Полиция болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін таңдаулы мамандықтың бірі.
Халықтың қорғаны атанған полиция қызметкерлерінің қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбегі зор. Солардың бірі Махамбет ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Амантай Жақсымбетұлы.
Ол Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында 1985 жылы 8 тамызда дүниеге келген. Бейбарыс ауылындағы Чкалов мектебін аяқтаған соң, 2000-2003 жылы Сарайшық ауылындағы кәсіптік техникалық лицейінде «Фермер арендатор» мамандығын алып шығады. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы №6636 әскери бөлімінде борышын өтеп, елге оралған соң облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция қызметінде еңбек жолын бастайды.
- 2008-2013 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алдым. Менің ойлаған арманыма жетуге қолымдағы дипломым жол ашты. Полицей болуды мақсат тұтқан мен арманына жетіп, 2014 жылдан бастап Махамбет ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, Бейбарыс ауылының учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарып келемін. Қиын әрі қауіпті қызметімде талай қылмыскерлермен бетпе-бет келуге тура келеді. Ондай адамдармен жұмыс жасаудың өзі оңай емес.
Көп ретте, психологиялық тұрғыда, спорттық жағынан мықтылықты талап етеді. Учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Амантай Жақсымбетұлына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үлкен міндеттер жүктелген. Ол азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдық, жол қауіпсіздігі, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа мәселелерді шешуде жұмыстар атқаруда.
Елдің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қалыптастыруға өз үлесін қосып келе жатқан полицейдің еңбегі ескерусіз қалмады. Ол 2015 жылы ҚР ІІМ ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен, 2017 жылы Атырау ОІІД-мен «Қазақстан Полициясына – 25 жыл» төс белгісімен наградталған. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаевтың «Алғыс хатымен», 2021 жылы ҚР ІІМ ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған. Кейіпкеріміздің жауапты қызметімен қатар спортты жанына серік еткенін айтпай кетуге болмас. Оның жетістіктері де аз емес. 2019 жылы «Махамбет барысы» қазақша күресінен «Бас жүлдені» жеңіп алса, ағымдағы жылы «Махамбет барысы» қазақша күресінен ІІІ орын және Тәуелсіздік күніне орай өткізілген қазақша күрестен ІІ орын иегері атанып отыр.
Өзінің әкімшілік аумағындағы тұрғындардың алғысына ие абыройлы полиция қызметкерінің жетістігі әлі алда деп білеміз.
Б.МӘЛІКҚЫЗЫ