Атыраулық тұрғын пәтерінде 20 жыл бойы қоқыс сақтап келген. Коммуналдық қызметтер оның пәтерінен 30 тонна қоқыс шығарды.
Әйелдің көршілері Атырау облысының әкімдігінің Tеlegram-арнасында пәтерлерінде егеуқұйрық қаптап кеткенін жазып, шағымданған.Тұрғындардың сөзінше, әйел пәтерінде 20 жыл бойы қоқыс сақтаған.
Жалғыз тұратын әйел еш жерде жұмыс істемейді, табысы жоқ.Екі жыл бұрын көршілері өз пәтерлерінен үлкен егеуқұйрықтарды байқаған. Артынша зиянкестердің 60 жастағы әйел тұратын пәтерден шығып жатқаны анықталыпты. «Пәтерде екі бөлме бар. Олар қоқысқа толы. Ол жақын жердегі қоқыс жәшігінен үйіне түрлі қалдықтарды, қоқысты тасиды. Жиырма жылдың ішінде қалдықтар шіри бастады. Пәтерде егеуқұйрықтар өріп жүр. Біздің пәтерімізге де кіріп алып, балаларды шошытады», - дейді тұрғындардың бірі Александра Пак.
Шағым түскен күні Атырау әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыс комиссиясы құрылып, оны әкімнің орынбасары Жұмабек Қаражанов басқарған. Жұмыс тобының мүшелері пәтерге барып, жағдаймен танысты.
«1959 жылғы Н. есімді азаматшаның жеке куәлігі жоқ болып шықты. Тек кеңестік үлгідегі құжаты бар. Жасына байланысты зейнетақы алмайды екен. Жұмыс тобының жетекшісінің тапсырмасы бойынша жергілікті полиция қызметкерлері әйелді қиын жағдайда қалған тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырды.
Ол жерде мамандар тиісті медициналық және психологиялық көмек көрсетіп, қажетті құжаттарын қалпына келтіріп, зейнетақысын рәсімдеумен айналысады. Артынша ол үйіне қайтып бара алады», - дейді қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басқарушысы Нұрлы Хабиева.
«Спецавтобаз» ЖШС-ның 10 қызметкері екі күннің көлемінде егде жастағы әйелдің пәтерін тазалаумен айналысты. Нәтижесінде жұмысшылар 30 тоннадан аса қоқысты үш КамАЗ көлігімен шығарды.
Автор: А.Соколов
Дереккөз Атпресс