ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ, ХАКІМ АБАЙ- ДЫҢ МОЛ МҰРАСЫ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ ҮШІН ТӘЛІМІ МЕН ТӘРБИЕСІ МОЛ ТАРИХ ДЕСЕК АРТЫҚ АЙТҚАНДЫҚ БОЛМАС. АБАЙДЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ОЛ БІР АҚЫН- НЫҢ ҒАНА МЕРЕКЕСІ ЕМЕС, ОЛ ТҰТАС ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫН ҚАЙТА БАҒАЛАП, АҚЫННЫҢ ТЕРЕҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ОЙ-ИІРІМДЕРІН БҮГІНГІ КҮН ТҰРҒЫСЫНАН ТЕРЕҢІРЕК ТҮСІНУГЕ ЕРЕКШЕ МҮМКІНДІК.
Кішкентайынан өнер-білімге зерек Абай қазақ руханиятына өшпес із қалдырды. Ол тек өлең жазумен ғана айналысқан жоқ, сол заманның шындығын, адам бойындағы рухани әлсіз қасиеттерді өз заманында бүкпесіз айтып отырған екен. Ерте кезден ауыл молдасынан сауатын ашқан бала Абайды он жасында әкесі Құнанбай Семейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға жібереді. Медресені еш қиындықсыз оқыған Абай өзіне тиімді жаңа дағдыларды сіңіреді. Шығыс еңбектерін қызыға оқыған ол білімге,өнерге ерекше құштар болады. Өз күшімен қаладағы «Приходская школаға» түсіп, орыс тілін меңгереді. 13 жасында балалықпен қош айтысып, әкесінің нұсқауымен ел ісіне араласуға мәжбүр болады. Бұл кезең Абайды тез есейтеді.
ХХ ғасырдың 80 жылдары Абай үшін шығармашылық тұрғыдан ең жемісті кезең болды. Бұл жылдары саяси-әлеуметтік, сатиралық, ағартушылық тақырыптарда көптеген әйгілі туындыларды дүниеге әкелді және орыс классиктерінің шығармаларын орыс тіліне аударды. Алғашқы өлеңі – 1882 ж. жазылған «Қансонарда бүркітші шығады аңға». Абай поэмаларына келсек, олардың саны – үшеу. Олар «Масғұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі». Ақынның бұл үш шығармасының үшеуі де өзінің туып-өскен қазақ ортасын, олардың тұрмысын, болмысын суреттейтін шығарма емес, шығыстық тақырыптарда жазылған.
«Ескендір» - Абайдың ең үздік поэмасы. «Ескендір» поэмасындағы Аристотель бейнесі – тарихта болған данышпан ғалым Аристотельдің образы. Абай поэмада үлкен ақыл иесі Аристотельді патша Ескендірден анағұрлым жоғары қояды. Мұның өзі тарихи деректерден мол мағлұматы бар, реалист-ақын, хакім Абайдың терең білімінен хабар беретіні хақ. Ал үшінші «Әзім әңгімесі» - бұл аяқталмаған поэма. Оның не үшін аяқталмағаны белгісіз. Алғаш рет 1933 жылы Абай шығармалары жинағына енген. Оған дейін қолда жүрген қолжазба ескіріп, кейбір жолдарын М.Әуезов «Абайдың стилі емес деп санайды». Өйткені поэманың кейбір ұйқастары, кей кезде жол ішінде сөз құраулары Абайдың ақындық шеберлігіне, лексикасына жанаспайды деп ой түйіндеген.
Абай тек ақын емес, сонымен қатар философ, ағартушы, сазгер, аудармашы, ойшыл тұлға. Оның бай мұрасы әдебиетпен ғана шектелмейді. Сазгер ретінде «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай»,«Айттым сәлем, Қаламқас» сынды әндері жүректен жүрекке жеткен шынайы туындылар. Аудармашы ретінде де еңбектері жоғары бағаланады. Абай өткір тілді, сыншыл, турашыл адам болған. Ол заманының әділетсіздігін батыл айтып, надандық пен алауыздықты сынады. Оның рухани мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін таусылмас қазына.
Ақын кейінгі жас ұрпақ үшін терең ойға толы, алуан өлеңдері мен қара сөздердің үлгісін қалдырды. Абай мұралары - адамгершіліктің, имандылықтың, биік парасаттылықтың асыл қазынасы. Жиырмасыншы ғасырдың Гоммері атанған жыр алыбы Жамбылдан «Абайдың ақындығы туралы не айтасыз?» деп сұрағанда «Абай ақын ғана емес, ол ғұлама» деп жауап берген екен.
Абайдың көркемдік терең білінген еңбегі - қара сөздері (Ғақлия). Жалпы саны қырық бес өз алдына бөлек шығармадан тұратын қара сөздерінің тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн,тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абайдың қара сөздері адамды адам болуға, ізгі ниетті адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаман дағдылардан аулақ болуға үйретеді. Абайдың қара сөздерінің ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше. Бәрінің жалпы түйіні - адам болу. Өлмейтұғын артында сөз қалдырған Абай бүгінде жарқын бейнесімен, жалынды жырымен бізбен бірге.
Қазақтың бас акыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Д.Төленов атындағы орта мектебінің кітапханасында арнайы іс-шара жоспары жасақталды. Жоспарға сәйкес мектеп кітапханасында «Қазаққа қайталанбас дана берген» атты әдеби-танымдық кеш ұйымдастырылды. Шараның алғашқы бөлімінде ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына арналған «Абай өмірі - ғажап өмір» атты бейнешолу көрсетілді. Екінші «Абайды оқы, таңырқа» бөлімінде кеш қонақтары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін нақышына келтіре оқып, олардың мағынасына тоқталып, өз ойларымен бөлісті.
«Абай әлемі» атты библиографиялық кітап көрмесімен кітапханашы Э.Анарбекова таныстырып өтті. Шарамыздың соңы «Құлақтан кіріп, бойды алар деп» Абай атамыз өзі айтқандай оқырмандардың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», т.б әндерін орындауымен аяқталды.
Абай әлемін бүкіл дүниеге таратушы кемеңгер Мұхтар Әуезов «Мен Абай тереңінен шөміштеп қана іштім» деген екен. Ал біз ұлы ғұлама тереңіне бас қойғанымызбен тек қана сол тереңнен дәм таттық десек болатын шығар, сірә?! Сондықтан қолымызға осындай білімнің інжу-маржанын теріп берген хакім Абайды оқудан, білуден, ол туралы ізденуден жалықпайық дегім келеді. Оның шығармалары - ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын қазынасы.
А.МАМЕШОВА,
Д.Төленов атындағы орта мектебінің кітапханашысы