43 жылын мәдениетке арнаған Алмаш Сейдмұхаммедова

Еліміздің, облыстың, ауданның, қала берді округ-ауылдың мәдениетінің өркендеуіне мол үлес қосып, шығармашылық тұрғыдан ұзақ жылдай еңбек етіп, халықты та­маша өнерімен қуантқан мәдениет майталмандары қаншама?! Есбол ауылында тұратын мәдениет саласының ардагері Алмаш Сейдмұхаммедова бар саналы өмірін мәдениет пен өнер саласына арнаған жан.

«ҮЗДІК ӘЙЕЛ» РӨЛІНІҢ ИЕГЕРІ

Алмаш Тұманбайқызы мектепті 1975 жылы бітірген соң Ақтөбе қаласындағы республикалық мәдени-ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түскен. Оқу орнын бітірген соң 1978 жылы Ма­хамбет ауданының Есбол ауылының жігіті Сәлімжан Жалмұхановпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, үлкен отбасына келін болып түсіпті. Сол 1978 жылдың тамызында Есбол ауылдық клубына меңгеруші болып жұмысқа орналасқан. Жолдасы Сәлімжан аға ұзақ жылдар бойы орманшы болып еңбек ет­кен көрінеді. Ол кісі еңбек еткен 43 жыл ішінде тек жақсы жағынан көрініп, мамандығына сай жұмыс жасаған. Апай ауыл тұрғындарына түрлі мәдени шаралармен қатар драма үйірмесін жүргізіп, ауыл сахнасында пьессалар қойған екен. Атап айтқанда Алмаш апаның түрлі кездесулер, сайыс- байқау, фестивальдар, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кештер ұйымдастырғаны есболдықтардың әлі есінде.

Алмаш Сейдмұхаммедова талай сайыс, байқауларға қатысып, жүлдегер атанды. Клубтағы драма үйірмесі К.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» траге­диясы, С.Жүнісовтің «Қызым, саған ай­там», «Дөкей келе жатыр» комедиясын, Е.Домбаевтың «Жоғалған адам» дра­масын, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясын әр жылдары сахнаға қойған. Алмаш апамыз 2013 жылы облыстық байқауда К.Кемеңгеровтің «Ал­тын сақина» драмасындағы Жанияның рөлін шебер сомдағаны үшін «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алыпты. Ол кісі талай рет қоғамдық жұмыстарға, сай­лау науқандарына да белсене қатысқан. Алмаш апа ауылдағы әйелдер кеңесі, Ес­бол орта мектебі ата-аналар кеңесінің төрайымы болып, жаңаша оймен, жаңа қырынан көріне білді. Әлі де ауылда өтетін шаралардан қалған емес.

Есбол ауылдық клубының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Айзада Байғалиева да апай туралы өз пікірін білдіре кетті.

- «Өз басым Алмаш апайды ұстазым деп санаймын. Ол кісі өте белсенді жан. Ешкіммен мен зейнет жасында­мын, ол шара маған неге керек деп са­наспайды. Клубқа шақырған уақытта қай шараға болсын ең бірінші болып келеді. Қойылымдарда рөлдерді ойнауда образға кіріп, бар жанын салып кірісетінін айтсаңызшы. Әсіресе, кейуана бейнесін шебер ойнайды. Маңызы бар үлкен шаралар өткізерде, сценарий жазарда ол кісімен үнемі ақылдасып, ақыл- кеңесін алып отырамын. Маған үнемі дұрыс жол, дұрыс бағыт көрсетіп келеді. Қашанда белсенді болып, тың идеялар айтып, жаңашылдық көрсетіп жүргені. Кезінде жастар мен жасөспірімдерге этикалық-эстетикалық тәрбие беруде түрлі шаралар өткізгенін де білеміз. Фестиваль, байқауларға ауданға, облысқа барсақ та бірге бала-шағасымен одан қатысудан қалған емес. Егемен еліміздің өзекті мәселесі-мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру мақсатында көркемсөз шеберлерін өзі үйреткен шәкірттері аудандық сайыстан бастап, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Қандай қойылым қойсақ та Алмаш апа бізбен бірге жүргені. Маған ол кісінің асқан белсенділігі, ашықтығы, жарқылдаған ақжарқын мінезі ұнайды» -дейді Айзада апайы туралы.

ӨНЕРІН САҚТАҒАН ЕЛ ӨРКЕНДЕЙДІ

Бір қараған жанға ауыл өмірі қызық. Әсіресе, мәдениет саласы дер едім. Халықты жинап, ән айтып, шапқылап жүретін де солар. Ауыл тұрғындарын ұйытып әкететін де, кәрі-жастың көзайымы да сол мәдениет жауынгерлері. Мәдениет – ұлт парасаты. Қай шара болсын күндіз-түні жүгіріп, жоқтан бар жасағанымыз есімде. Қашанда халықтың жанынан табылдық. Соны­сымен мәдениет қайраткерлері елге ыстық деп ойлаймын. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету жолында ешқашан шаршаған емеспін. Әлі де шаршамаймын да. Өңіріме тағылған «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл» төсбелгісі талай жылғы еңбегіміздің өтеуіндей мен үшін ыстық. Жазушы А.Чехов «өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деген екен. Иә, 43 жыл аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында түрлі жайттар мен оқиғаларды бастан кешіп, қызығы мен қиындығын да көрдік. Мен жастарға алдымен сапалы білім алу керек дер едім. Сол білімді еңбекпен ұштастырып, мақсатқа жетер ынта-жігер керек. Қазақта «Өнер – ұзақ, өмір – қысқа» деп бекер айтпаған. Өнерге ынталы, білімді, білгір, зерек, дарынды жастар ғана қысқа ғұмырда ұзақ өнер жолындағы жетістікке жете алады»-дейді Алмаш апай өз ой- орамдарымен бөлісіп.

Иә, мәдениет саласының ардагері Алмаш Тұманбайқызы Есбол ауыл клу­бында 43 жылдай еңбек етіп, 2017 жылы зейнеткерлікке шыққан. 2023 жылдың мамырында ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде Алмаш апай ау­дан әкімінің алғыс хатымен марапатталған еді. Шаңырақта Алмаш апа Сәлімжан аға екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде балалары оқу орнын бітіріп, әр салада еңбек етіп жүр. Қазіргі уақытта Алмаш апа мен Сәлімжан аға сол төрт ба­ласынан 14 немере –жиен көріп отырған жайы бар.

АДАМ ҰРПАҒЫМЕН МЫҢ ЖАСАЙДЫ

- Бала –отбасының көз қуанышы. Қазақ «балалы үй –базар, баласыз үй –қу ма­зар» деген. Сондықтан баланы ерекше қадірлеген. Біреу бақытты байлықтан тапқысы келеді. Екіншісі даңқ пен атақтан, қызмет пен мансаптан іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Ал адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам өмірінің мәні –өз ұрпағы. Адам ұрпағымен мың жасайды. Қазақ халқы баланы жастан, тіпті бесіктен, ана құрсағынан бастап тәрбиелеу керек деп өсиет қалдырған. Әр бала шыр етіп, өмірге келгеннен бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ержетеді.

Әке – шаңырақ иесі. Отбасы мүшелерінің жауапкершілігі толығымен ер азаматқа жүктеледі. Әйел –жанұяның ұйытқысы. Баланы өсіріп-тәрбиелеу –ата-ананың міндеті. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Со­нымен қатар бала сана-сезімін улайтын телеарналардағы түрлі бағдарламалар, ұялы телефон, смартфондағы әлеуметтік желідегі жайттар оның психикасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Балаларға жа­стайынан кітап оқытып, рухани білімнің берер тәрбиелік мәні өте зор екенін ұғындырған дұрыс. Бала бойында ұлттық құндылықтарды сіңіре өсіру қажет. Жат қылықтан аулақ болуға, тәртіпті адам үйде, мектепте, қоғамдық орындарда өзін-өзі қалай ұстауын санасына құйып отырған артық етпейді. Нарықтық экономикаға сай ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ой­лау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, іскер, бойында басқа да қасиеттер мол қалыптасқан азамат тәрбиелеу- әр ата- ананың міндеті.

Өз басым перзент болмысын түзетуді құрсақтан бастаған жөн деп санаймын. Дана халқымыз «Жасында бағу көрмеген, өскенде қарауға көнбес» дейді. Ұрпағын өмірінің мәні, қазынасы санаған қариялар «Құдай бала бер, бала берсең, сана бер» деп бекер айтпаған екен. Жалпыға тән адамгершілік қасиеттер-мейірбандық, сыйластық, өзара түсіністікке ұмтылу, өнерге тарту, үлкенге-құрмет, кішіге-ізет көрсете білдіруді, бүгінгі жас ұрпақты за­ман талабына сай тәрбиелеу керек дер едік.

Бала тәрбиесі-ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды қылмысқа әкелетін де, аздырып-тоздыратын да тәрбие екенін жақсы білесіздер. Балаға жас кезде әсер ететін құбылыстар әртүрлі болғанмен, оларды тәрбиелеуші, демеу болатын тек қана ата-анасы екенін ұмытпаған дұрыс. Мәселен, асыл дінімізде де бала тәрбиесіне байланысты қағидалар бар. Кезінде Батыр Бауыржан Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие-әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дегенін де еске аламын.

Тағы бір айтарым - қарттар үйінің көбеюі, ата-анасын сонда апарып та­стау- ащы да болса шындық. Мектеп жасындағы қыздардың жастай тұрмыс құруы, алып қашудың құрбанына айна­луы, жас бүлдіршіндердің жастайынан ет жақын туыстарының әлімжеттігіне ұшырауы да жақсы құбылыс емес. Жақсы жардың қадірін білмейтін ер азаматтар, ер қадірін білмейтін шайпау, жайсыз әйелдер қайдан шығып жатыр? Мұның бәрі сол ру­хани құндылықтың жоқтығынан. Тәрбие- тал бесіктен екені рас. Тал бесіктен жер бесікке дейін баланың өсіп-жетілуінің негізі отбасында жатыр. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата- ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Ел болашағы білім мен тәрбиеге байланы­сты. Ал тәрбиенің басты ұясы отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Сондықтан бала тәрбиесіне немқұрайлық, атүсті қарамай, аса жауапкершілікпен қараған артық етпейді. Бала – біздің айнамыз. Бүгінгі бейнет-кешегі үйдегі тәрбиенің жемісі. Қоғамдағы жақсы-жаман баланы, тіпті жеке тұлғаны қолдан өзіміз жасайты­нымыз ащы да болсақ шындық. Қазақ ұрпағының бақытты, баянды болғанын қалаған ел. Сондықтан ұрпақ ұлағатты болуына мүдделі болсақ, несі айып?! Келешегіміз ұрпақ тәрбиесін бүгіннен ба­стап қолға алып, ұл-қыздарымызды ұлтын, Отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеу, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды қолға алу басты міндетіміз екенін ұмытпайық,- дейді ақылман ана.

Ғасырлар бойы мұра болған, асыл қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарған, рухани байлық пен мәдени дәстүрлерді , өнерді сақтап, өркендету жолында еңбек еткен Алмаш апай қандай мақтауға да лайық.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521