Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жолдауында жаһандану дәуіріндегі жасанды интеллект пен цифрландырудың пайдасы жіті түсіндірілген еді. Еліміздегі банк жүйесінің де қызметі соңғы жылдары осы бағытқа ауысып келеді. Әйтсе, де әлеуметтік желіні алаяқтар мен киберқылмыскерлер тізгіндеп алған уақытта қауіпсіздікті де екі есе ұлғайту керектігіне көзіміз жетіп отыр.
Осы ретте мемлекет басшысы өз сөзінде «Жаппай цифрландырудың, соның ішінде банк саласын цифрландыру ісінің пайдасы көп екені сөзсіз. Бірақ оның қауіп-қатері де аз емес. Соңғы жылдары онлайн-алаяқтық мемлекеттің және азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне үлкен нұқсан келтіріп жатыр. Сондықтан киберқылмыспен күресу үшін антифрод орталығы құрылды. Биометриялық анықтау жүйесі енгізілді. Банктердің, микроқаржы ұйымдары мен байланыс операторларының жауапкершілігі күшейді. Дегенмен бұл мәселеге үнемі жіті назар аудару қажет. Құзырлы органдардың жұмысын ұдайы жетілдіріп отырған жөн.
Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн.» деп атап өтті.
Осы ретте қағазбастылықты барынша азайту және банк бөлімшелерімен клиенттің өзара әрекетін қысқарту мақсатында тауарлы және қаржылық несие беру тетіктерін барлық дерлік екінші деңгейлі банктер цифрландырды. Әйтсе де, соңғы уақытта осы онлайн рәсімдеу кезінде алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан тұрғындар көп. Сондықтан да қашықтықтан рәсімдеу кезінде күдікті СМС немесе таныс емес адамдардан қоңыраулар түскен жағдайда, дереу тұрғылықты полиция органдарына хабарласып, тез арада банктегі өз шоттары мен кредиттік тарихын тексеріп отырған жөн. Болмаса
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қаншама рет айтылып жатса да көптеген адамдардың шектен тыс сенгіштігі мен қаржылық, құқықтық сауаттылықтың төмендігі сан соқтырып отыр.
Қаржы секторындағы алаяқтық схемаларға қарсы іс-қимылдың негізгі құралдарының бірі 2024 жылғы шілдеде Ұлттық банктің Ұлттық төлем корпорациясы (ҚР ҰБ ҰТК) базасында құрылған Антифрод орталығы болды. Ұлттық төлем корпорациясының мәліметінше, алты ай ішінде Антифрод-орталық 19 мыңға жуық алаяқтық оқыс оқиғаны тіркеген. Сонымен қатар, мемлекет басшысы айтқандай өткен жылдан бастап елімізде онлайн-рәсімдеу кезінде биометриялық анықтау жүйесі де іске қосылды. Жаңа заң аясында 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтар кепілсіз тұтынушылық несие алу үшін «электрондық үкімет» порталы арқылы ресімделген келісім беруі қажет болады. Кепілсіз онлайн тұтынушылық несиелерді рәсімдеген кезде, 24 сағаттық «салқындау» кезеңі енгізіледі. Бұл уақыт ішінде азамат несие шарттарымен мұқият танысып, шешімін өзгерте алады және алаяқтық әрекеті болса анықталады. Соңғы уақытта рлі-зайыптыларға бір-бірінің рұқсатынсыз несие рәсімдемеу мәселесі де бір жолға қойылып келеді.
Еліміздегі киберқылмыспен күрес мұнымен де шектеліп қалмайды. Президент жолдауында алға қойған мақсат-интернет-алаяқтыққа төтеп беретін ителлектуалды жүйе құру болып отыр. Тұтынушыларымыздың қауіпсіздігі мен сенімі үшін біз де өз тарапымыздан заман талабына сай қорғаныш жүйесі құрылуын қолдаймыз.
Еркебұлан Сүндетов
«Халық Банк» Махамбет аудандық филиалының басшысы