Аналар арқалаған ауыртпалық

Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тыл ардагері» төсбелгісін алған жандардың бірі – Сарытоғай ауылының тумасы, «Ембімұнайгаз» компаниясының ардагері, ауданымызда алғашқылардың бірі болып, құрылыс сала­сында еңбек еткен Дүйсен Қаржаубаев атамыз.

Бүгінде сексеннің сегізіне келген қарияны арнайы ауылына іздеп барып, тілдескен едік. 1937 жылы осы Сарытоғайда дүниеге кел­ген Дүйсен ақсақал ата-анасынан тараған жалғыз тұяқ. Анасы Ақкенже Қаржаубаева өмір бойы «Орал» совхозында еңбек етіп, аты аңызға айналған Сарытоғайдың алма бағында өзіндік қолтаңбасы қалған жан. 1941 жылы соғыс басталған уақытта елде жаппай еңбекке жұмылдыру, тыл жұмыстары басталғанда Ақкенже анамыз кішкентай бала Дүйсенді малдық азық дайындауға, отын тасып, шөп жұлуға ертіп әкететін болған.

«Тылдағы еңбектің ең ауырын, бейнетін көрген осы біздің аналарымыз еді. Біз ол кезде небәрі 5-6 жасар бала едік. Таңғы сағат 5-те тұрып, түнгі 00:00-ге дейін марқұм шешемдер бел жазбай, жұмыс жасады. Алма бақты да бап­тады, майданға азық та дайындады, совхоздың малын да бақты. Біздің көп жұмысқа әліміз кел­месе де қарға үркітіп, шөп жұлып, су тасып, ана­мыздан бір елі қалмай, еріп жүретінбіз» -дейді Дүйсен қарт өткен күндерден еміс-еміс есте қалғандарымен бөлісіп.

Дүйсен атаның әкесі Шәздә Қаржаубаев та 1941 жылы майдан даласына аттанып, 1945 жылы 17-сәуірде Берлин түбіндегі қанды қырғында қаза табады. Орысша-қазақша сауатты болған әкесі соғыс жылдары ауылға жиі хат жа­зып, хабар алысып тұрған. Әйтсе де Жеңістің жақындаған сәтінде небәрі бір апта қалғанда елге жете алмай, жат жерде көз жұмғаны жанға батады дейді баласы Дүйсен Қаржаубаев. Ақкенже анамыз да әкесінің жалғыз тұяғы, аманатын аман-есен өсіріп, жетілдірем деп еңбек етіп, ел қатарлы аяққа тұруға тырысады. 1956 жылы 10 жылдық білім алған соң Дүйсен Қаржаубаев Қиыр Шығыс жеріне әскерге жол­дама алып, Сахалин, Курель аралдарында боры­шын өтеп келеді. 1959 жылы әскерден оралған бетте Атырау мұнай техникумының құрылыс факультетіне оқуға түсіп, 1962 жылы оны тәмамдап шығады. Алғашқылардың бірі болып, сол кездегі Тұтынушылар қоғамының «ПМК» мекемесіне құрылыс жұмысын жүргізуші (про­раб) болып орналасады. Дәл осы жылдары ау­данда үлкен құрылыс нысандарын салу жұмысы басталады. Қазіргі «Ақниет» дүкені, «Аққу» ба­зарын, көптеген қызметтік үйлер мен наубайха­наны өзінің командасымен бастан- аяқ салып, табыстаған осы Дүйсен Қаржаубаев еді. Кейін 1974 жылы Ембімұнайгазстрой мекемесіне жұмыс ауыстырып, туған жері Сарытоғайдың гүлденуіне үлес қосады. Алма бақтың жемісінен дайын, консервіленген өнім шығаратын алғашқы заводтың , 650 тонналық мұздатқыш қойманы да салуда өзі құрылысқа толықтай жауапты болған. Одан бөлек Сарытоғайдың балабақшасын, қызметтік үйлер мен бірқатар нысандарын са­луда қолтаңбасын қалдырған осы Дүйсен ата­мыз. 1984 жылы Сарытоғайдағы жұмыстар аяқталған соң «Ембімұнайгазстрой» компа­ниясына түбегейлі қызмет ауыстырып, ата­мыз Мақат, Байшонас, Доссор аудандарында құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты болып тағайындалады. 1997 жылы аталмыш компани­яда зейнет жасына жетсе де, тағы бес жылдай жұмыс жасап, қырық жылдық еңбек өтілімен демалысқа шығады. Бүгінде қырық бес жыл отасқан жары Дәмелі Ниязғалиевамен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. Дәмелі анамыз да ұзақ жылдар алма бақта еңбек етіп, үйдегі қарт енесін күтіп-баққан, бір әулеттің тұтқасын ұстаған сыйлы келін болған. Дүйсен қарттың әкесі өмірден ерте кетсе де, тағдырдың тауқыметін тартқан анасы Ақкенже ұзақ ғұмыр кешіп, 2010 жылы 100 жасында дүние салады.

«Несіне қуанасың, бала батыр, қариялар азайып бара жатыр» деп ақын Төлеген Айбер­генов жырлағандай, бүгінде соғыс ардагерлері елімізде саусақпен санарлықтай қалды. Ал тылдың өзін көргендер, көзбен көргендердің де қатары жылдан жылға сиреп барады. Бала болса да, сол күндердің бейнетін әлі күнге ұмытпаған Дүйсен қарт бүгінде Сарытоғайына сыйлы, сол ауылдағы жасы үлкен ақсақалдардың алды бо­лып отыр.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT