Атырау облысы бойынша «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімдерінде газет-журналға жазылу науқанына арналған «Абонент күні» акциясы өткізілді. Шараны ұйымдастырушылар аудандық пошта бөліміне келгендерді газетке жазылуға шақырды.
Махамбет аудандық пошта байланысы торабының орталық операциялық учаске залында ұйымдастырылған шараға тұрғындар белсенді түрде қатысты. Республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Атырау» және аудандық «Жайық шұғыласы» газеттеріне 1 жылға алғаш болып жазылған оқырмандарға «Қазпоштаның» арнайы сыйлықтары ұсынылды. «Егемен Қазақстан» газетіне бір жылға жазылған аудандық білім бөлімінің қызметкері Рита Мурзагалиеваға «Қазпоштаның» арнайы ілмекпен тоқылған жамылғысы табысталса, облыстық «Атырау» газетіне 1 жылға жазылған Талдыкөл ауылының тұрғының Ізғара Қалауов пен «Жайық шұғыласы» газетіне толық бір жылға жазылған оқырман Мәжит Әкешке бокал берілді.
– Қай қоғамда болмасын, газеттің алар орны ерекше. Қазіргі таңда халық «жаңалықтардың бәрін ғаламтордан оқып аламыз» деген желеумен баспасөзге жазылуды ұмыт қалдырады. Әрине, мұның бәрі газеттің таралымының төмендеуіне алып келеді. Осыған орай келер жылға баспасөзге жазылу науқаны қарсаңында ерекше акция ұйымдастырып, оқырмандарды ынталандыруды қолға алдық. Жазылушылар саны артуда,-дейді Махамбет аудандық пошта бөлімі басшысының міндетін атқарушы Анаргүл Мұқанова.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ