Адамдар бұрмалаған дәстүр немесе алып қашу дәстүр ме әлде қылмыс па?

Ырымшыл, салт-дәстүрді берік ұстанатын қазақ халқының ежелгі салтының бірі - алып қашу қазірге дейін жалғасын тауып отыр. Өткен тарихымызда алып қашуды баяндайтын поэма, әңгімелерде  бұл дәстүрдің мәні бар. 
Сөзімізге арқау ретінде Ш.Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек» поэмасын алайық. Атасқан жігітінің ездігі мен ынжықтығынан құтылуға тырысқан Еңлік Кебекке өзін алып қашуды, бас қосуды сұранады. Екі жас ойларын іске асырып қашады, соңында екі рудың таласы қос ғашықты өлтірумен аяқталады. Бұл поэманы оқыған жан сөзсіз ғашықтардың батылдығына тәнті болып, сүйсіне қарайды. Ал қазіргі қоғамдағы адамдардың бұрмалаған алып қашуына осылай сүйсіне аламыз ба? 
Әлеуметтік желіде лезде таралған Шымкенттегі шулы жағдай баршамызға мәлім. Орда бұзар жастағы азаматтың өрімдей қызға қорлық көрсетуі, қызды бейбіт өмірінен айырып, келісімінсіз алып қашуы - үлкен дауға әкелген жайт. Қызды ата-анасы құтқарып, енді құтылдым ба дегенде артынан сталкинг жасап, азғындықпен өлтіріп соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.  
Кешегі өткен Ұлттық құрылтай жиынында бұл мәселе қоғамның талқысына салынды. Онда Президенттің:  «Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз.Бұл ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрекел, жабайы қылмыс. Ондай қатыгездікке жол беруге болмайды» деген сөзі көп адамға ой салғаны анық.  
«Қыздың «жоқ» дегені «иә» дегені» деп ыңғайлап алу – ауытқу. Ежелгі дәстүріміз деген желеумен ерікінен тыс алып қашу, сөзіне мән бермеу, оны нормаға айналдыру –  өрескел қателік қана емес нағыз қылмыс дер едім. Мұндай қылмысты елімізде «дәстүр» деген рамкаға салып, жайбарақат отыруды құптамаймын. Өзінің психикалық ауытқуын һәм қылмысын салт арқылы ақтап алу – қорқыныш. Қыз баласын сыйлаған қазақтың мұндай арсыздыққа баруы – мін. Қызды қорлау, ұрлау, келінін күң ету жойылса екен деймін. Адамның жеке құқығына қол сұғу арқылы  яғни келісімінсіз жүзеге асатын «дәстүрге» қоғам болып жоқ деуіміз керек!
Камила ЕРКІН,
Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT