Сарытоғайлық тігінші Лариса маска тігіп, оны тегін таратуда

Елімізде індеттің таралуына байланысты төтенше жағдай енгізілгелі бері дәріханаларда масканың тапшылығы туындағанын өткен жолы жазған болатынбыз.

Бұрын 15-20 теңге болған бетперделердің бағасы бірден шарықтап, 150-200 теңгеге жетіп жығылғаны көпшіліктің наразылығын туғызды. Ел басына күн туған осындай сын сағаттарда ауданымыздағы тігіншілер маска тігіп, халыққа қолжетімді бағамен сатуды қолға ала бастады.

Ал, Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылының тұрғыны тігінші Лариса Сахиева отбасымен бірге маска тігіп, ауыл тұрғындарына тегін тарату ісін бастады.

«Бастапқыда 200-данасын тігіп, азық-түлік алуға келген тұрғындарға тегін үлестіру үшін ауыл дүкендеріне қойдым. Артынан тағы да Махамбет ауылының тұрғындары тапсырыс беріп алды. Хабарласып, тапсырыс бергендерге тегін тігіп берем. Қасымда көмектесетін екі студент қызым бар. Бұл бастама қолымыздан келіп тұрған соң, ауылдастарымызға азғантай да болса көмегіміз болсын деген шынайы ниеттен туындады. Қолынан іс тігу келетін қыз-келіншектерді осындай игі іске қолдау көрсетуге шақырамын, Бәріңізге Алла разы болсын, ауырмаңыздар!-дейді Ларисаның өзі бізбен әңгімесінде.

Ия, қайырымдылық ісіңнен көрінеді деген осы. Мұндай игі бастама әрі қарай жалғасын табады деген сенімдеміз.

Қолыңа дерт бермесін, Лариса, халықтан алғыс алып, аман жүр!

Кенжегүл Сапарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT