Аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратовтың төрағалығымен өткен аудандық комиссияның мәжілісінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және оның салдарын жою жөнінде мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі үш мәселе бойынша жауапты бөлім басшылары баяндама жасап, қауіпсіздік шараларын қатаңдатуды ұсынды.
Атап өткеніміздей, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы жиында ауа райының қолайсыздығы, мұз тұру және сең жүру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, аудан аумағындағы құлақтандыру жай- күйлері туралы Махамбет аудандық ТЖ бөлім бастығы міндетін уақытша атқарушы Айгерім Медетова баяндады. Сонымен қатар, пиротехникалық отшашулардың қауіпсіздігін бақылау туралы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Дастанбек Расулиев толығырақ айтып өтті.
Полиция қызметкерлері ТЖ өртке қарсы қызмет бөлімдерімен бірлесіп, заңды және жеке тұлғалардың пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібінің сақталуын тексеру, сертификатталмаған өнімді көтерме жеткізушілерді анықтау бойынша жылдың 5-желтоқсанынан бастап «Пиротехника» жедел- профилактикалық іс-шарасы жүріп жатқанын хабарлады. Әрбір әкімшілік аймақ бойынша учаскелік полиция инспекторы сауда орталығы, дүкендерге хабарламамен ескертіп, сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді қатаң бақылауға алып, тексереді. Балалар арасында жарақаттануды болдырмау, қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызметке түскен полиция жасақтары, учаскелік полиция инспекторлары, сондай-ақ мектептегі полиция инспекторларының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ювеналдық полиция қызметкерлерінің оқу орындары аумағында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану, жолын кесу бағытындағы жұмыстары күшейтіледі.
-Тексеру нәтижесі көрсеткендей, аудан көлемінде пиротехникалық өнімдерді сататын сертификатталған сауда орны жоқ. Демек, пиротехникалық өнімдерді әкелу, сақтау, сату және пайдалану заңсыз болып табылады. Егер заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға ҚР ӘҚБтК- нің 196 бабымен(тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау, яғни еркін сауда жасауға ҚР заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасау)ҚР ӘҚБтК- нің 436 бабы, 2-3 бөлігімен(елді мекендерде пиротехникалық заттармен оларды қолданып жасалған бұйымдарды ұшыру), ҚР ӘҚБтК-нің 483 бабы 1-2 бөлігімен(азаматтық пиротехникалық заттарды және оларды қолданып жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, олармен сауда жасау, оларды жою, әкелу тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Біздің міндетіміз пиротехикалық өнімдермен болатын төтенше оқиғаларды, соның ішінде жасы кәмелетке толмағандармен жасалатын оқыс оқиғалардың алдын алу болып табылады,– деді баяндамашы Д.Расулиев.
Аудан әкімінің орынбасары А.Аймұратов комиссия отырысында қаралған мәселелердің бәрі де өзекті екенін атап өтті. Қашанда табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ әсіресе қыс кезінде жиілеп кететіні рас. Тұрғындар, жасөспірімдер ескертуге қарамастан, мұз тұру және сең жүру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамай өзенге балық аулауға барады. Ақыры кейде қай- ғылы оқиғамен де аяқталып жатады. Аудан аумағында құлақтан дыру жүйелерінің жай-күйі де жиын барысында талқыланды. Әсіресе, соңғы күндері әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, пиротехникалық отшашулардың салдарынан зардап шеккендер саны артып кетті. Тіпті, тұрғын үйге өрт түсті деген мәліметті де көріп жатырмыз. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін төтеншеліктер де ертерек қамданып, ескертуді қатаңдатуды сұрап отыр.
А.ТЕКЕБАЙ