Аудан орталығында ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Арғымақтан туған қазанат» деген атпен облыстық ақындар айтысы өтті. Оған Қызылқоға, Құрманғазы, Жылой, Исатай, Мақат, Махамбет аудандарынан және Атырау қаласынан барлығы 12 ақын қатысты. Айтыстың ұйымдастырушылары – Махамбет аудандық әкімдігі және «Айтыс» қоғамдық қоры.
Айтысты «Айтыскерлер мен жыршы-термешілер Одағы» Атырау облыстық филиалының директоры Шалқарбай Ізбасаров жүргізді.
-Қазақ халқының өзге халықтарға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті – төкпе ақындығы. Бабалардан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Елдің еркесі болған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары терең зерттеліп, ақын жөніндегі мағлұматтар күн өткен сайын молайып келеді. Өзіміздің арыстарымызды құрметтеп, қастерлеу біздің парызымыз, –деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев айтыстың ашылуында сөйлеген сөзінде.
Суырып салма жырдың бәйгесіне ақын Жәниба Қарасаева, мәдениет саласының ардагері Амангелді Есенғалиев, Мүтиғолла Ғани, республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпаздары Саадат Нұрманов, белгілі ақындар Серікбол Панабердиев пен Серік Қойшығұлов қазылық етті.
Аламан айтысқа ақындар жоғары дайындықпен келгендігін көрсетті. Махамбет Өтемісұлының ақындығы мен батырлығын, елдік пен бірлікті, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін, өңірдің ерекше қасиеттерін өз жырларына арқау етті.
Көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың қорытындысында бас жүлдеге Жәнібек Садыров (Индер) лайық деп танылды. Ал, бірінші орынға Батыржан Кәдірбай (Қызылқоға), екінші орынға Салауат Кәрімұлы (Жылой) мен Манарбек Сатыбалды (Атырау), үшінші орынға –Нұрбейбіт Нұғыманов (Құрманғазы) пен Ерасыл Мұхитов (Махамбет) ие болды.
Б.СҮЙЕУОВА