Ауылдағы мәселелер – депутаттар назарында

Ауданға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Aуыл» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Саурықов ауыл-аймақтағы ірі кәсіпкерлік нысандарын аралап, жергілікті халыққа медициналық қызмет көрсететін аудандық емхана және өрт сөндіру бөлімдерінің жұмыстарымен танысты. 

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов алдымен құс етін өндірумен және өңдеумен айналысатын ауданға қарасты «Meken Chicken» құс фабрикасының жұмысымен танысты. Мұнда заманауи технологиялар енгізіліп, толық циклді өндіріс жүйесі жолға қойылған. Мекеме өнімдерін ішкі нарыққа жеткізіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 90% дайын.  Зауыт жылына 4000 тонна бройлер құсын өндіруге қабілетті. Бүгінгі таңда бройлерлерді бордақылауға арналған 4 ғимараттың құрылыс бөлігі толықтай аяқталып отыр. Кәсіпорын басшылығы өндірістік қуат, жұмысшылар саны, нарықтағы сұраныс пен экспорттық әлеуетке қатысты мәлімет берді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – ел экономикасының басым бағыты екенін атап өткен депутат Ерболат Саурықов осындай өндіріс орындарына мемлекет тарапынан қолдау алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.

Бұдан соң балық шаруашылығымен айналысатын «А-Дана» шаруа қожалығына ат басын бұрды. Алдағы тамыз айында іске қосылғалы отырған балық өсіру кешенінде жылына 7 млн. дана шабақ, 10 тонна тауарлық балық өндіріліп, 15 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Шаруашылық жетекшілері өндіріс көлемі, балық түрлері, жабдықтау мәселелері мен өнім өткізу нарығы туралы баяндап, мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділік бойынша бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Депутат Е.Саурықов ауданға жұмыс сапары аясында аудандық емханаға және оның құрамындағы күндізгі амбулатория бөліміне барып, медициналық мекемені аралады. Медициналық қызметкерлермен әңгімелесу барысында кадр тапшылығы, құрал-жабдықтардың жаңартылуы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі жөніндегі мәселелер төңірегінде сөз болды. Ерболат Саурықов медицина – мемлекеттің басым бағыты екенін атап өтіп, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол айтылған ұсыныстар мен проблемалық мәселелер назарға алынатынын және оны шешуге жұмыстанатынын жеткізді.

Осыдан тура екі ай бұрын Махамбет ауылында №11 өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты ашылған болатын. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарының кең көлемде орындауға арналған Жайық өзенінің жағасында орналасқан нысанға мәжілісмен арнайы барып, мұндағы өрт сөндірушілердің күнделікті жұмысы, техникамен қамтамасыз етілуі және кадрлық құрамымен танысты. Бөлімде барлығы 28 адам қызмет жасайды, 4 өрт сөндіру техникасы, 2 арнайы техника, АБР және "Трэкол" машинасымен жабдықталған. Депутат сала мамандарының қауіп-қатермен тікелей жұмыс істейтінін айтып, олардың еңбегі әрдайым назарда болуы керектігін жеткізді.

Б.САПАРОВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT