МАХАМБЕТ АУЫЛЫНЫҢ БҰҚАР БЕТІНДЕ ОРНАЛАСҚАН ОСЫ БІР АЯДАЙ ҒАНА АУЫЛДЫҢ ҚАЛАЙ «ӨТКЕЛ» АТАЛЫП КЕТКЕНІН ДЕ ЕШКІМ БІЛМЕЙДІ. НЕГІЗГІ АТАУЫ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАРАСТЫ БОЛҒАНДЫҚТАН ҚЫСҚАША «ЛЕСХОЗ» ДЕГЕН АТАУ БЕРІЛГЕН ЕДІ. КЕЙІННЕН ЖАЙЫҚТЫҢ БОЙЫНДА, ӨТКЕЛДІҢ ДӘЛ ТҰСЫНДА ОРНАЛАСҚАН ЕЛДІ МЕКЕН ӨТКЕЛГЕ АЙНАЛДЫ. АУЫЛ, ЕЛДІ МЕКЕН ДЕП ЖАТЫРМЫЗ. БІРАҚ, РЕСМИ ТҮРДЕ БҰЛ ЖЕРДІҢ НАҚТЫ СТАТУСЫ ДА БЕРІЛМЕГЕН. БІРНЕШЕ ЖЫЛДАН БЕРІ ЕЛДІ МЕКЕН СТАТУСЫН АЛА АЛМАЙ, ЖАЙЫҚТАН ҚАТЫНАП ОТЫРҒАН ӨТКЕЛІНЕН ДЕ ҚОЛ ҮЗІП ҚАЛҒАН ХАЛЫҚ «БІЗДІ ҮКІМЕТ ҰМЫТ ҚАЛДЫРДЫ МА?» ДЕП БАЗЫНАСЫН АЙТЫП ОТЫР. РЕДАКЦИЯМЫЗДЫҢ ТІЛШІЛЕРІ ӨТКЕЛДІКТЕРДІҢ ОҚШАУЛАНҒАН ӨМІРІН КӨЗБЕН КӨРУ ҮШІН АРНАЙЫ БАРЫП ҚАЙТТЫ.
БАС ЖОСПАРДА БАРМЫЗ БА?
Жайықтың қос бетін жалғап отырған үлкен көпірден өтіп, көлігіміз қара жолға түсті. Біраздан соң, 6-7 шақырымдық жолмен шаңды бұрқыратып Өткелге де жеттік. Мұнда бізді осы жердің бір топ байырғы тұрғыны қарсы алып, өз мәселесін айтты. Солардың бірі, бүгінде денсаулығына байланысты аудан орталығына көшуді армандап отырған зейнеткер Ақзия Мұсағалиева:
– 1962 жылы осы жерде Орман шаруашылығының басшысы болып әкеміз Мұсағалиев Мұхит көшіп келді. Үкіметтен қызметтік үй беріліп, осы мекемеге қарасты бірнеше маман қоныстанды. Ол заманда дүркіреп тұрған өз алдына есеп-қисабы түгел мекеме болды. 80-жылдардың аяғына қарай бәрі тарап, жабылып, жергілікті тұрғындар осында тұрақтап қалды. Кейіннен аудан орталығынан үй салып, сатып алғандар мұнда тек мал шаруашылығымен айналысу үшін келіп тұрды. 2013 жылы жергілікті селолық округке барып бір құжаттар тапсыру барысында Өткелдің ауданның бас жоспарында жоқ екенін білдік. Елді мекен деген статусымыз да жоқ, одан қалса бас жоспарға енгізілмеген болсақ «біз сонда кімге қарастымыз?» деген сұрақ туындады. Содан бері аудан орталығына бізді көшіріп, баспанамен қамтуды сұрап келеміз, - дейді Ақзия Мұсағалиева.
Өткелде бүгінде жалпы есепте отызға жуық үй болса, бәрінің де қолында заңды құжаты бар. Тұрақты тұрғындар саны – 10 шақты үй. Бірақ, мұндағылардың да пікірі екіге жарылып отыр. Бірі осында қора- жайын сақтап, малын бағып отыра бергісі келеді. Ал, А.Мұсағалиева, Қ.Есениязов, С.Ізбасарова, Ж.Жоламанова сынды зейнеткер, мүгедектігі бар, көп балалы ата-аналар аудан орталығынан бір баспана бұйырса, көшуге әзірміз деп отыр.
«БАЛАЛАРЫМЫЗ БАЛАБАҚША КӨРМЕДІ»
Жолдасым Қанат Есениязов осы Лесхозда туып-өскен. Осы аядай ауылда отау құрдық, бала-шағалы болдық. Үйіміз ескіріп, жаңбыр өтіп балаларға қолайсыз болған соң 2019 жылы өз ауламыздан жаңа баспана тұрғыздық. Несие де алдық. Енді кешегі су тасқынының салдарынан ауламызға, үйдің іргетасына, құдығына, кәріз суы жиналатын құдыққа дейін ылғал өтіп, қабырға көгеріп бастады. Балаларымыз көз ашқалы балабақша, үйірме дегенді білмейді. Біз сайлауға да қатыспаймыз, халық санағында бар- жоғымызды да білмейміз. Мектепке балаларымыз автобуспен қатынап отыр. Биыл мектеп жасындағы баланың саны да азайып кетті. Енді олар үшін арнайы автобус келе ме, жоқ па оған да алаңдаулымыз. 2018 жылы орталыққа алаңсыз қатынап отырған өткеліміз (паром) тоқтап, жағдайымыз қиындап кетті. Жолдың жайы онсыз да белгілі, көлік болған күнде де батпақта шыға алмаймыз. Қайықпен өтудің де қаупін көп адам біле бермейді. Қырық жыл бұрынғы ағашы қақырап тұрған қайықтар қаншалықты қауіпсіз? Оны есіп, әрлі-берлі өтетін де ауылдағы жалғыз ер адам қазір менің жолдасым болып отыр. Мемлекеттің есебінде бар болсақ, неге біздің жанайқайымызды ешкім естімейді? - дейді көп балалы ана Гүлмира Атшыбаева.
АУЫЗ СУҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫРМЫЗ
Өткен жылғы көктемгі су тасқыны кезінде өңірде төтенше жағдай жарияланып, ауданға бір топ Мәжіліс депутаты ат басын бұрған еді. «Amanat» партиясының атынан сайланған Нартай Аралбай, Ринат Зайытов, Абзал Құспан сынды қоғам белсенділері, депутаттар жаға бекіту жұмыстарымен танысу кезінде осы Өткелдің мәселесіне де тоқталған екен. Аудан әкімі Қайрат Есқабылұлы мән-жайды түсіндіріп, елді мекен статусын алу мәселесіне қомақты қаражат керек екенін айтқан болатын. Бұл бейнежазба әлеуметтік желіге тарап, өткелдіктердің өзі де әлі күнге сақтап келеді. Расында сол уақытта алып Жайықтың үстіндегі бір арал секілді бөлініп қалған Өткелді топан судан аман қалады деп ешкім ойламады. Халықтың күні- түні қайтпас жігермен соққан бөгеті ауылды қорғап қалды. Тұрғындарды төтеншеліктердің қайығымен тасымалдауға мәжбүр болды.
Су келген уақытта біз ауданға қатынастан қол үзіп қалдық. Жайықтың ернегі үйіміздің іргесіне келіп тұрды. Азық-түлігіміз азайып, ауыз су қорымыз да таусылды. Сөйтіп әкімдік тарапынан азғантай гуманитарлық көмек қана алдық. Құдығымызда су біткен соң ер азаматтар өзеннің орта шеніне барып мотормен тіке тартуға мәжбүр болды. Қанша жылдан бері біз таза су қондырғысына жете алмай келеміз. Ішкеніміз де, жуынғанымыз да осы тазартылмаған Жайықтың суы. Құдыққа айына үш рет 3 мың теңгеден су құйдырып ішеміз. Судың жиегінде тұрып суға жарымаған біз болдық,-дейді зейнеткер Жаңылдық Жоламанова.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖЕТЕ АЛМАЙ...
Ауыз су, жол мәселесінен бөлек мұнда жедел жәрдемнің уақытылы жетуі де екіталай. Бірер жыл бұрын жедел жәрдем күткен Гүлмира Атшыбаеваның айлық немересі мұздан өтіп өздері жетемін дегенше қайтыс болған еді. Жас сәбидің өлімінен соң ата-анасы да біраз жауаптылардың есігін қағып мардымды жауап ала алмапты. «Бәлкім сол қыстыгүні жедел жәрдем уақытында жеткенде немереміз аман қалар ма еді?» деп те күйініп отыр ата-әжесі. Ал, екінші топ мүгедегі Светлана Ізбасарова мен Жаңылдық Жоламанова талай мәрте қан қысымынан құлап, аудандық емханаға өз күшімен жеткенін айтады. Қарлы, жаңбырлы маусымда жедел жәрдем көлігі жете алмайтынын тұрғындар да түсініп отыр. Қарттар мен балалар ауырса қайтып тасымалдаймыз деген уайым да жоқ емес. Себебі, қазір бұрынғыдай өткел де, қайыққа отырғандардың қауіпсіздік кеудешесі де жоқ. Қайықтан бөлек, енді қауіпсіз жағалау өткелдіктер үшін мәселеге айналды. Жаға бекіту жұмыстарына арналған темір қоршаулар мен тік жар тұрғындарға тіптен қолайсыз. Күнделікті жұмысқа осы Өткелден қатынап отырғандардың қатарында әріптесіміз Гүлдана Сәдуақасова да бар.
–Жаға бекіту жұмысын атқарып жатқан мердігер мекеме арнайы жаяу жүргіншінің өту баспалдағын Өткелдің тұсына орнатпаған. Қазір қоршау жұмыстары бұрынғы өткел маңында жүріп жатыр. Ешқандай қауіпсіздік талабына сай болмаса да, жағаға қайығымызды байлап өтіп жүрміз. Қарттар мен балалар тайып құласа жарақат алып қала ма деп қорқамыз,-дейді ол.
Осыдан бес жыл бұрын өткелдіктер жаяу жүргіншілерге арналған көпір мәселесін де көтерген-ді. Алайда, сол кездегі аудан басшылығы: «Жобаны жаға бекіту жұмыстарына қосуға тырысамыз, бірақ көп қаражатты талап етеді» - деп жауап берді. Ал, баспана мәселесімен тұрғындар енді кімге барарын білмей дал болуда. Себебі, заңдылыққа сүйенсек мұндағы үйлердің жері, аумағы аудандық орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі. Бірақ тұрғындардың қолында жекеменшік үйдің құжаты бар. Аудан әкіміне, ауылдық әкіміне, депутаттарға да базынасын айтып әбден шаршаған халық енді бізге арнайы комиссия құрып, мәселенің мән-жайын шешіп берсін деген өтініш айтуда. Біз тұрғындардың талап-тілегін тыңдадық, өтінішін аяқсыз қалдырмауды жөн санадық. Осы орайда «Өткелдің болашағы не болады? Орман шаруашылығы мәселеден хабардар ма? Баспанамен қамту мәселесі жақын арада шешіледі ме?» деген сауалдарға жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтар жауабын газетіміздің келесі санында жариялайтын боламыз.
А.САТАЕВА