Аудан әкімінің бекіткен кестесіне сай өткен жұмада Махамбет ауылдық округі әкімі Б.Мыңбаев жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, ауыл тұрғындары алдында есеп берді.
Әкім есебі тыңдалған соң, кезек сұрақ-жауапқа берілді. Ауыл тұрғындары тарапынан ауылдық округте игерілмей отырған жер көлемі жөнінде сауал түсті. Рас, бұл бүгінгі күннің өткір тұрған тақырыптардың бірі екені жасырын емес. Өткен жылы Махамбет ауылында игерілмей жатқан 50-ден аса тұрғын үйге арналған жер кері қайтарылған.Округ әкімі бұл жұмыстардың алға қарай да жалғасатынын атап өтті.
Әкім баяндамасында атап өткендей, өткен жылмен салыстырғанда туберкулез ауруына шалдыққандар саны артып отыр. Мұның себебін сұраған тұрғынның сауалына аудандық орталық аурухана басшының уақытша міндетін атқарушы А.Гайдарова жауап берді. Оның айтуынша, аурудың күшеюіне адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы, әлеуметтік жағдайдың төмендігі мен салауатты өмір салтын сақтанбауы себеп болып табылады.
Сарытоғайлық тұрғын ескірген жазғы су құбырлары мен ауыл маңындағы қоқыс алаңның қоршаусыз тұрғандығы жөніндегі мәселелерін ортаға салды. Ауылдық округ әкімі Б.Мыңбаев ауыл ішіндегі ескі су желілерін жаңарту жоспарға енгізілгенін және алдағы уақытта қоқыс алаңның қоршалатынын атап өтті. Игілік мөлтек ауданынан азық-түлік дүкенін салған кәсіпкер Б.Тілекқабылов инфрақұрылым жүйесімен қамтылмағандықтан дүкенді іске қосу мүмкін болмай отырғандығына ренішін білдірді. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы А.Қуанғалиевтың берген жауабына сәйкес, "Игілік "мөлтек ауданына инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жұмыстары аяқталғанымен, бұл жобада кәсіпкердің нысаны қарастырылмаған.
Округ әкімінің есеп беру жиынын аудан әкімі Ж.Ахметов қорытындылады. Ол Махамбет ауылында атқарылып жатқан ауқымды істермен қатар әлі де көңіл көншітпейтін мәселен, малдардың көше кезуін болдырмау үшін бақташы шығару, ауыл ішінің тазалығы, абаттандыру, «Жасыл белдеуді» талапқа сай ету сынды жұмыстардың бар екенін жасырмады.
Ол өз сөзінде ауыл тұрғындары үшін ең бірінші кезекте тұрғын үй салу жұмыстарының жалғасатынын, үш қатарлы 60 пәтерлік үш үйдің жобасын әзірлеп, облысқа ұсыныс беретінін және жер кезегінде тұрғандар үшін де алдағы бірер жыл ішінде жер беру мүмкіндігі қарастырылатынын мәлімдеді.
Б.Сапарова