Қазіргі таңда нашақорлық пен маскүнемдік төрткүл дүниеде жаһандық қатер болып, бүгінгі күннің бас ауруына айналып отыр.
Әсіресе, кейбір жастар мен жасөспiрiмдеріміз осындай уақытша «таңғажайып өмір» сыйлар есалаңдық жағдайдың құлы болып жүрген жайы бар. Маскүнемдік, нашақорлық дерті – әлем жұртшылығын алаңдатып отырған маңызды мәселенің бірі екенін білеміз. Есірткі заттары мен алкогольді сусындарға тәуелді адамның өзі ғана емес, оның отбасы да орасан зор зиян тартады.
Елімізде отандық медицина саласында наркологтар маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алу, емдеу жүйесін жетілдіру және оған тәуелді науқастардың отбасына, сүйікті кәсібіне оралуына мүмкіндік беру үшін үздіксіз медициналық, психологиялық әдістерді жетілдіру үстінде.
Аудандық емханада ұзақ жылдан бері нарколог-дәрігері болып қызмет етіп жүрген Болат Көшмағамбетовтің мәліметіне сүйенсек, Махамбет ауданында нашақорлықпен есепте тіркеуде тұрған адамдар жоқ. Есесіне маскүнемдікке шалдығып, диспансерлік есепте тіркеуде тұрғандар бар екен.
- Жалпы медициналық саласында 1995 жылдан бастап жұмыс жасаймын, ал нарколог-дәрігері болып, 2006 жылдан бері еңбек етіп келемін. Кәсіби маман ретінде айтарым, осы кеселдердің себебі, әртүрлі жағдайларға байланысты болып жатады. Біріншіден, тәрбиеге, содан кейін адамдардың өздерінің сана-сезіміне байланысты деп ойлаймын. Адам баласы дүниеге нашақор немесе маскүнем болып туылмайтыны белгілі ғой, сондықтан бұл қоғамға да, жүрген ортасына да байланысты. Болашақ ұрпағымызды нашақорлық пен маскүнемдік зардабынан сақтау үшін есірткі мен спирттік ішімдіктердің зияндылығы туралы үгіт-насихат жұмыстары ең бірінші жанұядан басталса, одан әрі мектепте ұстаз болып, жалпы қоғам болып, бірге жұмыс жүргізуіміз қажет. Жастар мұндай жағдайда көбінесе алкогольді немесе психикалық белсенді заттарды,есірткілерді алғашқы пайдаланған жағдайда оның соңы тәуелдікке апарып соқтыратынын көп біле бермейді. Осы күрделі мәселе мен күнделікті кездесетін жағдайда негізгі мәселе сол отбасылардағы ересек егде жастағы адамдардың ішімдікке салынуында, ал осы адамдар балаларына үлгі болып, алкогольдік, есірткінің зияндылығын насихаттау қажет емес пе?
Наркологиялық белгімен ауруханаға келіп түсетін адамдар болған жағдайда оның диагнозы анықталып, егер де наркологиялық науқас болып табылса, симптоматикалық емдері көрсетіліп, дер кезінде Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығына шұғыл түрде жеткізіледі. Неге десеңіз, наркологиялық науқастар арнаулы емдеу мекемелерінде түпкілікті емделуді қажет етеді.
Сонымен қатар емханада диспансерлік есепте тіркеуде тұрған науқастарды туыстарының полиция бөліміне жазған арызы бойынша емханадан медициналық комиссиядан өткізіліп, соттың шешімімен еріксіз емге арнаулы психикалық емдеу сауықтыру орталығына мәжбүрлеп жіберіледі.
Ал ауданымызда нашақорлықпен есепте тіркеуде тұрған әйел адамдар жоқ. Өкінішке орай, маскүнемдікпен есепте тіркеуде тұрған әйелдер бар. Бір қуанарлығы, олардың арасында жасөспірімдер жоқ. Көп жылғы тәжірибеме сүйеніп, бір есте қалған оқиғаны еске алсам, кезінде ішімдікке салынып, диспансерлік есепте тіркеуде тұрған әйел адамды туысының полиция бөліміне жазған арызы бойынша емханадан медициналық комиссиядан өткіздік. Сот шешімімен еріксіз алты ай мерзімге емге жіберіліп, ол емделіп келді. Қазіргі кезде ол әйел адам маскүнемдіктен толық айықты. Қалыпты өмірге қайта оралды. Сондай-ақ ауданымызда жасөспірімдер арасында нашақорлық пен маскүнемдікке тәуелді болу жағдайларының болмауы-жанұяның, мектептің, жалпы қоғамның, дәрігер- наркологтардың жүргізіп отырған алдын алу жұмыстарының, жастардың араққұмарлыққа, нашақорлыққа салынбауы өздерінің сана-сезімінде, көкірек көздерінің ашық болуына байланысты деп те ойлаймын, - деді нарколог-дәрігері Болат Көшмағамбетов бізбен әңгімесінде.
К.САПАРҚЫЗЫ