Қауіпсіз жағажай мен құтқару мамандары керек

ЖАЙЫҚ БОЙЫН ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ БОЛҒАН СОҢ СУҒА ТҮСУ МАУСЫМЫ БАСТАЛЫСЫМЕН ӨЗЕНДІ БЕТТЕП ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ КӨП БАРАДЫ. ӘСІРЕСЕ, ҚАЗІРГІДЕЙ ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІР ЫСТЫҒЫНДА СУ­ДАН САЯ ІЗДЕЙМІН ДЕП ШОМЫЛУҒА БАРЫП, АБАЙ­СЫЗДА СУҒА КЕТУШІЛЕРДІҢ САНЫ АЗАЙМАЙ ТҰР. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚҰТҚАРУШЫЛАРЫ «ХАЛЫҚТЫҢ ШОМЫЛУ КЕЗІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРА­ЛАРЫН САҚТАМАУЫ ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙҒА АЛЫП КЕ­ЛУДЕ. СУДАҒЫ ҚАЗА БОЛУ ОҚИҒАЛАРЫ КӨБЕЮІНІҢ НЕГІЗГІ СЕБЕПТЕРІ – ЖАБДЫҚТАЛМАҒАН ЖЕРЛЕРДЕ ШОМЫЛУ ЖӘНЕ БАЛАЛАРДЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРУ» - ДЕЙДІ.

7 шілдеде Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында тағы бір қайғылы оқиға орын алды. Рұқсат етілмеген жер­де суға шомылу кезінде екі жасөспірім суға батып кетті. Маңайдағы куәгерлердің айтуымен Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының, ПД және жергілікті тұрғындардың күшімен іздестіру жұмыстары жүргізілді. Тәулік бойы жалғасқан жұмыстардан соң марқұмдардың денесі су астынан шығарылған еді. Аталмыш оқиғаға қатысты іздестіру жұмыстарына 20-ға жуық қызметкер, 14 бірліктен астам техника жұмылдырылған. Әйтсе де құтқарушыларды, водолаз бен арнайы техникасы бар мамандарды төтеншеліктер облыс орталығынан күтуге мәжбүр. Себебі ауданда судан құтқару мекемесі жабылып қалғалы да әлдеқашан. Халықтың көп шоғырланатын аумағында, рұқсат етілмеген суға түсу аймақтарында арнайы бақылау жүргізіп, өзен үстінде қайықпен барлау жасайтын маман­дар, су астында іздестіру жүргізетін сүңгуірлер бізде жоқ.

Махамбет аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Жақсылықұлы:

– Осы жылдың аяғына дейін ау­данда судан құтқару мекемесін қайта ашу, яғни штаттық қызметкерлерді жұмысқа алу, техникалық базасын жасақтау жұмыстары шешіледі деп күтілуде. Кешегідей қайғылы, оқыс оқиғалар орын алғанда әрине арнайы мамандардың болғаны маңызды. Су үстінде жүретін қайық жоқ, құтқару жилеттерінің саны да санаулы. Төтенше жағдай бөлімі қазір профилактикалық- түсіндіру шараларын атқаруда. Ал, құтқару жұмыстарында мамандардың келуін күтеміз, - дейді.

Судан құтқарушылар штатын қайта беру мәселесі еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі мен департаментіне тікелей байланысты болғандықтан жауаптылардың жауа­бы күтілуде. Ал, қарапайым халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіру үшін төтеншеліктер де барын салып жатыр. Күндіз-түні өзен жағасына арнайы кезекшілік ұйымдастырылған. Аудандық полиция бөлімі, еріктілермен бірлескен рейдтік тексеру жұмыстарын да жалғастыруда. Соған қарамастан халықтың төтеншеліктердің ескертуіне құлақ аспауы судан келер қауіпті азайтпай отыр. Шомылу маусымы тіркелгеннен бері аудан көлемінде суға кету фактісі бойынша 4 оқиға тіркелген. Оның біреуі өзенде балық аулау кезінде орын алған қайғылы жағдай.

Жайықтың жағасын қоныстанғанымызбен аудан көлемінде суға шомылатын арнайы жабдықталған жағалаудың жоқтығы да тұрғындарды қынжылтып отыр. Бұл мәселе де бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Тоғыз ауылдық округте суға түсуге тыйым салынады тақтайшасы орнатылған. Алайда ескерту тақтасын әрбір 1000 метр сайын орнатқанның өзінде аздық етіп отыр дейді төтеншеліктер.

Барлық жерде суға түсуге тыйым салынған және ескертуді елеме­гендерге бірден айыппұл да салы­нады. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 412-бабы бойынша төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ескертусіз айыппұл салуға құқылы. Биылғы маусымда аудан көлемінде бір адамға ғана мұндай қатаң шара қолданылған.

Жағажай жұмысы жөнінде аудандық әкімдік тарапынан жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы С.Құжырбаев жауап берген еді.

– Қауіпсіз жағалау бойынша қазір Махамбетте арнайы суға түсетін орын жасақталмайды себебі барлығы қауіпті тіке жар. Өткен жылы коммуналдық жағажай ашу бойынша округ әкімінің шешімі шығып Сарытоғайдан жер бөлінді, бюджеттен қаржы қарастырылып қайықтар, кейбір құрал- жабдықтар сатып алынды, бірақ су тасқыны болып барлығы тоқтатылды. Қазір ол жағажай орны су тасқыны болғаннан кейін тіке жарға айналды, - дейді бөлім басшысы.

Тілсіз жаудан келер қауіп бүгінде сейілмей тұр. Ескерту мен тыйым салуға қарамастан ересектер мен жасөспірімдердің суға жасырын барып шомылатыны да жасырын емес. Бірақ қауіпті. Осы ретте шектеулермен шектеле бермей, бір уақыт халықтың да сұранысын ескеріп, жағажай мен құтқару қызметін іске қосу қолға алынса дейміз. Келер онжылдықта Жайықтың бойы туристік демалыс орнына айналмаса да, жергілікті халық алаңсыз демалатын қауіпсіз жағалауға айналарына сенеміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT