Даламның тұлпарлары жосылды ағып...

ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҢ АРТЫНДА ҰЛТТЫҢ РУХЫ, ҰЛТТЫҢ НАМЫСЫ, ТАРИХЫ, МӘДЕНИЕТІ МЕН ДӘСТҮРІ ТҰР. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ. ЖУЫРДА АУДАН ӘКІМДІГІ МЕН КӘСІПКЕРЛЕРІ, АТБЕГІЛЕРІНІҢ ҚОЛДАУЫМЕН, МӘДЕНИЕТ БӨЛІМІ ЖӘНЕ «ӨНЕРПАЗ» АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ТАҢДАЙ ЖЕРІНДЕ ДҮБІРЛІ ТОЙ ӨТТІ.

Ұлттық құндылығымыз дәріптелген жарысты тамашалауға арнайы кел­ген аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жүлдесіне алтын емес, намыс тігілген додаға түскен спортшыларға сәттілік тіледі.

– Қымызды қанына, жылқыны жанына балаған қазақ халқы – салт- дәстүрге, ұлттық құндылықтарға бай халық. Егемен елдің іргесі биіктеп, еңсесі көтерілгелі сан ғасырлар бойы қалыптасқан ата дәстүр жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырған үстіне жаңғыра түсуде. Ендігі біздің міндет – сол бабалар ізімен жалғасқан ұлттық құндылықтарымызды болашаққа аманат ету болса, бүгінгі шара соның бір дәлелі болды. Лайым да жұртымыз аман, еліміз тыныш бол­сын! Бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шауып, кіл жүйріктен шын жүйріктер анықталып, нағыз жүйріктердің бағы жансын,- деді аудан әкімі.

Құнан жарысында Индер ауданы, Өрлік ауылынан келген Олжас Шонышевтың «Айқасқасы» мәре сызығын бірінші болып кесті. Жылыойлық Серік Тажиевтің «Мисс» атты құнаны екінші келсе, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алмалы ауылынан келген Мейрамбек Аманғалиевтің «Ле­геттасы» үздік үштікті түйіндеді. Құнан жарыстың жеңімпазына 300 мың теңге сыйақы берілсе, екінші орын иегеріне жылқы, үшінші орын иегеріне 100 мың теңге табыс етілді.

Тай жарысына қатысушылар арасында да талас күшті болды. Жылыой ауданының тумасы Алатау Мырзағалиев баптаған «Гауһартас» қарсыластарынан оқ бойы озық болды. Қызылқоғалық Айболат Лұқпановтың «Аякөз» атты тайы екінші келсе, «Зулфикар» мен «Бақ-торы» үшінші, төртінші бо­лып, мәреге жетті. Тай жарыстың жеңімпазына ұйымдастырушылар жылқы мінгізсе, орын алған өзге шабандоздар ақшалай сыйлыққа ие болды.

Жауын-шашынды күнге қарамас- тан келген көпшіліктің делебесін қоздырған Аламан бәйге де басталып кетті. Бұл дүбірлі додада махамбеттік Еркін Орынбасаров баптаған «Бөкен торы» жеңімпаз атанып, өзі баптаған сәйгүлігі үмітті ақтады. Жеңімпазға 1 миллион теңгенің сертифика­ты табысталды. Ақтөбе облысы, Байғанин ауылынан келген Қайсар Саркуловтың «Нарбас» атты жүйрігі мәреге екінші болып келсе, Қуандық Төлешовтің «Әсемторысы» мен Қуаныш Иманалиевтің «Ерсұлтаны» үздік төрттікке кірді. Аламан бәйгенің ІІ орын иегеріне 500 мың теңге, ІІІ орын иегеріне 300 мың теңгенің сертификаты берілді.

– Біз желмен жарысқан, жылқының жалында өскен жұрттың жұрнағымыз. Сондықтан жылқы десе, бәйге десе, бәріміздің делебеміз қозып отырады. Жылқы бізге қанат байлайды, ат – біздің рухымыз. Сол рухқа қызмет жасап жүрген атбегілерге, әрдайым қолдап, қолпаштап жүрген билік басындағы басшыларға өз ризашылығымды білдіремін! Қазақтың рухы әрдайым биік болсын! – деді атбегі Е.Орынбасаров.

Айта кетейік, жарыс ұйымдастырушылары төрт және бесінші орын алған шабандоздарды да ақшалай сыйлықпен марапаттады. Сонымен қатар өңірде ат спортын дамытуға өзіндік үлестерін қосып жүрген бір топ атбегіге аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің әншілері сазды бағдарламасын ұсынып, дала­ны думанға бөледі.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT