Газеттің алғашқы жауапты хатшысы

19 жасында соғысқа аттанып, қайта оралмаған боздақ

«Ленин жолы» газетінің бірінші санын шығарушыларының бірі, басылымның алғашқы жауапты хатшысы, 19 жасында соғысқа аттанып, қайта оралмаған боздақ Еламан Қапсалықов.

Бауырларының есінде мәңгі жас қалпында қалған жауынгер-журналист туралы бүгінде Сарытоғай ауылында тұратын 86 жастағы інісі Есенаман аға әңгімелеп берді.

-Менің әкем Жайлыбай баласы Қабисалық Беріш-себек руынан. Анамның айтуынша, әкем шала сауатты болғанымен, арабша оқыған шариғат шарттарын да жетік білген. Өте ұстамды, артық сөзі жоқ, анамды аялап, сыйлайтын, шаруақор адам еді. Анам да мұсылманша оқып, жаза алатын, емшілік қасиетті ұстанған адам. Ата-анамыздың тұңғышы Еламан 1922 жылы Атырау облысы, Жаманқала ауданына қарасты Жанбай ауылында дүниеге келген. 1938-39 жылдары Сарайшықтағы орта мектепті үздік бітіріпті. Бір ауыз орыс тілін білмейтін қазақтың қиян ауылы, қара құмынан шыққан қазақ баласы орыс және неміс тілін өздігінен еңбектеніп жүріп, үйреніп алыпты. Ол уақытта оқыған, сауатты адамдар өте аз. Мектеп директорының орынбасары болып, қызмет ететін Семенович деген орыс сол кездегі бірінші хатшы Әлжан Өтегеновке ағамның сауатты, білімді екенін айтады. Содан соң ол ағамды аудандық комитетке жұмысқа шақырады. Жұмысқа орналасқан соң Жанбай ауылынан әкем мен шешемді көшіріп алады. Бір жылдан соң аудандық газет шығару туралы бұйрық келеді.

Алғаш рет ашылған «Ленин жолы» газетіне жауапты хатшы болып тағайындалады. Ағамның жұмыс орнына ілесіп баратыным есімде. Бір бөлмеде үш адам отырады. Кейін білсем, олар Мақсот Жалмұхатов пен Дошу Шененов екен. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Әлжан Өтегенов ағамды осыншама жібергісі келмей, үш рет алып қалады. Бірақ ол кезде военкоматтың құзіреті күшті. Ақыры ағамды әскерге алып кетеді. Ат арбамен ағамды шығарып тастауға бардық. Содан қайтып ағамды көрмедім.

1942 жылдың аяғында келген хатында: «Сталинградтың түбіндеміз. Көке, Сәмия жақсы жазатын болыпты. Оқудан қалдырмаңыз. Ал, Есенаманды кішкентай деп аямаңыз, оқуға беріңіз» деп жазыпты. Осыдан кейін ағамнан хат келген жоқ. Соғыстан оралмады. Із-түзсіз жоғалғандар қатарында тұр. Бірнеше рет іздеу салып көрдік, бірақ нәтиже болмады.

Соғыстан оралған Жұмабай есімді ауылдасымыз Сталинград бағытында Еламан ағамды көргенін айтады. Ағамның аудандық комитетте жұмыс жасағанын білетін ол жиналыста орысша сөйлеуге ағамды көндіреді. Офицерлер оның сауаттылығына таң қалыпты. Кейін Жұмабай мен ағам екі жаққа кетеді. Майданнан тірі оралған Сұлтангереев Қали есімді адам ағам екеуінің майданда бірге жүргендерін, барлаушы болғандарын айтып берді. Бір күні кезекті барлау жұмыстары кезінде немістер бұларды көріп қалып, танкпен қуады. Оқ ағамның сол аяғының жіліншігі мен оң жақ қара санын тесіп өтіпті. Өзінің ілесе алмайтынын түсінген ағам қолындағы құжаттарының барлығын Қалиға беріп, өзін тастап жүре беруін өтініпті. Бірге алып кетуге мүмкіндігі жоқ Қали амалсыздан өзі қашып кетуге мәжбүр болған екен. Бар естіген,білгеніміз осы. Сүйегі табылмады, -дейді Есенаман ағай.

Б.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT