Индера Нұрланқызын еске алуға арналған турнир өтті

 Білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелігіндегі нәзік жандылар арасында өткен сайысқа 30-ға тарта спортшы қатысты.

«Ұлағатты ұстаз. Өшпес тұлға!»

Облыстық Білім беру басқармасының Махамбет ауданы білім бөлімінің әдіскері, «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымының Махамбет аудандық комитеті» төрайымы қызметін атқарған марқұм Индера Нұрланқызы Алмурзинаның туған күніне орай еске алуға арналған «бес тас» ұлттық ойыны мен үстел теннисінен аудандық біріншілік өтті. Білім беру ұйымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелігіндегі нәзік жандылар арасында өткен сайысқа 30-ға тарта спортшы қатысты.

b

b

Қатысушылар бір минут үнсіздікпен ұлағатты ұстаз, білім беру саласында ұзақ жыл еңбек етіп, біліктілігімен танылған, ауданның, облыстың кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарында белсенді еңбек етіп, өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған Индера Нұрланқызын еске алды. «Ұлағатты ұстаз. Өшпес тұлға!» еске алу бейнеролигін тамашалағандар арасында сағыныштан өзегі өртеніп, еріксіз көздеріне жас алғандар болды. Қызы Нұргүл, өзге де бауырлары жүрекжарды тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының төрайымы Айгүл Мұқашева да білім беру саласы қызметкерлерінің еңбегінің өлшеусіз екендігін айта келіп, ыстық лебізін жеткізді.

b

- Бір салада қызмет атқарған қадірлі әріптесіміз Индера Нұрланқызына арналған керемет шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымды жеткізгім келеді. Индерадай адамдар арамыздан кетсе де есімі мәңгілік жүрегімізде, есімізде қалады. Оның білім беру саласында атқарған адал еңбегі ұмытылмақ емес. Ол кісі керемет жан еді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпақтары аман болып, анасы секілді ел үшін қызмет етсін деген тілегім бар. Махамбет ауданының жұртшылығын, кәсіподақ мүшелерін алда келе жатқан Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Жаңа жылымыз жақсылыққа толы жыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді А.Мақсатқызы.

Индера Алмурзинамен үзеңгілес еңбек етіп, білім саласының кәсіподақ жұмыстарында қоян-қолтық араласа отырып, кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғауда, еңбек заңдылықтарының сақталуында өзіндік үлесін қосып, апайдың еңбегін ерекше бағалай білген әріптесі, салалық кәсіподақтың Атырау облыстық ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы да өз естілігімен бөлісті.

b

- Қазақта «жақсының аты өлмейді» деген керемет сөз бар. Индера аз ғана өмір сүрсе де, артында үлкен мұра, із қалдырды. Ол – қандай істі қолға алмасын, жанын салып, бар күш-жігерін, жинаған тәжірибесін арнаған жан. Артынан ерген іні-қарындастарына да өзінің өмірден түйгенін үйретіп, шыңдай білді. Бүгінгі сайысты ұйымдастырушыларға рахметімді жеткіземін,- деген Қ.Сүндетұлы салалық кәсіподақтың облыстық ұйымы мен жарысқа қатысушы барша кәсіподақтың атынан Индера Нұрланқызының портретін отбасына сыйға тартса, аудандық филиал да өз сый-сияпатын ұсынды.

b

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері арасында өткен Индера Алмурзинаны еске алу турнирінің қорытындысында ІІІ орынды ұлттық ойын «бес тастан» Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің мұғалімі Жанар Қабдолова, үстел теннисінен Қ.Ахмедьяров атындағы орта мектеп қызметкері Айнура Аймушева жеңіп алды. «Бес тастан» ІІ орынға Жалғансай орта мектебінің қызметкері Әлия Майбасова, ал үстел теннисінен аталған мектептің мұғалімі Венера Төлегенова ие болды. І орын «бес тастан» аудандық білім бөлімінің әдіскері Айтөре Әбенова, ал үстел теннисінен Е.Ағелеуов атындағы орта мектептің кітапханашысы Айнұр Сұпығалиеваға бұйырды.

b

Сонымен қатар, «Индира Нұрланқызы атындағы арнайы жүлде» Д.Төленов атындағы мектеп-гимназия мұғалімі Ұлмекен Сапиева мен «Алтын балық» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Тойған Сариеваға берілді. Өздерінің жоғары деңгейдегі ойындарымен көзге түскен О.Шонаев атындағы орта мектептің мұғалімі Валя Жаңабаева мен Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің қызметкері Ақзия Орынбасароваға «Үздік ойыншы» номинациясы табысталды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар қоса табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521