Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдегі қысылтаяң жағдайларға қарамастан, АҚШ-қа ресми сапары батыл қадамдардың бірі деп санаймын. Ол жақта өтіп жатқан барлық кездесулер мен жиындарға бүгінде бүкіл әлем көзтүре қарап отыр. Өз кезегінде мықты дипломат ретінде Президентіміз көптеген ресми жиындарға қатысып, маңызды тұлғалармен кездесу өткізіп үлгерді.
Соның бірі Chevron корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртті қабылдауы болып отыр. Ақорданың ресми сайтынан оқыған мәліметімізде Мемлекет басшысы аталмыш корпорация еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосқанын атап өтіпті. Бұл компанияның аты әлбетте мұнайлы астана ретінде Атырау өңірімен тығыз байланысты. Тәуелсіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысып, Қазақстанға 55 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өндіретін жалпы өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін де мемлекет басшысы өз сөзінде айтыпты. Кездесуде келешекте Теңіз кенішінің аясын кеңейту жобасын іске асыру мәселелеріне, Қарашығанақта газ өндіру мен қайта өңдеу перспективасына, сондай-ақ әлемдік нарыққа көмірсутегін тасымалдау ісін дамытуға, соның ішінде Орта дәліз арқылы жеткізуге баса мән берілетіні жөнінде талқыланған.
Қара алтынды игеруге сонау тәуелсіздіңтен кейінгі тоқырау жылдарында өз инвестициясын құйып, Қазақстанға ірі кәсіпорындар салған компаниямен серіктестігіміз әлі де жалғаса берері сөзсіз. Шеврон компаниясы соңғы жылдарда тек қана мұнай саласы емес, көптеген әлеуметтік жобалардың, білім беру бағытындағы бағдарламалардың демеушісі болып келеді. Қайырымыдылық шаралары өз алдына. Оты жылдан астам тарихы бар компанияның қолдаумен көптеген ірі жобалар ел аумағында жүзеге асты. Индустрия саласының көшбасшысы бола отырып, «Шеврон» Қазақстанның болашағын құратын, орта мектептерде және университеттерде оқитын жас ұрпақтың инновациялық стартаптарына қолдау көрсетуді ұйғарды. Осылайша соңғы жылдары жүздеген жасөспірім бағдарламалау және әлеуметтік кәсіпкерлік негіздері бойынша интерактивтік оқуларға қатысып, өздерінің стартаптары мен жұмыс орындарын құрып, ғылыми конкурстар мен фестивальдарға қатысты.
Міне, осындай үлкен байланыс орната білген кәсіпорын басшыларымен кездесуден кейін де еліміз үшін пайдалы өзгерістер боларына сенемін.
С.Жайлашев,
Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы