Адал еңбегімен абырой биігінен көрінген

«Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген Абай атамыздың керемет нақыл сөзі бар емес пе? Осы өсиетті өмірлік ұстанымына айналдырып, адал еңбекпен ғана мал тауып, ұрпағының бойына да адамдық һәм адалдық қасиеттерін берік сіңіріп, қоғамға үлгі болған қажырлы еңбек иелері аз емес. Сон­дай азаматтардың бірі өзі өмірден өтсе де, есімі ел есінде қалған Ғарифолла Шұғайыпов туралы айтатын боламыз.

Саналы ғұмырын ауыл шаруа- шылығына арнап, ветеринария сала­сында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ғарифолла Шұғайыпов 1945 жылы 3 қарашада Исатай ауданының Забурын селолық кеңесінде колхозшының отба­сында дүниеге келген. Әкесі Шұғайып пен анасы Хадиша отбасында 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген.

Білім ордасының табалдырығын 1951 жылы аттап, 1961 жылы Атырау қаласындағы Орджоникизде атындағы орта мектептен бітіріп шығады. Жоғары оқу орнына түсу үшін қаршадайынан еңбекке араласып, әкесі мен анасына қолғанат болып, Исатай ауданының Забурын қаракөл қой совхозында көмекші шопан бола­ды.

Білім алып, кәсіби маман атансам деген мақсаты оны Орал қаласындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына жетеледі. Арманы ақиқатқа айналып, 1963 жылы сту­дент атанғаннан кейін бір жылдан соң әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп келген ол оқуын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында жалғастырып, оны 1971 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітіреді. Сонау Алматы шаһарынан туған өлкесіне оралған жас маманның алғашқы еңбек жолы Иса­тай ауданының Новобогат совхозында кіші ферма мал дәрігері қызметінен басталады.

1973-1975 жылдары жұмыс бабымен Махамбет ауданына қоныс аударып, №10 Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде комсомол ұйымының хатшысы, кейін мал шаруашылығы пәнінің мұғалімі болып жүріп 1977 жылдың қыркүйек айынан бастап училищенің оқу шаруашылығының меңгерушісі болды.

Ширек ғасыр бұрын қай жағынан болса да ең көп қиындық ауыл шаруашылығына, ауыл адамда­рына көбірек түсті. Бұл салада жұмыс істеу зор тәжірибемен қатар тиянақтылықты, жауапкершілікті, адалдықты талап ететіні сөзсіз. Осындай қасиеттерге ие Ғарифолла Шұғайыпов қатардағы қарапайым маманнан бастап, басшылық орынға дейін көтерілді. 1978-1981 жылдары Махамбет ауданындағы «СССР 60 жылдығы» атындағы совхоздың бас мал дәрігері және мал шаруашылығы цехының бастығы қызметін қоса атқарады. Мұндай жауапты істе Ғарифолла Шұғайыпов жас та болса өзінің құлшынысының арқасында аға мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түре жүріп, өзінің тәжірибесін жетілдіре түсті. 1980 жылдың қараша айынан 1981 жылдың наурыз айы аралығында Алматы қаласындағы білім жетілдіру факультетінің колхоздар мен совхоздардың басшы кадрла­рын дайындайтын 6 айлық курсын оқып бітіреді. Сондай ақ, 1979-1981 жылдары да өндірістен қол үзбей Атырау облыстық партия комитетінің жанындағы марксизм-ленинизм университетін тәмамдаған. Ал 1981 жылдың сәуір айынан бастап Махам­бет аудандық ауыл шаруашылығы өндірістік бірлестігі бастығының орын­басары қызметіне тағайындалады. 1986 жылдан 1992 жылға дейін аудандық мал дәрігерлік станциясының бастығы – аудандық мемлекеттік мал дәрігерлік инспекторы болып абыройлы еңбек етті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мал шаруашылығы саласында жүзеге асқан барлық өзгерістердің басы- қасында жүріп, тынбай еңбек еткенін бірге жұмыстас болған әріптестері әлі күнге айтып отырады. Әсіресе, оның еңбекқорлығын, қарапайымдылығын, жауапкершілігін, адалдығын жоғары бағалайды.

- 1972 жылы осы аудандық ветеринарлық стансасына мал дәрігері болып жұмысқа қабылдандым. Сол кезде ветстансаға әр жылдары Сүндет Дауылбаев, Қайырғали Уәлиев, Қабдығали Самалиқовтен кейін Ғарифолла Шұғайыпов басшылық етті. Бұл кездер екі аудан қосылып жатқандықтан қиын кездер еді. Мал арасындағы түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жасалатын ем-шаралар жүргізу, де­зинфекциялау, ұйымдастыру, шалғай елді мекендерді аралау сынды көптеген жұмыстар жетіп артылатын. Сол кезде Нұрлыбек Әділғалиев, Сүндет Жуасов, Бағыт Бисенов, Қайрош Қаражанов, Таңатар Габдуллин, Мұхит Төленов, Отар Құсанов, Дүйсембай Рысқалиев сынды өз ісінің білікті мамандарымен қызметтес болғанымды мақтан етемін.

Ғарифолла Шұғайыпов жайында естелігімді айтсам, өте білімді, білікті, талапшыл, еңбекқор, жұмысына деген жауапкершілігі жоғары, тазалықты жаны сүйетін, әсіресе, адалдығы мен кішіпейілділігін ерекше атап өтер едім. Оның қызметіне деген сүйіспеншілігі сондай ветеринария саласына қатысты кітаптарды жинап, ылғи өзімен бірге алып жүретін. Үйіндегі кітапхана сөресі де ветеринария саласына қатысты кітаптан тұнып тұратын. Арасында бізді қонақ ететін де, қолымызға бір- бір кітапты ұстатып, оқытып қоюшы еді. Құр оқымай, кейін оқығанымыздан не түйгенімізді де сұрайтын. Тағы бір ерекше атап өтер қасиеті – адалдығы. Ол басшымын деп еш уақытта қызметін пайдаланған емес. Совхоздан үйіне шөп алса да, оны жеткізіп беретін мекеменің машинасын пайдаланса да ақысын төлейтін еді. Осы ісіне қарапайым халық таңдана қарайтын. Себебі, басшы көп болғанымен Ғарекеңдей басшы кездесе бермейді. Малдарды егу науқаны басталғанда, егетін орындары алдын ала газет арқылы хабарланады. Әкелмегендеріне ескертпе жібереді, оған да көнбесе түр-түсіне қарамай газетке жариялап қоятын еді. Оның қатарында партия мүшелері де бо­латын. Кезінде профилактикалық іс-шаралардың кейбір талаптарын өзгерту жөнінде өз ұсынысын айтып, СССР-дің бас ветеринар дәрігеріне қызметтік хат жазғаны да бар. Сондай талапшыл, әділ, қарапайым басшы ретінде жарқын бейнесі жадымызда қалды, - дейді еңбек ардагері Зинолла Ниязов.

Аудан орталығында жауапты қызметтерді абыроймен атқарған, көп жылдық тәжірибесі бар мал дәрігері Ғарифолла Шұғайыпұлы 1992 жылы сәуір айында аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы С.Мұстағалиевтың ұсынысымен басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. 1992 жылы Ақжайық совхозының директоры Ғалым Жұмағазиев зейнеткерлікке шығуына байланысты, оның орнына сол жылдың қыркүйек айынан бастап Ғарифолла Шұғайыповты жібереді. Күш жігері бойында тасып тұрған, тәжірибесі мол ол бұл қызметке құлшына кіріседі. Алайда, бұл құлшыныс ұзаққа созылма­ды. Екі-үш жылдан кейін денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қол үзуге мәжбүр болды. Біраз жыл ауырып, 56 жасында мәңгілік мекеніне аттанып кете бар­ды. Ветеринария саласында жиырма жылдан аса уақыт еселі еңбек етіп, ла­уазымды қызмет атқарып, бейнетінің зейнетін көрместен өмірден өткен кейіпкеріміз еңбек еткен жылдарында бірде-бір марапат алмаған.

1970 жылы Алматыда оқып жүргенде Жетісудың қызы Гүлайхан Сламбековамен танысып, шаңырақ көтереді. 1971 жылы Сарайшық ау­ылына ата-анасының қолына келіп, Алла қосқан жұбайы Гүлайхан екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Сол ұрпағынан бүгінде 17 немере, 4 жиен көріп отырған Гүлайхан апамыз өткен күндерін сағынышпен еске алды.

- Отыз бір жыл бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кештік. Үйімізден қонақ арылмайтын. Та­нысын, танымасын ауданға жұмыс сапарымен келген қонақтарды ерте келетін. Әлдекімнің малы ауырып үйіне шақырса, сол малы не жазылып, не өлгенше сол үйден шықпайтын. Тазалығына тағар мін жоқ, өз жұмысына өте мұқият қарайтын. Жұмыс десе жанын беретін. Қол астындағы қызметкерлеріне де қамқорлығын көрсетіп отыратын. Көршілес аудан­дардан осында жұмысқа келген өрімдей жас мамандардың қолынан жетектеп жүріп, білмегендерін үйреттіп кетті.

Ал, өзімнің мамандығым мұғалім болғандықтан, училищеде, бала- бақшада жұмыс жасадым. Кейін быткомбинатқа жұмысқа кіріп, екі жылдан кейін тігіншілік бөліміне меңгеруші болдым. Ақжайық ауылына көшкенде де, көрпе тігіп күнімізді көріп, зейнеткерлік жасқа жеттік. Қызметімізбен қатар отбасылық өмірді тең ұстап, балаларымызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Ол бала тәрбиесіне бейжай қараған емес. Әрқайсысының жан-жақты, білімді, тәрбиелі болып өсуіне бар күш- жігерін аямады. Шүкір, ұлдарымыз ұяға, қыздарымыз қияға қонып, өз таңдаулары бойынша білім алып, мамандықтары бойынша жұмыс жасап жатыр. Бәрі де бір-бір отбасы, өздері де балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар, - дейді жұбайы Гүлайхан Сламбекова.

Қазақта «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дейді. Біз сөз еткен кейіпкеріміз Ғарифолла ағамыздың өмірден өткеніне биыл жиырма төрт жыл болған екен. Өзі арамызда болмаса да, онымен сыйлас болған әріптестері, тәрбиесін көрген ізбасарлары, басқа да таныс адамдар оны құрметпен еске алып, еңбегіне өз бағасын беріп жатыр. Елің есіміңді ұмытпай, еңбегіңді бағалап жатса, бұл – үлкен мәртебе. Ғарифолла Шұғайыпұлы туралы еске түсіріп, осы мақаланы жазуымызға түрткі болған Мұратбек Сидеғалиевке алғыс білдіреміз.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT