Індеттің әрі қарай асқынбауы әркімнің өз қолында

Ірі қалалардың тұрғындарына залалын тигізіп үлгерген қауіпті індет енді ауылдарға да ауыз сала бастады.

Көршілес Индер, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарының бұқаралық ақпарат құралдары ауру асқынып барады деп дабыл қағуда. Ал ауданымыздағы ахуал қандай деңгейде? Бұл сауалды аудан әкімінің орынбасары,төтенше жағдай бойынша аудандық жедел штаб төрағасының міндетін уақытша атқарушы Светлана Аманшиеваға қойған болатынбыз.

-Бүгінгі күнге дейін ауданда COVID-19 инфекциясының неше жағдайы тіркелді?

-Аудан бойынша 6 жағдай тіркелді. 2-і Махамбет ауылынан (байланыста болған 25 адам медициналық тексеруден өткізіліп, нәтижесі таза болды), 1-і Таңдай ауылынан (байланыста болған 8 адам медициналық тексеруден өткізіліп, нәтижесі таза болды), 1-і Сарайшық ауылынан (байланыста болған 36 адамнан сынама алынып, 8-і жұқпалы аурулар бөлімшесіне оқшауланып, 28-і үй карантиніне жіберіліп, қатаң қадағалауға алынды), 1-Талдыкөл ауылынан (жұмысқа бару үшін тексерілу кезінде анықталған, ауру анықталған ошақта эпидемиологиялық шаралар жүргізілді), 1-і Бейбарыс ауылынан анықталды (байланыста болған 5 адамнан сынама алынып, медициналық тексеруге жолданды).

-Індеттің алдын-алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

-Ауылдық округ әкімдері 225 литр дезинфекциялық ерітінділер және жеке қорғаныс жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта су тазарту қондырғылары, ауылішілік жолдар, тротуарлар, парктер, балалар ойын алаңдары, әлеуметтік маңыздағы мекемелердің аумақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Дезинфекциялық жұмыстарға ауылдық округтерден белгіленген 25 адам және «Гумаров» жеке кәсіпкерлігі, «Профдезинфекция» ЖШС келісім шарт негізінде үлестерін қосуда. Аудан әкімдігінің өкімі негізінде құрылған мобильді топтар бірлесіп, дәріханаларды, азық-түлік және басқа да тауарлар сатумен айналысатын сауда нүктелерін, басқа да адамдар шоғырланатын белсенді қоғамдық орындар мен мекемелер барлығы 121 нысан тексеріліп, жеке бас қорғаныш тәртіптері мен әлеуметтік ара қашықтық талаптарының сақталуы бақылауға алынды. Елді мекендерде ірі көлемдегі думанды, спорттық, өзге де бұқаралық шараларды өткізуге, сонымен бірге, отбасылық, еске алу шараларының, соның ішінде үйде өткізілуіне және діни нысандардың жұмысына тыйым салынуына орай, жағдай тұрақты қадағалануда. 

-Теңіз кен орнынан уақытша жұмыстан босатылған азаматтардың және сырқаттанған адамдармен байланыста болған тұрғындардың денсаулық жағдайы медициналық бақылауға қойылып отыр ма?

- Аталған азаматтардың үй карантиніндегі тәртіптердің сақталуы жауапты мекемелер тарапынан күнделікті қатаң қадағалауға алынды. Қазіргі уақытта 110 адам карантиндік бақылауға алынған. Күн сайын мүдделі мекемелер мен ауылдық округ әкімдерінен жедел ақпараттар жинақталып, ахуалдар зерделеніп отыр. Қазіргі уақытта жүргізіліп отырған түсінік жұмыстарына қарамастан елді мекендерде түрлі отбасылық шараларды (еске алу, садақа, той т.б.) өткізу фактілері орын алуда. Бұл жағдайлар аталмыш сырқаттың одан әрі өршіп, таралуына себеп болуда.

Сондықтан ауыл тұрғындарын жағдайға түсіністікпен қарап, карантиндік сақтану шараларын қатаң ұстанып, жақын-жуықтарының денсаулығы мен өмірлеріне салғырт қарамауға шақырамыз!

Сұхбаттасқан:Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521