Құтқарушылар – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын, қиын және қауіпті жағдайда адам- дардың өмірі мен мүлкін сақтап қалуға атсалысатын кәсіби қызметкерлер. Осыдан тура отыз жыл бұрын 19 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылған болатын. Сол күннен бастап бұл күн Құтқарушылар күні ретінде атап өтіледі.
Батылдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында қызмет жолында ерекше көзге түскен, “кезек күттірмейтін жұмысқа дайын болу – басты міндет ”- деп ұрандатқан Рүстем Жақсылықұлы бүгінде бұл салада 14 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді.
Ол 1989 жылы Махамбет ауданында дүниеге келген. 2006 жылы Есенбай Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебін бітіріп, Атырау қаласындағы политехникалық институтында автоматтандыру және басқару техникалық мамандығы бойынша білім алады. Оқу бітірген соң Өскемен қаласы, Жаңа Ахмер кентінде нөмірі 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін бала күнгі арманын орындау үшін 2011 жылы Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Индер ауданы төтенше жағдайлар бөлімінде инженер лауазымында қызмет атқарып, арнайы лейтенант атағын алады. 2012 жылдың желтоқсан айында Махамбет ауданы төтенше жағдайлар бөліміне инженер мамандығына ауысып, қазіргі уақытта осы арнайы азаматтықты қорғау майоры шенінде.
Бұл мамандыққа келуге бірден-бір себеп болған әкем дейді. Бала күннен асқар тау әкесінің арнайы формамен жүргенін көріп өскен Рүстем әке жолын қууды өмірлік мақсаты деп біледі. Жүрек қалауы мен бала күнгі арманы қызмет жолында жеткен жетістіктерінде дара жол болып сайрап жатыр. Мамандығына деген сүйіспеншілігі оны әрі қарай ізденуге алып келеді. Соның нәтижесінде ол 2015 жылы Көкшетау қаласындағы техникалық институтына өрт қауіпсіздігі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2018 жылы бітіріп, 2 мамандық иесі атанады. Бүгінде Рүстем – 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке. Қызметі мен өмірін ұштастырған ол 3 ұлының біреуі жолын қуса деп армандайды.
Оның он төрт жылдық қызмет саласында жеткен жетістіктері де аз емес. 2-ші және 3-ші дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мемлекеттік өрт бақылау бағытында Атырау облысы төтенше жағдай департаментінен қызмет атқарған жылдары 2 мәрте 1-ші орын иеленіп, үздік танылды. Сонымен қатар аудан әкімінің алғыс хаттарымен және де Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Қызмет барысында басшылықтың сеніміне селкеу түсірмеген Рүстем уақытша басшылық міндетін атқарған уақытта жеке құрамға арнайы тапсырмалар беріп, 24/7 өз бақылауына алатынын тілге тиек етті. Қызмет барысында негізгі міндеті төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытында екенін атап өтті. Жұмысының қиындығы мен жауапкершілігін қатар алып жүріп, аудан тұрғындарының және жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Жылыту маусымында тұрғын үйлерде, мекемелерде жылыту қазандықтарын қараусыз қалдырмай, көп қабатты үйлерде қауіпсіздік ережелерін ұстанса екен дейді. Жылдың 4 мезгілінде болатын түрлі апаттардан тұрғындардың сақтануларын сұрайды. 2024 жылы су тасқыны кезінде де көрсеткен ерен еңбегі де аз емес. Махамбет ауданы әкімшілігінің штаб бастығының орынбасары қызметін қалтқысыз атқарған. Уақытпен санаспай, су тасқыны кезінде Ақтау, Қарағанды және Атырау қаласынан келген әскери қызметкерлерді бағыттап отырған. Халықты эвакуациялау жұмысына да белсенді атсалысқан. Төтенше жағдай кезінде комиссия төрағасы көмекшісі қызметін атқарған. Қызмет барысында Алматы қаласы азаматтық қорғаныс бағытында апталық курстарға барып, «Арнайы шебер» 1-ші дәрежелі төсбелгісін алады.
Кейіпкеріміз қызмет саласында ғана емес, спорт саласында да үздік болып шықты. Ол жайында Рүстем Жақсылықұлының сөзіне құлақ түрсек:
- Қызметім спортпен тікелей байланысты болғандықтан, тұрақты түрде жаттығамын. Қазақша күрес пен футболға қызығушылығым бар. Осы саланы таңдап, оқуға түскім келеді деген жасөспірімдер ең алдымен алдына мақсат қоя білу керек. Моральды тұрғыда қызмет бабындағы физикалық және психологиялық жағдайларға дайын болған жөн.
Бүгінде мемлекет салаға ерекше назар аударып, барлық жағдайды жасап отыр. Заман талабына сай жаңа мекемеде және қызметке керекті барлық техникалармен қамтылып, жұмыс жасаудамыз. Осы орайда күн демей, түн демей, төтенше жағдай туындай қалса, алғашқы боп көмекке келетін, өзгелерді құтқарамын деп өз өмірін қатерге тігуден тайсалмайтын әріптестерімді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, абыройлы қызмет тілеймін, - деген ақ жарма тілегін жеткізді.
Құтқарушылар күні – елдің ең қиын кезеңдерінде батылдық танытып, адамдардың өмірін сақтап қалған барлық құтқарушыларға деген құрмет пен алғыс күні. Олардың еңбегі әрқашан ел есінде, ал олардың қызметі нағыз патриоттық пен азаматтық борыштың үлгісі болып қала береді.
Ш.ТӨЛЕГЕНОВА