Ізгілік пен қайсарлық ұштасқан күн

ЖЫЛ САЙЫН ЕЛІМІЗДЕ ҚАЗАН АЙЫНЫҢ СОҢҒЫ ЖЕКСЕНБІСІ ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ РЕТІНДЕ АТАП ӨТІЛЕДІ. ОСЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕГЕ ОРАЙ БИЫЛ АУДАНЫ­МЫЗДА АТАЛҒАН САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, мекеме қызметкерлерін дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту мақсатында өткен жарысқа Атырау, Махамбет, Мақат, Жылой, Құрманғазы, Қызылқоға, Ин­дер, Исатай аудандары командалары қатысып, өзара бақ сынады.

Облыстық спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға лебізін білдірді.

- Алдымен, баршаңызды әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Қоғамдағы көмекке мұқтаж жандармен жұмыс жасап, оларға қамқорлық, мейірімділік және жанашырлық таныту – әлеуметтік сала қызметкерлерінің басты ерекшелігі. Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, молшылық пен үй жайлылығын, оптимизм мен шығармашылық өсу тілеймін. Сіздердің біліктіліктеріңіз, еңбексүйгіштіктеріңіз, рухани жылулықтарыңыз адамдарға одан әрі қызмет етіп, өмірлік қиындықтарды жеңуге көмегін берсін. Бүгінгі облыстық спартакиадада баршаңызға сәттілік тілеймін, - деген тілегінен соң, барлық қатысушы командаларға Алғыс хат табыстады.

Сонымен қатар облыстық Еңбек мобильді орталығының директоры Қайрат Умаров та сөз алып, жарыс ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.

Айта кетейік, облыстық спартакиа­да спорттың бес түрінен атап айтсақ, волейбол, үстел теннисі, асық ату, садақ ату және тоғызқұмалақтан өтті.

Алғашқы спорт түрі волейболдан өткен жарыста І орынды «Атырау», ІІ орынды «Қызылқоға», ІІІ орынды «Құрманғазы» командалары еншіледі.

Үстел теннисінен ерлер арасында І орынды М.Есқалиев (Атырау), ІІ орынды С.Әбдіғалиев (Қызылқоға), ІІІ орынды Н.Құрақ (Мақат) иеленді. Аталған спорт түрінен әйелдер арасында І орынға Г.Кашимова (Қызылқоға), ІІ орынға Қ.Шығанақова (Жылой), ІІІ орынға Д.Зарипова (Құрманғазы) ие болды.

Халқымыздың дәстүрлі ойыны асық атудан ерлер арасында Қ.Иманғалиев (Индер) І орын, Б.Тайжанов (Аты­рау) І орын, ІІ орын, А.Ерғалиев (Құрманғазы) ІІІ орын иегері атанды. Әйелдерден І орын А.Пауеденоваға (Құрманғазы) бұйырса, жүлделі ІІ және ІІІ орындарды А.Кариева (Ин­дер) мен Б.Қанатбаева (Мақат) өзара бөлісті.

Ұлттық спорттың ең ежелгі түрі – садақ атудан да сынға түскен ерлер мен әйелдер арасында жүлдегерлер анықталды. Ерлер арасында Ж.Баймұханов (Атырау) І орынды, Қ.Шамарданов (Құрманғазы) ІІ орынды, А.Едігеев (Жылой) ІІІ орын­ды еншіледі. Ал әйелдер арасында исатайлық Э.Есқалиева І орынға, атыраулық Ә.Көбенова ІІ орынға, жылойлық С.Дүйсенова ІІІ орынға табан тіреді.

Көненің көзіндей болған көп жылдық тарихы бар спорт түрі тоғызқұмалақ сайысында шыдамдылығы әрі логикалық ойлау қабілетін қатар ұштастыра білген қатысушылардың арасынан үздіктері анықталды. Ерлер арасын­да Ж.Джанканов (Құрманғазы) І орынмен, А.Төлегенов (Қызылқоға) ІІ орынмен, Т.Дауылбаев (Атырау) ІІІ орынмен марапатталса, ал әйелдер арасында Ж.Нұрмағанбетова (Атырау) І орынға, А.Жамбылова (Қызылқоға) ІІ орынға, Б.Ибарим (Исатай) ІІІ орынға ие болды.

Тартысты әрі қызықты өткен спартакиаданың қорытындысымен командалық есеп бойынша І орын- ды «Құрманғазы», ІІ орынды «Қызылқоға», ІІІ орынды «Исатай» аудандарының командалары жеңіп алды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлде- герлері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан кубок, медаль, диплом, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT