Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартпасын

Қытайдан бастау алған қауіпті індет елімізге де келіп жеткелі төрт айдың жүзі болып қалыпты. Осынау елең-алаң шақта еліміз есеңгіреп қалмағанымен, елеулі қиындықтармен бетпе-бет келді.

Орта және шағын бизнес өкілдері мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың , Теңіз кенішінде ауысымдық әдіспен еңбек ететін ер-азаматтардың жұмыстары тоқтап қалғандықтан, үкіметтен берілетін 42500 теңге көмекке қарап қалды. Оның үстіне бұл көмек те елдің бәріне бірдей берілмеді. Осының барлығы жиналып, тұрмыстың тауқыметін тарта бастаған тұрғындардың жүйкесін жұқарта бастағаны да жасырын емес. Короновирус індеті анықталған науқастарда ешқандай симптом байқалмауы да халықтың індетке деген сенімін азайтты.

Қазақ «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деп бекер айтпаған ғой. Ел онсызда қиындықты бастан өткеріп жатқанда әлеуметтік желіде фейк парақшамен арандатушылар пайда болып «Ешқандай ауру жоқ, мұның барлығы Үкіметтің қитұрқы саясаты» деген пікір таратушылар да көбейді. Осының салдарынан халық қайтадан жайбарақат күйге еніп, той-томалағына, садақасына, қонақтығына емін-еркін бара бастады. Басында тағып жүрген бетперделерінің де қажеттілігі болмай қалды. «Ешқандай ауру жоқ, бәрі жалған» деген сенім сананы әбден тұмшалап алды. Әрине, жоғарыда айтып өткен жағдайларды ескерсек, тұрғындарды да түсінуге болады. Күнделікті үреймен өмір сүргенше, өзіңді ауру жоқ дегенге сендіріп, тыныш өмір сүргеннен артық не бар. Алайда соңғы уақытта, аты жаман аурудың көршілес аудандардан, ауылдық округтерден көптеп шыға бастауы, ендігі науқастардан өкпе қабыну симптомдарының байқалуы, індеттің ақыр соңы өліммен аяқталып жатқаны бәрімізді де ойландыруы тиіс.

Дәл қазіргі уақытта халықтың көңілінде «ауру жоқ, бәрі өтірік» деген сенім басым болып отыр. Алайда, таразының екінші басында науқастардың саны күн өткен сайын артып бара жатқанын растайтын ресми ақпараттың тұрғанын да ұмытпайық. Сананы тұрмыс билеген заманда ашу мен ызаға берілгендіктен, тарыққандықтан, күйінгендіктен ойымыздағыны лақ еткізіп айта салғанымызбен, әлеуметтік желіде түбіне жеткізіп жазғанымызбен айналып келгенде бәріміздің де тілегіміз елдің амандығы, жұрттың тыныштығы екені анық.

Сондықтан барша жерлестерімізді өзі және өзінің отбасы, ағайын-тумасы үшін сақтық шараларын сақтауға, айтып келмейтін аурудың құрығына түсіп қалмауға шақырамын.

Б.СҮЙЕУОВА,

«Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521