Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің ұйымдастыруымен ауданда жиын өткізілді. Оған білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау саласының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, жастар орталығының мамандары мен мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер кеңесінің төрағасы және кәсіби медиаторлар да қатысты. Шараның негізгі мақсаты– «ЕЛДЕСУ және ТАТУЛАСУ» жобасы аясында медиация институтын дамыту, елімізде екі тарапты бітімге шақыра алатын, кәсіби, сауатты медиаторлардың санын арттыру.
Халқымыз «Тура биде туған жоқ» деп ежелден-ақ әр істің әділдігін, ақиқатын айтуды талап еткен. Бірақ, бітімгершілікті, өзара келісімді, алқабилер кеңесін, төбе билер төрелігін жоққа шығармаған. Бүгінгі күннің медиаторлары да осы дәстүрлі жолды ұстанып, екі тараптың ерегісін заң аясынан аттамай, өзара сауатты сөйлесу мен келісім арқылы шешіп береді. Өз ісіне мығым мұндай мамандарды даярлау да жан-жақты атқарылған жұмыс нәтижесінде болмақ. Осы негізде ауданымызға іссапармен арнайы келген спикерлер өз мақсаттары мен жұмыс барысын толық түсіндіріп өтті.
Алдымен семинардың мақсаты– қандай тақырыпта қозғалатынына аңдатпаны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің, «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің « Жобаларды іске асыру және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарымен жұмыс жасау басқармасының» бас сарапшысы Талшын Италиева атап өтті. ҚХА республикалық Этномедиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов «Этносаралық медиацияны жүргізу ерекшеліктері. Медиация сессиясындағы зерттеу кезеңі» тақырыбындағы презентациясын қатысушыларға таныстырды. Спикердің сөзінен түйгеніміз, елімізде этносаралық медиация мәселесімен Қазақстан халықтар ассамблеясы тікелей айналысады. Бүгінде ассамблея ұлт пен ұлыстардың басын қосып қана қоймай, олардың өзара татулығы үшін де жұмыс жасауда. Сонымен қатар, этносаралық қақтығыстарды шешудің де арнайы әдіс-тәсілдерімен де таныстық Семинардың психолог маманы Резеда Сәлімжанқызы медиатор болам деген адам ең алдымен патриот болам деген ұстаныммен жүруі тиіс дейді. Өзінің өмір жолын, тарихын айта отырып,этносаралық қақтығысты алдын-ала болжаудың кейстерін де айтып өтті.
Семинарға қатысушылар топқа бөлініп, Қазақстанның белгілі бір аймақтарындғы этностық дау-дамай туындауының ықтималдығын анықтау тапсырмасы берілді. Оның анықтауда алдымен – сол облыстың аумағын, орталығын, аудандарын, адам санын толықтай зерттеу қажет. Одан соң адам тығыздығына, ұлттық құрамына, халық саны мен орташа медиандық жасына назар аудару қажет. Өңірдің негізгі кәсібі мен елдімекендердің атауына, білім беру орындарының, шетелдік компаниялардың саны да ескеріледі. Осы реттілікті сақтай отырып, әр топ өзіне берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындады. Еліміздің этносаралық қақтығыстарға жақын аймақтары да статистикалық мәліметтердің көмегімен алдын ала болжанды.
Психолог маман Резеда Сәлімжанқызы жүргізген тренингтен соң қатысушылар мамандарға өзекті деген сауалдарын жолдап, жауабын алды.
Этностар арасындағы дау қандай себептерден туындайды? Қазақстан азаматтығы жоқ, иммигрант азаматтармен арадағы қақтығыстарға медиаторлар араласа ма? Неге елімізде тіл мәселесі әлі де өзекті? Бізге келген шетелдік азаматтар тіл үйренуге талпынбайды, ал шетелге барған қазақтар бірден тіл үйрену курстарына жазылады.
Аталған сұрақтарға еліміздегі Этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзот Аббозұлы жауап берді: Көп жағдайда этностар арасындағы дау-дамай жер үшін немесе тіл мәселесіне қатысты туындап жатады. Кейде жұмыс беруші шетел азаматы мен біздің елдің жұмыскерлері арасында да қақтығыстар орын алады. Бірақ, медиаторлардың басты жұмысы осындай өте нәзік мәселелерде барынша екі тарапты сабырға, бітімге шақыру екенін ұмытпау керек. Иә, ұлт мәселесінде бәрі де намысқа тырысып жатады. Бірақ, біз талай қиын-қыстау күнде көп ұлтқа құшағымызды аша білген кеңпейіл халықпыз. Ата-бабамыз бізге осы байтақ жерде қантөгіссіз, татулықпен өмір сүруді тапсырып кетті. Ал, екі ұлттың арасындағы араздықты тудыратын мәселелер екі адамның ортасындағы ерегістен де туындайды. Ал, елімізге келген иммигрант азаматтар немесе олардың басшысы бізге өз мәселесімен келіп жатса, арнайы еңбекшартын, даудың негізгі себептерін ескере отырып оны шешуге тырысамыз. Мұндай істер де тәжірибемізде кездескен. Әсіресе, шетелдік компаниялардың жүмысшылары мен жергілікті халықтың арасындағы келіспеушілік мәселесінде біздің медиторлар да араласып, екіжақты келісім орнатқанбыз. Ал, тіл мәселесіне келер болсақ, бұл–өте күрделі мәселе. Қазір елімізде ана тіліміздің абыройын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды шаралар, өзгерістер орын алып жатыр. Ассамблея да осы тұста езінің үлесін қосып келеді. «Ұлы дала мұрагерлері» форумы, «Мың бала» ұлттық олимпиадасын тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Бірақ бұл да аздық етеді. Біздің елімізде тұтас бір идеологиялық позицияны өзгертпей, ана тілге деген жанашырлық пен құрметті әр қазақ азаматы өзі бірінші орынға қоймай тұрып, тіл мәселесінде төрт құбыламыз түгел деп айта алмаймыз. Шетелді мысалға келтірсек, ол жақта сіз сол елдің тілін білмесеңіз, жұмысқа да, оқуға да қабылдамайды. Тіл мәселесінде осындай заңды талаптарды күйшетуді біз де жолға қоюмыз керек деп ойлаймын, - дейді Ш.Пулатов.
Әлемдік тарихта ұлттардың арасындағы араздықтан туындаған ірі геноцид деп Руанда мәселесін айта аламыз. Осындай үлкен геноцидтің де артында жергілікті стансаның қызметкерлеріне деген жеккөрініш пен қызғаныш жатыр деседі. Хутулар мен туцилар– ежелден осы Африканың орталығын мекендеген қос халық, Бірақ олар жалған ақпараттың, пропаганданың кесірінен бір-бірінің қанын төкті. Бір миллионнан астам тутси ұлтының өкілдері айуандықпен өлтірілсе, екі жүз елу мыңнан астам әйелдер зорланып, балалар ажал құшты. Бұл оқиға туралы қаншама деректі фильмдер, кинолар жарық көрсе де, хуту мен тутсидің арасындағы араздық отын тұтатқан нақты мәселе жұмбақ күйінде қалды. Себебі, ол бір күнде пайда болған араздық емес. Екі ұлттың арасындағы осы қанды қақтығыс басқа мемлекеттерге сабақ болып, этномедиация тақырыбына әлемдік деңгейде көңіл бөліне бастады. Бүгінде біздің елімізде де мұндай орталықтар жұмыс жасап жатыр. Медиаторлар дауды дер кезінде шешуші ғана емес, алдын алушы тарап десек те болады.
Елімізде ассамблея ұйымдастырып жатқан түрлі мәдени шаралар, концерттер мен жиындар, басқосулар, форумдар–осының дәлелі.
« Елдесу және татуласу » тақырыбындағы семинар-тренингті ұйымдастырушылар мен қонақтарға аудандық әкімдік атынан ішкі саясат бөлімінің басшысы Аруев Нұрғали Латифұлы алғыс айтты. Сонымен қатар қатысушыларға семинар-тренингтен өткендігін растайтын сертификаттар да табысталды.
А. САТАЕВА