Ерлан - қызметте батыл жедел уәкіл

Білімді де білікті, сабырлы әрі төзімді, шапшаң және тез шешім қабылдау, лезде әрекет ете білу – бұл қабілетті полицейге қажетті ең басты қасиеттер.

Сонымен қатар, ұстамды, адамдармен тіл табыса білу, сыпайылық та қажет-ақ. Осы тектес талаптардың үдесінен шығуға талпынып жүрген жандардың бірі - Махамбет ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ерлан Зинелғабитов Зинелғабитұлы.

Махамбет ауылының тумасы Ерлан Зинелғабитұлы 1994 жылдың 22 шілдесінде дүниеге келген, О.Шонаев атындағы орта мектебінің түлегі. 2009-2012 жылдары Орал қаласындағы Ақпараттық және Технологиялар колледжінің құқықтану мамандығын тәмамдаған. Шығыс Қазақстан облысындағы 2086 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген оның еңбек жолы Махамбет ауданы Полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметінен басталды.

- Біздің қызметіміз зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел бууымен ерекше құнды. Өміріңе төнген қауіп-қатерге қарамастан қылмыскермен тікелей жұмыс жасаймыз. Жалпы, қылмыспен күрес жолында полицияның әр бөлімшесінің өзіне тән қызметі және міндеттері бар. Түрлі қылмыстарды ашып, құқықтық тәртіп пен тыныштықтың сақталуына сүбелі үлесін қосып жүрген аға буын өкілдерінің еңбегі бізге қашанда үлгі-өнеге болып қалмақ. Осы тұста үнемі бағытбағдар беріп отыратын АПБ-ның бастығы А,Закариев, Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ғ.Сақтағанов, тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны А.Мусағалиевтарды атап өтуге болады. Атаулы мерекемен барша әріптестерімді құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін, - дейді Е.Зинелғабитұлы.

2021 жылдың 28 қаңтарынан бастап Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел лауазымына тағайындалған ол бұған дейін Махамбет ауданы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қызметін, полиция бөлімінің Учаскелік полициясы, полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімінің жедел лауазымында жұмыс жасаған.

Айта кетейік, 2016-2020 жылдар аралығында өз қызметтік міндеттерін адал атқарып, аудан бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жоғары нәтижелерге жеткені үшін бөлім бастығының «Алғыс хатымен», 2018 жылы «Қылмыстық іздестіру қызметіне – 100 жыл» медалімен марапатталған.

Отбасында ардақты әке, асыл жар, ата-анасына, бауырларына сүйікті ұл, қарапайымдылығымен достарына сыйлы болған азаматтың қызметтік жолы осындай!

Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT