Әділ ЖҰБАНОВ: «Махамбет – туризмге сұранып тұрған аймақ»

«Махамбет – туризмге сұранып тұрған аймақ»

Бүгін біз өз күшімен кәсіп бастап,кедергілер мен қиындықтарға төтеп беріп, бүгінде үлкен жетістікке жетіп отырған ауылымыздың азаматтары туралы сыр шертетін «Кәсібім-нәсібім» айдарын ашылды. Жаңа айдарымыздың алғашқы қонағы – Атырау облыстық мәслихатының депутаты,«БатысАльянсСтрой» ЖШС басшысы Әділ Жұбанов.

- Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Қиындықтар мен жетістіктер туралы айтып өтсеңіз?

-1993 жылы әскер қатарында Отан алдындағы борышымды өтеп, елге оралғаннан кейін жеке кәсіппен айналысуға бет бұрдым. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген соң, еңбекке ерте араластық. Сол тұстағы елдегі қиын әлеуметтік жағдай, жұмыссыздық мәселесі біздің отбасымызға оңайға соқпады. Осы қиындықтарды жеңу мақсатында алғашқыда көтерме жұмыстармен айналыстым. Кейіннен жаңа кәсіп ашу мақсатында көп ізденіп, нарықты зерттедім. 1998 жылы құрылыс саласындағы кәсібімді аштым. Мемлекеттің бәсекелестікке қабілетін көрсететін басты саласы – кәсіпкерлік. Кәсіпкерлік дегеніміз – бұл ең алдымен жауапкершілік. Мен кәсіпкерлікпен айналысқаннан бері бірыңғай ізденіс үстінде келе жатырмын. Iзденіс үстінде дөп басу да, мүлт кету де бола береді. Ештеңе істемеген адам ғана қателеспеуі мүмкін. Жұмыс істемесең, қателік те жасамайсың. Жеке кәсіпкерлік те сол сияқты, қиындық болмай тұрмайды. Кездескен қиындықтар мен тәуекелдердің бәрі де кезеңкезеңімен, жөнімен, жолымен, кәсіпкерлік дамудың деңгейін жанжақты ескере отырып еңсеріледі. Ең бастысы өз кәсібіңді дамыту эволюциялық жолмен жүзеге асырылуы шарт. Соңғы уақыттағы басты жетістіктеріміздің бірі – Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік тауары» көрме байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша жеңімпаз атануымыз. Ұжымдағы ортақ мақсат бізді осындай ортақ жетістiктерге жігерлендіреді.

-Облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына қандай баға бересіз?

-Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік баяу дамып келеді. Бізде халық аз, ал ресурс көп. Мұнай-газ секторында шикізат көп өндіреміз. Кәсіптің көп түрі аутсорсқа өтіп жатыр және көп кәсіпкерлер таза нарықтың бәсекесіне шыдай алмайды. Өйткені көбісінің кәсібі мемлекеттік мекемелер немесе ұлттық компаниялар жариялайтын тендерлер төңірегінде шоғырланған. Кейде облыстардың ұлттық құрамы мен халықтың әлеуметтік жағдайын ескеретін кездер болады. Еліміздің оңтүстігіндегі кәсіпкерлер нарыққа бейімделгіш, іске ширақ екені көрініп тұрады. Себебі басқа облыстар мен қалаларға ең көп баратын – солар. Нарыққа тың тауар мен жаңа ойыншы келгенде оны тұтынушылар тез қабылдайды. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікке азаматтар өзіне ыңғайлы өмір сүру ортасын тастап, жаңа жерді басынан зерттеп, үйреніп болған соң кіріскені дұрыс. Тек шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамыған қоғам ғана біздің таяу болашақтағы тұрақтылығымыз бен бақытты өміріміздің кепілі бола алады.

-Аудандарда осы саланы дамытуда қандай кедергілер бар деп ойлайсыз және оларды шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

-Аудандарда кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі кедергілер бар деп айта алмаймын. Жергілікті атқарушы органдар да шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, салықтық түсімдерді көбейтуге мүдделі. Елімізде кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Салық жүйесі де өте тиімді. Кәсіпті бастаймын деген азаматтарға тегін оқытулар, қайтарымсыз гранттар, төмен пайызды несиелер, субсидиялар беріледі. Жалпы айтқанда, кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі және жан-жақты ойластырылған. Аудан халқы осындай мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білуі керек. Сонымен бірге, нарыққа терең зерттеуден соң келу қажет екені сөзсіз. Аудан тұрғындары бастапқы бизнесжоспарды жасаудан бастап қаржылық сауаттылық негіздеріне дейінгі, өз ісіңізді жүргізудің барлық қыр-сыры туралы, табысты бизнес жүргізу үшін іскерлік қарым-қатынасты жолға қоюды үйрететін кәсіпкерлік оқыту курстарынан өткені жөн. Біз кәсіпкерлікке келген уақытта бүгінгідей төмен пайызды несиелер, жан-жақты мемлекеттік қолдаулар болмады. Халықтың жағдайы төмен, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр уақытта жеке кәсіп бастаудың қиыншылықтарын қазіргі кедергілермен салыстыруға да келмейді.

-Махамбет ауданында шағын және орта бизнесте қай салаға басымдық берген жөн?

-Махамбет ауданы – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Махамбет ауданында туризмнің дамуын дұрыс жолға қою тек табыс алып келу ғана емес, үлкен туристік аймаққа айналдыруға бағытталуы қажет. Бұл өз кезегінде осы аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайының түзелуіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Қазіргі кезде пайдалы қазбалар қоры жоқ көптеген мемлекеттер туризмді дамыту арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр. Сонымен қатар, аудан ауыл шаруашылығы саласының ішінде көкөніс шаруашылығына ыңғайлы. Бұл жергілікті халықтың жанына жақын кәсіп болғандықтан, аудан халқы үшін ыңғайлы болады деп есептеймін. Аудан халқының әлеуетінің асуы да, дәулетінің тасуы да махамбеттіктердің өз қолында.

-Жеке кәсібін бастауға ниетті жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

-Мемлекет бәсекеге қабілетті болуы үшін адамдар, яғни бүкіл ұлт бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін әрбір адам өзін-өзі қамшылауы тиіс. Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген. Еңбек ет, өзіңді, отбасыңды асыра, балашағаңның қамын ойла: өзіңе де жақсы, үкіметке де жақсы. Әркім өзінің игілігіне еңбек еткен қоғамда мемлекеттің де игілігі артады. Қазір – іскерлік заманы. Бизнес, қаржы, экономикадағы біліктілік кез келген адамға қажет. Іскерлік әлемге бойлай білу өміріңізді, ұстанымыңыз бен бағытыңызды, тіпті маңсабыңызды да өзгертуі мүмкін. Өзіңізді өзгелерге іс адамы ретінде көрсетіп, таныстыра біліңіз. Турасын айтқанда, өзіңізді мойындата білу. Қадалған жеріңнен қан шығара білу, яғни іс жолында табандылық таныту. Келіссөз жүргізе білу де аса қажет қасиет. Өз сөзіне және ісәрекетіне жауап бере алатын кәсіпкер болашақта мемлекет басқару ісін де табысты жүргізе алады.

- «Депутат – билік пен халықтың арасындағы алтын көпір» деп жатамыз. Сіз өзіңізді алтын көпір бола алдым деп ойлайсыз ба?

-Өзімнің депутаттық қызметімді популизмнен, атап айтсам даңғаза ұраншылдық пен үндеушіліктен ада, адал атқаруға тырысып келемін. Бұл жолда атыраулықтардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын бастамамның өзі оң нәтижесін берсе, қоғамдық қызметімнің зая кетпегені деп білемін. Себебі, адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын – оның ісі. 2003 жылдан бастап Атырау қалалық мәслихатының, 2012 жылдан бері Атырау облыстық мәслихатының депутаты ретінде өңір үшін маңызды жобалардың іске асырылуына, білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен тұрғын үйлердің салынуына, инженерлік-инфрақұрылым желілері құрылысын жүргізу мәселелеріне әрдайым басымдық беріп, бірқатар проблемалық мәселелерді түрлі деңгейде көтеріп жүрмін. Депутаттық қызмет аясында өзіме келіп түскен өтініштер мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған атыраулықтардың талаптілегінің ешбірі жауапсыз қалмады. Бірқатары жергілікті атқарушы орган тарапынан, бірқатары өз тарапымнан шешімін тапты.

-Махамбеттіктер сізді ауылдың гүлденуіне үлес қосуға дайын, жомарт жүректі жан ретінде бағалайды. Осы орайда ауданның дамуы жолында атқарған, дәл қазір атқарып жатқан және болашақта атқаратын жұмыстарыңыздың жоспарымен бөліссеңіз.

-Қай қоғамда да адам өз еңбегімен қадірлі. Ауданның дамуына үлес қосу ол менің азаматтық міндетім, перзенттік борышым деп білемін.

Жоспардан өмірдің өзі батыл екенін тәжірибеміз көрсетіп отыр. Сондықтан алдағы жоспарлар уақыт еншісінде.

Бастысы, туған жерім Махамбет ауданының экономикалық әлеуетінің артуына, аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға арналған қызметім үздіксіз жалғаса бермек.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521