Интернет алаяқтар айласын асыруда

Елімізде алаяқтардың құрығына түсіп, сан соғып қалғандар саны жылдан жылға азаяр емес. Бүгінде технологияның жедел дамуымен желі арқылы халықты сан соқтырып жүргендер айласын асырып бағуда. Ашық дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы елімізде алаяқтық фактісі бойынша 11 613 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 4 984-і интернет алаяқтыққа қатысты болып отыр. Бұл алдыңғы жыл­дармен салыстырғанда еліміздегі интернет алаяқтық 4,1 пайыз өскенін көрсетеді дейді мамандар. Ал, 2025 жылдың алғашқы екі аптасында Махамбет ауданының өзінде 2 интернет алаяқтық қылмыс тіркеліп отыр. Жәбірленуші тараптың арыз- шағымы негізінде тергеу амалдары қалай жүргізілуде? Ауыл тұрғындарын алдап соққандардың аты-жөні анықталды ма? Жалпы интернет алаяқтықтың алдын алу шаралары ауданда қалай жүзеге асып жатыр? Осы және өзге де сұрақтардың жауа­бын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі полиция майоры Зинелғабитов Ерлан Зинелғабитұлынан сұхбат алған болатынбыз.

– Ерлан Зинелғабитұлы Махамбет ауданы бойынша осы жылдың басында бірден интер­нет алаяқтыққа қатысты екі дерек тіркеліпті. Өткен жылдың көрсеткіші қандай болды? Жалпы интернет алаяқтарға алданған ауыл­дастарымыз көп пе?

– Бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі интернет алаяқтық болып отыр. Қазіргі кезде нарықтық экономика жағдайында және кәсіпкерлік қызмет еркіндігінде пайдакүнемдікті көздейтін кең таралған қылмыстардың бірі - ол интернет алаяқтық қылмыстары. Иә, өткен жылмен салыстыр­малы түрде алсақ биылғы жылдың алғашқы екі аптасында екі іс тіркеліп, тергеу амал­дары жүргізілді. Бұрын меншікке қарсы қылмыстардың ішінде алаяқтық, соның ішінде интернет алаяқтық қылмыстары сирек кездесетін. Алайда, жаңа технологиялардың дамуы мен ғаламтор кеңістігінің жетілуі негізінде, соңғы жылдары бұл қылмыс түрі қарқынды өсуде. 2024 жылы аудан көлемінде 6 интернет алаяқтық қылмыс тіркелді. Мұның өзі шағын ауданымыз үшін айтарлықтай көрсеткіш деуге болады.

– Атап өткеніміздей, алаяқтықтың түрі көп. Сізге келіп түскен арыз-шағымдардың негізінде қандай сайттардан сақтануға кеңес бересіз?

– Интернет алаяқтықтың ең көп кездесетін түрі онлайн несиелер рәсімдеу, интер­нет парақшасында «Instagram, Facebook, Telegram, В контакте, Инстаграм және Оlх» қосымшаларымен автокөліктің қосалқы бөлшектерін сату, сонымен қатар, интернет парақшаларында әртүрлі заттарға жарнамалар шығару болып отыр. Жуырда ғана тіркелген істерді айтсақ, интернет желісі арқылы «ИП Айлиннен» автокөліктің дөңгелектерін 68 000 теңгеге алу үшін белгісіз адамға тапсырыс беріп алданған. Сонымен қатар, интернет желісі арқылы «фейзбук» қосымшасындағы жарнама­дан автокөліктің дөңгелектерін жөндейтін ап­паратты көріп, «Техно Альянс» парақшасынан 24 айға бөліп төлеуге белгісіз адаммен келіскен. «Халық банк» қосымшасымен «ИП Элина» 650 000 теңге ақшасын аударып тапсырыс берген. Ақыры, тапсырысы келмей алданған. Көп жағдайда, осылай онлайн тапсырыс берудің құрбаны болған тұрғындар келіп жа­тады. Оның үстіне қылмыстардың басым бөлігі республикамыздың басқа өңірінде тұратын адамдармен байланысты болғандықтан, тер­геу амалдары ұзаққа созылып, дер кезінде қылмысты ашу мүмкін болмайды.

– Соңғы уақыттарда жасанды интеллектінің көмегімен қылмыс жасау, жарнама жасау белең алды. Әсіресе, азаматтардың жеке дерегін ұрлау, бейнесін пайдаланып, жалған хабарлама тарату фактілері де кездесіп жата­ды? Осындай істер туралы не айтасыз?

– Сорақысы сол, қазір жасанды интеллектінің көмегімен өтірікті суша сапырып, қарапайым халықты сан соқтыру жиілеп кетті. Қазір ғаламтор кеңістігінде ненің жалған, ненің рас екендігін ажырату қиын. Мультимедиялық тех­нологиялар мүмкіндігін пайдаланған алаяқтар интернет арқылы да қылмыстық әрекетке ба­рып жатыр. Сіз айтқандай, белгілі бір тұлғаның бейнесін пайдаланып, жарнамасын жанды­рып, зат сатады. Артынша, оған қызыққан жүздеген адам тапсырыс беріп жатады. Мұндай жағдайлар да тәжірибемізде кездесіп жатады. Бастысы сақтық керек. Көп жағдайда онлайн саудаға қатысты алдану және фишинг, яғни банк карталары мен өзге де деректердің әккілердің қолына түсу фактілері кездеседі.

– WhatsApp желісі арқылы ағайын-туыстан ақша сұрап жазатындар пайда болды? Чат-бот арқылы адамдарды алдап соғу да алаяқтыққа жата ма?

– Әлбетте, мұның бәрі сол интернет алаяқтардың ісі. Бастапқыда бұған сеніп, сұраған қаржысын аударғандар да болған. Бастапқыда WhatsApp мессенджеріңізге «сіз ұтысқа ие болдыңыз» немесе үлкен жеңілдікпен түрлі тауар ала аласыз деген сілтеме келеді. Сілтемеге өткеннен кейін WhatsApp желісі істен шыққан. Осылайша алаяқтар жәбірленушінің атынан таныс-до­старына хат жазып, ақша сұраған. Осындай оңай жолмен олжалы болам дегендер бәрібір құрықталады.

– Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында ауданда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Интернет алаяқтық қылмыстарының ал­дын алу мақсатында Махамбет аудандық ПБ- мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы интернет алаяқтық тақырыбы аясында, он­лайн брифинг өткізіліп, орталық алаңдағы лед экранда бейнеролик көрсетіліп, интер­нет алаяқтықтан сақтанудың жолдарын ау­дан тұрғындары назарына ұсынып отыр­мыз. Бұдан басқа, стикерлер, буклеттер мен күнтізбелер жасалып, қоғамдық орындарға, халық көп шоғырланатын жерлерге, брошю­ралар мен билбордтар ілініп, осы тақырыпта профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Алайда, түсіндірме жұмыстарына қарамастан, ауданымызда интернет алаяқтардың құрбаны азаймай тұр. Біз тұрғындарға ескертуден жалықпаймыз. Заң мен тәртіп баршаға ортақ. Егер жәбірленуші болса, қылмыс тіркелсе, өз міндетімізді атқаруға қашанда дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

ТҮЙІН

Интернет кеңістігінде шекара жоқ. Әлеуметтік желілерден жалған парақша аша­тындар Қазақстанның ішінен де, шетелден де болуы мүмкін. Әйтсе, де онлайн тапсырыстың соңында опық жеп, сілтемеге сеніп, сан соғып қалатындар азаймай отыр. Телефоннан да қылмыс табылып жатқан заманда барынша қырағы болайық!

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT