Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, қазіргі таңда ауылдық жерлерде медициналық инфрақұрылымды жетілдіру аса маңызды. Соңғы жылдары «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында көптеген фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынып, қолданысқа берілді. Жыл соңына дейін тағы да жаңа нысандар іске қосылмақ. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының сапалы әрі дер кезінде медициналық көмек алуына жол ашады.
Сонымен қатар, Жолдауда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі тәуелсіздікті арттыру, отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту қажеттігі нақты айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар медицина саласының тұрақты дамуына және халықтың денсаулығын қорғауға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың жұмысын тиімді бақылауға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесін енгізу де аса маңызды қадам болып табылады.
Президент Жолдауында айтылған әрбір бастама – біздің саламыздың дамуына тың серпін берері анық. Біз, аудандық аурухана ұжымы, осы тапсырмаларды жүзеге асыруда белсенді жұмыс жүргізіп, тұрғындардың денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етеміз. Ел Президенті белгілеген мақсаттар – біздің күнделікті жұмысымыздың бағыты, халық алдындағы борышымыз.
Сандыбаев Сержан Тұрсыметович
Махамбет аудандық ауруханасының директоры