Қаржы пирамидаларымен күрес жалғасуда

Қазіргі таңда қоғамда оңай олжаға құмартып, түрлі айла-тәсілмен тез пайда тапқысы келетіндер аз емес. Соның ішінде адамдардың сенімі мен үмітін пайдаланып, оларды қарызға белшесінен батыратын қаржылық пирамидалар ең өзекті қатерлердің бірі. 
Алаяқтар өз жобаларын инвестициялық қор, кооператив, онлайн-платформа, криптовалюта немесе желілік маркетинг ретінде жасырып ұсынады. Әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жарнамалау кең тараған. Қаржы мониторингі агенттігі мен құқық қорғау органдары жүздеген қаржы пирамидаларын әшкерелеп, мыңдаған сайттар мен аккаунттарды бұғаттағанына қарамастан, алаяқтар жаңа атаумен, жаңа тәсілмен қайта пайда болып отырады. Бүгін Қаржылық мониторинг агенттігінде  өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін ойластыру қажет екенін айтты.
- Агенттік қаржы пирамидаларымен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Тек былтырдың өзінде 140-тан астам қылмыстық іс тергеліп, жарты миллионнан аса адамның қаржысын тартпақшы болған 15 мың сайт пен 123 чат жабылды. Алайда қабылданып жатқан шаралар да, түсіндіру жұмыстары да жағдайды түбегейлі өзгерте алмай тұр. Әйтсе де оң үрдіс бар. Неге? Өйткені алаяқтар пирамиданы түрлі қаржы құралдары сияқты ұсынады. Ал азаматтар олардың арбауына түсіп, бар тапқан-таянғанынан айырылып қалып жатыр. Сондықтан қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеп, проблеманың түп тамырын анықтаған жөн. Өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра, адамдарды түрлі алаяқтық схемаларға тартатын пирамида қатысушыларына құқықтық жауапкершілік енгізу мәселесін қарастыру қажет. Мұндай алаяқтарды немесе қымсынбай қылмысқа баратын жандарды түрмеге қамап, қылмыстық жазаға тарту керек. Егер Қаржылық мониторинг агенттігі, Үкімет осындай түзетулерді ұсынса, мен қолдаймын. Мәселені қарастырыңыздар. Осы тектес батыл шешімдер қабылдамасақ, ахуалдың оңала қоюы екіталай. «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес қаржы пирамидасын құру, басқару және жарнамалау қылмыстық жауапкершілікке жатады. Бұл үшін айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және бірнеше жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тіпті қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін де жауапқа тартылуға болады.
Қаржы пирамидасы – оңай табыс көзі емес, керісінше, үлкен қаржылық шығынға әкелетін қауіпті алаяқтық іс. Елімізде мұндай схемалармен күрес жүргізіліп жатқанымен, ең басты қорғаныс бұл – әр азаматтың сақтығы мен саналы таңдауы. Ақша салмас бұрын ойлану, тексеру және асықпау – өз қаржыңызды қорғаудың ең дұрыс жолы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT