«AMANAT» партиясы аудандық филиалында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіне аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысы туралы есебі және аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер және проблемалық мәселелері қойылды.
Алдымен аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев қоғамдық кеңес мүшелері алдында баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Аудан бюджет кірісіне есепті кезеңде 6 445 669,9 мың теңге салықтық, 47 046,9 мың салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсім 72 285,3 мың теңге, 16 307 909,4 мың теңге трансферттер түсті.
Өздеріңізге белгілі, өткен жылы тасқын су елді біраз әбігерге салды. Ауданымызда тасқын су салдарынан 94 шаруа қожалығы зардап шекті. Қазіргі таңда «Жылжымайтын мүлік және кадастр» мекемесі арқылы зардап шеккен шаруа қожалықтарының қызметтік үйлері мен қоражайлар саны нақтылануда.
Өткен жылы 87 шаруашылықта және жеке секторда барлығы 1898 га жерге егін егіліп, егістіктен 44949,8 тонна өнім алынды. Ауданда өткен жылы 19 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, өз жұмыстарын бастады. «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалы арқылы 26 несие алушыға несие берілді. Оның ішінде «Агробизнес» бағдарламасымен 10 адам, «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша 11 адам, «Еңбек» бағдарламасымен 5 адам несие алып отыр.
Жаңа мөлтек аудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Махамбет, Жалғансай, Сарайшық, Бейбарыс, Алға ауылдарының мөлтек аудандарына газ,су, электр, жол құрылыстарын жүргізуге қаржы қаралып, жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар Бейбарыс, Талдыкөл, Сарайшық ауылдарындағы Жайық жағалауын нығайту жұмыстарына жобалық – сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге тапсырылды. Махамбет ауылындағы 60 пәтерлік төртінші тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып тұр. Қазіргі уақытта тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым жүргізу және абаттандыру жұмыстары 80 пайызға жасалды. Қазіргі уақытта трансформаторлық қосалқы стансасы ғимараты, кәріз жүйесіне қосу мәселелері бойынша жұмыстар қарқынды жүруде.
Ауданның жол инфрақұрылымы бойынша кезең-кезеңмен бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 11 жоба басталған болатын. Оның екеуі кірме жол болса, қалғаны – ауылішілік жолдар. Махамбет, Алға, Талдыкөл Сарайшық, Ортақшыл, Ақтоғай, Жалғансай ауылдарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуге қаржысы қаралып, жұмыстары жалғасуда. Талдыкөлдің 6,2 шақырым кірме жолының негізгі қабаты толық жарамсыз болуына байланысты жобаға түзетулер енгізілуде. Жаңа жобаға облыстан қаржыға сұраныс жолданды. Ақтоғай ауылының 2,152 шақырым кірме жолын күрделі жөндеуге бойынша 95 пайыз жұмыстары жасалды. Есбол және Еңбекшіл ауылдарына ауылішілік жолдары бойынша жобасы аяқталып, Есбол ауылының жобасына қаржысы бөлінді. Мердігер анықталса жұмыстар басталады. Еңбекшіл ауылішілік жолдарының жобасының қаржысы алдағы уақытта шешілетін болады.
Аудан бойынша 13 су тазарту қондырғысы қайта жаңғыртудан өткізілді. Өткен жылы су тасқыны кезінде Есбол ауылындағы су тазарту қондырғысының қабырғасы құлаған болатын. Қазіргі таңда нысанның жағасын бекіту жөнінде жобалық – сметалық құжаттамасына қаржы қаралған.
Ақтоғай ауылына ауыз су желісін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Қаржысына сұраныс берілді.
Сарытоғай, Махамбет ауылының Шаттық және Жаңа ауыл мөлтек аудандарына жазғы су құбырларын жүргізуге жобалық – сметалық құжаттама дайын, қаржысы бойынша облыстық энергетика басқармасына сұраныс берілді. Талдыкөлге жазғы су құбырын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Жоба мемлекеттік сатып алу конкурсында жүріп жатыр. Сол секілді Алға ауылына да қаржы қаралған болатын. Алайда құжаттамасы қайта өзгеріс енгізуге жіберілді. Жазғы су құбырын жүргізу бойынша 5-6 жоба жылдың аяғына дейін аяқталса, облыстан қаржысы сұралатын болады.
Өткен жылы апатты жағдайдағы 2 қабатты көп пәтерлі тұрғын үй толықтай көшірілді. Оларға 31 тұрғын үй сатып алынып берілді. 2025 жылға апатты жағдайдағы 3 көп пәтерлі тұрғын үйге қаржы бөлінген болатын. Бұл бағытта жұмыстар атқарылуда. Тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2023 жылы 22 үй алынса, 2024 жылы 46 үй алынды. Оның барлығы комиссиядан өткізіліп табысталды. Биылғы жылы облыстан 10 үйге ғана қаржы бөлінген.
Апатты деп танылған Ақжайық ауылындағы бөбекжай-бақшасы жабылып, облыстық құрылыс басқармасы арқылы ЖСҚ жасақталуда. Аяқталған соң қаржысына сұраныс берілетін болады. Сарытоғайдағы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу, «Райхан гүлі» бөбекжай- бақшасына мектеп-интернаттың ғимараты беріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ортақшыл, Алға, Сарайшық, Талдыкөл ауылдарына 200 орындық мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып аяқталды. Мемлекеттік сараптамадан өткен Алға мәдениет үйінің жобасы бойынша қаржысына сұраныс жолданды. Және жоғарыда аталған ауылдардағы мәдениет үйлері мен Махамбет ауылынан 400 орындық мәдениет үйінің құжаттамасын мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін құжаттары порталға жүктелді.
Таңдай ауылында 200 орындық спорт кешенінің құрылысы биыл толық аяқталады. Бұдан басқа Ортақшыл ауылындағы спорттық кешеніне қаржы бөлініп, мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталды. Сарайшық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы аяқталып, құны 1 158 723 теңге қаржысына облысқа сұраныс берілді. Бейбарыс және Алға ауылдарына спорт кешенін салу үшін жер беру жұмыстары жүргізілуде.
Ақтоғай, Таңдай, Талдыкөл, Есбол, Жалғансай ауылдарына 5 ашық спорт алаңдарының құрылысы үшінші жылға жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жұмыстың 90 пайызы аяқталып тұр, мердігер мекеме көп ұзамай тапсыратын болады, - деді аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Аққайың елді мекеніндегі медициналық пунктінің қашан пайдалануға берілетіні, ауыл тұрғындарын алаңдатқан улы жәндік қарақұртқа қарсы күрес жұмысы, аудан орталығындағы «Жастар» демалыс саябағының жөндеу жұмыстарын жүргізуге, «Атырау- Орал» республикалық тас жолының құрылыс жұмыстары бойынша қойылған сауалдарға аудан әкімі жауап берді.
Күн тәртібіне қойылған екінші мәселе аудандық құрылыс, сәулет және қара құрылысы саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен проблемалық мәселелер төңірегінде бөлім басшысы Жігербек Төлеуғалиев баяндады.
Оның айтуынша, бөлім арқылы 3 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Біріншісі, объектілерді кейіннен кәдеге жарату (құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру қызметі қазіргі таңда электронды түрде өткізіледі. Бұл қызмет бойынша соңғы 5 айда 82 азаматқа рұқсат берілген. Екінші, құрылыс және реконструкция жобаларын әзіреу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну қызметі е-атырау, е-лицезния ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жүргізіледі. Бұл қызмет бойынша 60 азаматтың өтініші қанағаттандырылған. Және соңғы е-атырау, е-лицензия ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде көрсетілетін эскизді келісуден өткізу қызметі бойынша 188 азаматтың эскиздік жобасы келісуден өткен.
Жер бөлу мәселесі бойынша Махамбет ауылдық округіне 2006, 2007, 2008 жылдары жер учаскесін сұрап жазған арыздарға электр және газ желілерімен толық қамтылған жаңа мөлтек ауданнан 144 жер телімінің жер таңдау актісі дайындалып, тұрғындарға берілгенін атап өтті.
Қоғамдық кеңес төрағасы М.Хайдаровтың «Мемлекеттік қызмет көрсетуде проблемалық мәселе бар ма?» деген сауалына баяндамашы Ж.Төлеуғалиев акт қабылдау кезінде оны тіркеуге бір күн ғана уақыт берілгендіктен егжей- тегжейлі жасауға мүмкіндік болмайтынын, сол себепті қызмет көрсету мерзімін 5 немесе 10 күнге ұзарту жөнінде өз ұсынысын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев Махамбет ауданының шекарасы басталатын Жайықтың бұқар және самар бетінде орналасқан жол бойына кіру белгісін орнату бойынша дайындалған эскиздерді қоғамдық кеңес мүшелерінің талқысына ұсынды. Кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлер айтып, қолдайтындықтарын жеткізді.
Қоғамдық кеңес отырысы бойынша қаулы қабылданып, қоғамдық кеңес мүшелеріне куәліктері табысталды.
Б.САПАРОВА