БАСПАНАМЕН ҚАМТУ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Ауданда тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша кезекте 1361 азамат тұр. Тұрғын үй кезегіндегі аза­маттарды баспанамен қамту негізгі басымдықтардың бірі десек, соңғы жылдары ауданымызда бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, өткен жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне 167 000,0 мың теңге, республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 6 пәтерге 82 412,0 мың теңге және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ң қаражаты есебінен жекешелендіру құқығы бар 40 пәтер сатып алуға 630 207, 0 мың теңге және облыстық бюджет трансферті есебінен қосымша қаржыландыру үшін 908 000,0 мың теңге қаражат бөлінді. Халықтың тұрмысының түзеліп, жайлы өмір сүруінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да жалғасып жатыр.

Аудан бойынша 23 көп пәтерлі тұрғын үй болса, оның 4-уі коммуналдық меншікте. Қалған 19 тұрғын үй жекешелендірілген. Апатты деп танылған көп пәтерлі 3 тұрғын үйдің тұрғындарын көшіруге облыстық бюджет қаражаты есебінен 30 үйді сатып алу жұмыстарына 540 000,0 мың теңге бөлініп, №20 және №169 көп пәтерлі үй тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру жұмыстары толықтай аяқталды. Сарайшық ауылына қарасты Н.Абуталиев көшесіндегі №6 Б көп пәтерлі үй тұрғындары да биыл толықтай көшірілді.

Оған қоса биылғы жылы әлеуметтік осал топ санаттары бойынша кезекте тұрған азаматтар үшін 10 үй сатып алуға жалпы 200,000 мың теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 141 614,0 мың теңге, облыстық бюд­жеттен 58 386,0 мың теңге қаржы бөлініп отыр.

Өздеріңізге белгілі, аудан орталығынан әр жылдары бой көтерген 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй баспанаға мұқтаж азаматтарымызға кезегімен беріліп келеді. Сондай 60 пәтерлік 4-ші тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары облыстық құрылыс, сәулет қала құрылысы басқармасы арқылы 2022 жылдың желтоқсан айында баста­лып, 2024 жылдың шілде айында аяқталған болатын. Мердігер мекеме – «KA-Строй LTD» ЖШС.

Аудандық құрылыс, құрылыс, сәулет қала құрылысы бөлімінің тап­сырысы негізінде аталмыш тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жасау үшін 2022 жылы «ГЕМАКАСЕС» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Құрылыс монтаж жұмыстары кезінде жо­бада трансформаторлық қосалқы стансасы ғимараты мен кәріз айдау сорғысы қарастырылмауы және жабдықтардың техникалық сипатта­масы мен құны сметаға сәйкес келмеу себептерінен жобаға қайтадан түзету енгізу үшін құжаттар облыстық бюд­жет комиссиясына ұсынылып, 2025 жылдың мамыр айында мемлекеттік сараптамадан шықты.

Өткен аптада аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев 60 пәтерлі көп қабатты 4-ші тұрғын үйге арнайы барып, жа­салып жатқан жұмыстардың бары­сымен танысты. Аталмыш нысанды аралау барысында аудан басшысы мердігер мекемеге нақты тапсыр­малар беріп, жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Қазіргі таңда 60 пәтерлік көп қабатты 4-ші тұрғын үйдің негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталып тұр. Кәріз жүйесі мен электр желілерін қосу және аумақты абаттандыру бойынша жұмыстары жыл аяғына дейін аяқталса, пәтер кілті иелеріне табысталатын күн алыс емес.

Б.САПАРОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT