Орал қаласынан жарысқа келген жас спортшылар Атырау қонақүйінде болған өрттен құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап. «16 маусым күні сағат 01:19-де Атырау қаласының «101» желісіне М.Әуезов көшесіндегі «Райхан» қонақүйі өртеніп жатқаны туралы хабарланған.
Өрт ғимараттың астыңғы қабатында орналасқан саунадан шыққан. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 3 баланы құтқарып, 31 адамды қауіпсіз аймаққа көшірді, олардың 29-ы бала.
Құтқарылған және қауіпсіз аймаққа көшірілген балалар Орал қаласынан жарысқа келген», - делінген хабарламада. 9 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сағат 02:33-те сөндірілді. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 26 адам және Атырау облысы ТЖ департаментінен 5 техника жұмылдырылды.
Сурет:Дереккөзі