудан әкімі аппаратының кадр қызметі және персоналды бағалау бөлімі басшысы Динара Уташева баяндады. Бөлім басшысының ақпаратына сүйенсек, ауданымызда 15 мемлекеттік қызметшінің 11-і – әйел адам. Гендерлік саясатты жүзеге асыру мақсатында 20 көшпелі семинар өтіп, оған 32 мемлекеттік қызметші қатысқан.
Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесі бастығы, полиция майоры Дастанбек Расулиев полиция бөлімі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның құрбандары құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар жөнінде тоқталды.
Бүгінде тұрмыстық зорлық- зомбылықтан қорғау жөнінде мобильдік топ құрылып, ауылдық округтерді аралап, семинар, акциялар өткізуде. Жалғансай, Алға, Таңдай, Ақтоғай ауылдарының саябақтарында арнайы баннерлер ілінген. Бұрын жәбірленуші өзі арыз берсе, қазіргі уақытта көршілері, тіпті жәбірленушінің өзі қоңырау шалып жатады. Соңғы кездері арыз қоңыраулар арқылы да қабылданады,- деді жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Д.Расулиев.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Аруев та оның сөздерін толықтырып өтті. Яғни, соңғы кездері заңдағы өзгеріске сай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпарат қоңырау арқылы тіркелсе де, қылмыс болып есептеліп, іс сотқа жіберілетінін айтты. Сонымен қатар, аталған іс бір жыл бойы ашық тұрады және салдарынан айыпталушы еш жерге жұмысқа кіре алмайтын болады.
Аудандық аурухана басшысы Сержан Сандыбаев емханада есепте тұрғандар арасында да зорлық- зомбылыққа ұшырап, оны жасыратындар да барын атап өтті. Мұндай жағдайда мамандар жақын туыстары, болмаса көршісі шағым түсірсе де болады деген кеңес айтты. Бас дәрігер репродуктивті денсаулық қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында тиісті мекемелердің атқарған шараларын да баяндады:
«Дені сау ұрпақ-жарқын бола- шақ кепілі» жобасы халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған жобасы, Талдыкөл ауылында 15-19 жастағы жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, өтпелі кезеңнің алдын алу туралы ақпарат тарату, ерлер денсаулығы, отбасын жоспарлау, гормоналды әдістер, денсаулығында кінәраты бар әйелдер, 18-ге толмаған қыздарда жатыр мойны обыры туралы 15 іс- шара өтті. Онкологияға қатысты мамандармен 2305 шара өтіп, оған 55 жас қатысты. 15-18, 18-45 жас аралығындағы жүктілікке қабілеті бар әйелдермен түсіндірме семинары ұйымдастырылды. Бүгінде аудандық ауруханада 15-18 жастағы жасөспірімдер вакцинасы 107 қызға салынды. Жалпы саны 218 қыз тізімде бар,-деп атап өтті аудандық емхана басшысы С.Сандыбаев.
Аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Алмас Ұзақбайұлы гендерлік саясат бойынша орталықтың қатысымен атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бүгінде орталық мамандары мобильдік топпен бірлесіп 9 ауылдық округті аралап, жадынама таратқан. Күні бүгінге дейін 47 өтініш түсіп, оның қиын жағдайға байланысты 22- сі анықталып, 3 отбасының мәселесі шешілгенін атап өтті. Пәтерақысын төлей алмағандықтан тұрып жатқан үйінен шығып қалған 2 баласы бар әйел сүйемелдеуге алынғанын да жеткізді. Сонымен қатар, орталықтың ықпалымен тағы бір әйелдің волонтерлер арқылы 4 айлық пәтерақысы төленіп, үйі апаттық деп танылған 1 топ мүгедектігі бар азаматтың, мерзімі өтіп тоқтап қалған құжаттарын қалпына келтіріп, жәрдемақысын қайта тағайындауға көмектескен. Көп балалы анаға бір реттік көмек, тұрғын үй кезегіне тұрған жалғызбасты ананы орталық сүйемелдеуіне алу, жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастыру сынды жұмыстар да өз ретімен атқарылып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қайырымдылық кеш, «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» бейнеролигі, Алға, Ортақшыл, Ақжайық ауылдарындағы «Қолдың ізі» атты акция, заңгерлік кеңестер де отбасын қолдау орталығының осы бір жылға жетпейтін уақытта іске асырған жұмыстары.
Комиссия мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Шынар Измагамбетова соңғы кездері обыр аурулары көбейгенін және жасөспірімдер екпесі жөнінде ақпаратты кеңінен таратып, екпе алған адамдардың пікірін желі арқылы таратса деген ұсыныс айтты.
Аудан әкімінің орынбасары М.Ербөлек те обыр ауруының алдын алу туралы түсінік жұмыстары сәл солқақтау, ал, тұрғындар скринингтен қашып, ауруын жасырып жүргенін айтты. Осы ретте жасөспірімдер екпесі туралы, обырды жеңген адамдармен тікелей эфирді ЛЭД экраннан көрсетсе деген ұсынысын ортаға тастады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына онлайн кеңес беру, топ бойынша гендерлік саясатты іске асыру жұмыстарын жүргізу, гендерлік саясат тиімділігі, консультациялар алу, гендерлік теңдік, зорлық-зомбылық, жастар арасында денсаулық туралы, теңдік мәселесін әлеуметтік желіге салу, жүктілікті жоспарлауға кеңес, әсіресе, жасөспірімдер арасында насихат жұмыстарын күшейту керек деді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА