Есбол ауылдық округінің әкімшілік орталығы Ортақшыл ауылының тұрғындары, туған ауылымен бірге өсіп, саналы өмірін кіндік қаны тамған жерін өркендетуге өзгелер үлгі тұтарлақтай үлес қосқан Есбол ауылдық округінің Құрметті азаматы, білім және мемлекеттік қызметтің ардагері Жабу Дөкесовты еске алу шарасын өткізді.
Жабу ағамыз жарық дүниеде болса, биыл 90 жасқа толар еді. Есбол ауылдық округінің Құрметті азаматы Жабу Дөкесов 1929 жылы Жайық өзенінің бұқар бетіндегі Ақжайық ауылында дүниеге келген. Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін еңбек жолын 50-ші жылдары Қызылүй орта мектебінде мұғалімдіктен бастайды.
Сонау 50-60 жылдары ауылдар ірілендіріліп, негізгі және орта мектептер ашылып жатқан кез. Сол жылдары-ақ білімімен, біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге ілініп жүрген жас жігіт Жабу Дөкесовті аудан басшылығы жаңадан ашылған мектептерге директорлық қызметке тағайындайды.
Еңбек жолының бойында Жабу ағамыз бірнеше мектепте директорлық қызметтерді атқарған. Жерлестері кезінде оны аудандық, ауылдық Кеңестердің депутаты етіп сайлайды. Сол өткен ғасырдың 70-80 жылдары халық депутаттары Есбол ауылдық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарады.
1989 жылы зейнеткерлікке шыққан Жабу Дөкесов ұстаздық қызметіне барып, жас мұғалімдерге өзінің ұзақ жылғы тәжірибесін үйрету жұмысымен жалғастырады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарады. Үлкен ұлы Қуандық Дөкесов, Жабу ағамыздың көзін көрген, талай дастархандас болған азамат А.Салтанов та ізгі тілектерін арнап, естеліктермен бөлісті.
Ж.Дөкесов білім және мемлекеттік қызметтер салаларындағы еңбегі үшін КСРО, Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің үздігі атақтарымен, Лениннің 100 жылдық мерейтойына арналған медалімен, басқа да мемлекеттік грамоталармен бағаланған. Кезінде ауылының, ауданның халық қалаулысы болған Жабу Дөкесовке ауылдастары өзі тұрған көшеге есімін берген еді. Ал бүгін өз үйінің ауласына ескерткіш-тақта орнатылып, ағамызға дұға бағышталып, ас беру рәсімі өткізілді.
Қазбек Айтқалиев
Ортақшыл ауылы