Ғибратты ғұмыр

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары тек майданда емес, тылда да қажырлы еңбекпен, төзіммен ерлік жасаған мыңдаған жандардың тағдырын қалыптастырды. Сол ұлы ұрпақтың өкілі – тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Нұрзиба Баймұханқызы Баймұханова.

Адал еңбек, ұрпақ тәрбиесі, туған жерге қызмет — Нұрзиба ананың ғұмыры осы үш асыл ұстанымның айналасында өрілді. Оның тағдыры – бір адамның емес, бүтін бір ұрпақтың тылдағы ерлігі мен еңбегінің айғағы іспетті. 1930 жылы Гурьев облысы, Балықшы ауданы, Қызылжұлдыз ауыл советінің №18 ауылында дүниеге келген Нұрзиба апа балалық шақтың қызығын көруден гөрі өмірдің ащы сынағына ерте тап болды. Әкесі Баймұхан Ұшмағамбетов Отан соғысында ерлікпен қаза тауып, Нұрзиба анасы, бауыр­ларымен бірге қиындықтың талайын бастан өткерді. Аштық пен жетімдікке қарсы тұру үшін жанкешті еңбек қажет еді.

Бірақ Нұрзиба апа жоқшылыққа мойымады. Білімге деген іңкәр жүрек оны 1937-1938 оқу жылында «Қызылжұлдыз» бастауыш мектебінің табалдырығын аттатты. Тынбай оқып, 1944- 1945 жылдары сегіз жылдық мектепті аяқтап, арман жетегінде Гурьев қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте білімін жалғастырды. 1947 жылы он жылдықты тәмамдады. Алайда сол кезеңнің қиындығы жоғары оқу ор­нына түсуге мүмкіндік бермеді. Өз естелігінде Нұрзиба апа сол шақтарды:

— Ол уақытта әркім өз тағдыры үшін күресті. Мен де елге еңбегіммен қызмет етсем дедім, — деп еске алады.

Осылайша 1947 жылы Жылыой ауданында мұғалімдік қызметін бастады. 1948-1949 оқу жылында отбасылық жағдайына байланы­сты туған ауылындағы Қызыл жұлдыз орта­лау мектебіне ауысты. Мұнымен тоқтамай, 1949 жылы педагогикалық училищенің сырт­тай бөліміне түсіп, мұғалім дипломын алды. Ізденуге деген ұмтылысын бәсеңдетпеген Нұрзиба Баймұханқызы 1951-1953 жылдары Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтында білімін тереңдетті.

1953 жылдың тамыз айынан бастап тағдырын ұстаздықпен мәңгілік байланыстырып, Махам­бет ауданының Редут сегіз жылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бұл мекен оған жай жұмыс орны емес, өмірінің үлкен мағынасына айналды. Ол әр сабағын шәкірт жүрегіне шырақ жағу деп ұқты.

Ұстаздық қызметпен қатар Нұрзиба апа ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласты. Комсомол ұйымының, кейін партия ұйымының хатшысы ретінде елдің мәдени дамуына ықпал етті. Оның өмірлік ұстанымы әрдайым айқын еді:

«Ел үшін адал еңбек ету, ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру, үлкенді сыйлап, адалдықтан аттамау».

Отбасында да ұрпақ сабақтастығының тамаша үлгісін көрсетті. Жолдасы Ізғали Ашихов Редут ауылында дүкенші болып, еңбек етті. Қызы Зоя Ашихова ұзақ жылдар бойы дәрігер-кардиолог ретінде қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Ұлдары Берік пен Райымбек көлік жүргізушісі болып еңбек етуде. Бүгінде Нұрзиба анамыз кіші ұлы Райымбек пен келіні Меруеттің қолында тұрып, Бейбітнұр, Гүлнұр, Назар, Заңғар, Рами­лия атты немерелерінің қызығына бөленіп отыр.

Ұстаз еңбегі зая кеткен жоқ. Оның тәлімін алған жүздеген шәкірт бүгінде елдің түкпір- түкпірінде еңбек етіп жүр. Олардың ішінде таны­мал журналист Төлеген Берішбаев, тәжірибелі ұстаз Ханшайым Аманова, білікті дәрігер Шал­хар Тасқалиев сияқты азаматтар бар. Бұл – апаның өнегелі еңбегінің шынайы жемісі.

Ерен еңбегі ескеріліп, Нұрзиба Баймұханқызы Құрмет грамоталарымен марапатталды. 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медалімен, биыл «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, ел құрметіне бөленді.

Нұрзиба апаның ғибратты ғұмыры – адалдық пен еңбектің асыл үлгісі. Оның өмір жолы ұрпақтың санасына ізгілік пен жауапкершіліктің маңызын ұялатып келеді.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT