Сарайшық ауылында «Сары айдың сәулесінде» атты музей түні «Өнерпаз» мәдениет үйі ұжымының «Сарайшыққа Қасым ханның келуі» театрландырылған қойылымымен басталды. Ұлы Қасым ханның келбеті мен сол кездегі ортағасырлық Сарайшықтың жауһар сәттері қалың көрерменнің жүрегіне тікелей жол тапты. «Сары айдың сәулесінде» музей түнін аудан әкімінің орынбасары Махамбет Ербөлек ашып, алыс-жақыннан келген меймандар мен жиналғандарды құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй тіледі. Аудан әкімінің алғыс хатымен Айкөркем Мұстажап, Карина Каримова, Алмагүл Гизатова, Айман Шауденова, Асем Шеркешбаева марапатталды.
Музей түніне бір топ шетелдік меймандар да ат басын бұрған екен. Ресей Федерациясы, Астрахан облысынан келген «Жолдастық» қазақ мәдениет қоғамы өкілдері, төраға 1 орынбасары Бекмұханов Омерзах Қабылұлы, қоғам мүшелері Күлжүмүров Арон Хайретденұлы, Күдірбаев Ғаділбек Зейннетұлы болды.
«Жолдастық» қазақ мәдениеті Астрахан облысындағы өңірлік қоғамдық ұйым төрағасының 1 орынбасары Омерзах Бекмұханов барша жұртшылықты мерекемен құттықтап, Сарайшық музей-қорық директоры Әбілсейіт Мұқтардың кеудесіне «Жолдастық» ҚҰ атынан «Құрманғазы» медалін тақты.
Кеште құттықтаған «Едіге» ноғай мәдени орталығы Астрахан облыстық жастар қоғамдық ұйымының төрағасы Әлмұхамед Ильдар Салаватұлы, Айтмамбетов Рамиль Хисметоллаұлы музейге ғажайып өнер туындылары майлы бояумен салынған-картиналар сыйлады.
Музей түнінде Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптіп одағы ҚБ төрағасы, тарих ғылымының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы да құттықтап, облыстық кәсіподақ атынан Мәди Жұмағалиевті, Сәлім Сабырғалиевті, Қартқожа Нұғымановты, Фарида Халихованы, Сайлаугүл Боранқұлованы, Ақжібек Стамғалиеваны алғыс хатпен марапаттады. Ал мекеме ғалым-хатшысы Амангелді Жұмабаевқа еңбектегі табысы үшін Абай облысы, Алакөл демалыс кешеніне тегін жолдама ұсынды. Бұл еселі еңбектің еленуі мен руханиятқа қосқан үлестің жарқын дәлелі.
Сарайшық музей-қорығы директоры Әбілсейіт Мұқтар да сала мамандарын құттықтап, Сарайшық қарқынды дамып жатқанын, алдағы уақытта мұнда халықаралық симпозиум өтетінін, Ащысай, Қарағайлы, Күліш керуен сарай табылғанын, алдағы уақытта Анкарадан бес студент тәжірибеден өтуге келетінін жеткізді. Ол мекеме атынан Алғыс хатпен аға ғылыми қызметкер Жүніс Байғалиевті, мемлекеттік сатып алу маманы Майра Лекерованы, заңгер Эльмира Уринбасарованы марапаттады.
Шарамен қатар ұлттық ойын асық атудан жарсы ұйымдастырылды. Қатысушылар дәстүрлі ойын ережелерімен танысып, шеберліктерін көрсетті. Бұл жарыс ұлттық ойындарды насихаттау, салт-дәстүрді жаңғыртуға бағытталды. Ғимарат ішіндегі музей залдарында интеллектуалды ойындар да ойналды. Қатысушылар білім мен зияткерлік қабілет-қарымын көрсетіп, тарихи-мәдени білімін кеңейтіп, музейге деген қызығушылықтарын арттырды. Жүйрік шыққандарға сыйлықтар табысталды. Музей түнінде қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаты, сауда-саттық, суретшілер көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі қатар жүрді. Ауданның қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетіп, Атырау қаласынан «Қазақия» қоғамдық қоры, Қырғызстан Республикасынан келген ағаш шеберлері, Моңғолиядан келген қолөнер шеберлері де болды.
Жиналғандарға аудан, ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Сарайшықтық өнерпаз Майрагүл Қабижанқызы «Ұнайсың», халық әні «Әриайдайды» әуелете шырқады. Ал Айнагүл Ғаббасова «Гүлсезім» әнімен көрінді. Али Тулеуов «Атамекен» әнін шырқауымен есте қалса, Дана Ғасырбек «Көктем шуағы», «Ақ қайың» әндерін шебер орындады. Нұрболат Баяхмет «Мен сені ұнатамын», «Таңғы елес» әндерін шырқауымен көзге түсті. Домбыра ансамблі «Әлқисса», «Балбырауын» күйлерін күмбірлетті дерсің. Әнші Гүлсая Меңдігереева «Сұлуым» әнімен көрінсе, Ержан Молдан «Су тасушы қыз», «Көршінің қызы» әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ақкенже Құлымова «Қыз жүрегі», «Қош бол» әндерін орындаса, Али Тулеуов «Іңкәрім-ай» әнін тамылжыта шырқады. Амандық Исатай «Жолдар» әнімен кеш шымылдығын жапты.
Музей түнінде қазақстандық шахмат федерациясы мен Атырау облысы шахмат федерациясының вице-президенті , аға жаттықтырушы Сабырбай Төлегенұлы бір мезетте бірнеше қатысушымен шахмат партиясын өткізді. Турнирге түрлі жастағы қатысушылар белсене қатысып, бақ сынады. Өз шеберліктерін көрсетті. Жеңімпаздар арнайы марапаттармен, дипломдармен марапатталды. Жүлделі 1 орынға 10 сынып оқушысы Ержан Сәлімгерей ие болса, 2 орын 5 жасар Асма Ақылбайға бұйырды. Жүлделі 3 орынды Марлен Жұмағалиев иемденді. Алғыс хатпен Жылқышы Нұрғалиев, Мажит Ерғалиев, Сағынжан Мусин, Мадияр Көбен, Қобланды Темиров марапатталды. Бұл зияткерлік шахмат сайысы рухани кештің көркін келтіріп, барлық қатысушыларға шабыт сыйлады.
А.Қуанышқалиева