Биыл ғалым, педагог, жазушы, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толып отыр. Осыған орай «Зағиптар» қоғамдық қоры мүшелері, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жазушының «Менің майдандас достарым» шығармасына буктрейлер ұсынылып, «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың Оқжетпесі» атты тақырыптық кітап көрмесі насихатталды.
МАЙДАНДАС ДОСТАРЫНЫҢ АТЫН ӨШІРМЕГЕН
Мәлiк Ғабдуллин – ерлiгiмен батырлық биiгiне, ғалымдығымен доктор, профессор, академик шыңына көтерiлген, қаламгерлiкте майдан шежiресiн жазып, майдандас достарының аттарын тарихта қалдырған жазушы, педагогикада ұстаздардың ұстазы атанған, үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесiне депутаттыққа сайланып, мемлекет қайраткерi дәрежесiне жеткен, адамгершiлiк пен азаматтықтың үлгiсiн көрсеткен қазақ халқының ұлы перзенттерiнiң бiрi.
1915 жылы 15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданы Қойсалған ауылында дүниеге келді. Көп балалы отбасынан шыққан, Мәлікпен бірге 6 ұл, 3 қыз болған. Алайда олардың барлығы шетінеп, Мәлік қана аман қалады. Мәліктанушы ғалым Серік Негимов жазушының балалық шағы жайлы:
– Мәлік көп балалы отбасынан шыққан, бір үйде он бала болды: Мәлікпен бірге, 6 ұл, 3 қыз болды. Бауырлары мен шешесі Әлия бәрі 1932 жылы ашаршылықтың құрбаны болды. Аман қалғаны тек Мәлік қана,- дейді Кеңес Одағы Батырының 100 жылдығына арналған кітапта.
Махамбет аудандық кітап- ханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанар Төлешова шараның мән- маңызын ерекше атап өтті:
– Бұл шара ең алдымен мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне, олардың белсенділігін арттыруға зор ықпал етеді. Мәлік Ғабдуллиннің ерлікке толы ғұмыры, қайсар мінезі мен ұлтжандылығы – бүгінгі жастарға ғана емес, әрбір оқырманға үлгі. Оның майдандас достарына деген адалдығы мен ұстаздық еңбегі ұмытылмайды. Осындай көрмелер арқылы біз батырдың өнегелі өмірін насихаттап, оқырмандардың рухани дүниесін байытамыз,- дейді ол.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ДАМУЫНА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қару мен қаламды қатар ұстаған қазақ қаламгерлері аз болмады. Солардың бірі – соғыс шындығын көркемдікпен өрнектеп, болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді мақсат еткен жазушы Мәлік Ғабдуллин. Оның «Менің майдандас достарым» жинағында автор Ұлы Отан соғысында бірге жауға қарсы шайқасқан қарулас достары генерал Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Бақтияр Меңдіғазин секілді азаматтардың ерлігін, солдаттар арасындағы достықты, рух биіктігін әсерлі тілмен суреттеген.
М.Ғабдуллиннің алғашқы шығармалары дивизиялық, майдандық газеттерде жарық көрді. Соғыстан кейін «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты кітаптары жарық көрді. Әңгіме, очерктерінде майдан өмірін, жауынгер бейнесін, совет адамдарының қаһармандығын шебер суреттеді.
Педагог-жазушы ретінде ол жас ұрпақтың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» еңбегінде халық поэзиясының тәрбиелік мәнін ашып, ата-аналарға бала тәрбиесі жөнінде нақты ұсыныстар берді.
ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН ЖАУЫНГЕР
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Мәлік Ғабдуллин алғашқылардың бірі болып, майданға аттанады. Ол Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасып, 1942 жылы Холм қаласы маңындағы ұрыстарда сарбаздарға басшылық етеді. Мәскеу түбіндегі шайқастарда Бородино селосын жаудан азат етуде ерлігімен көзге түсті.
Қарсыластың қоршауында қалған Мәлік бастаған топ кескілескен ұрыста жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алады. Жараланғанына қарамастан шабуылды тоқтатпайды. Осы ерлігі үшін 1943 жылы 30 қаңтарда оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Сондай-ақ, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.
Есiмi Ұлы Отан соғысы тарихында алтын әрiптермен жазылған тұлға 1973 жылы 2 қаңтарда Алматыда дүниеден озды. Бүгінде Көкшетауда мұражайы бар, туған жерінде мектеп пен көше аттары берілген. Астана, Алматы және Көкшетаудағы көшелерге есімі берілді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ


