Ерекше бала ерекше қолдауды күтеді

Жаратылыста адамның бәрі бірдей. Дегенмен, оның мүмкіндігі әртүрлі. Қазір Жер шарындағы түрлі себептерге байланысты өмірге келген сәбилердің туабітті дерттерге шалдығуы жиілеп барады. Сондықтан, әлеуметтік қорғау саласында «мүмкіндігі шектеулі азаматтар» деген жаңа термин қалыптасты. Біріккен Ұлттар Ұйымы да бұл мәселеге аса мән беріп, 1992 жылы Бас Ассамблея шешімімен «3 желтоқсан – Мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні» деп белгілеген еді.

Әрине, тумысынан өмірдің азабын тартқан мүгедек жандарға қоғамның назарын аудару – басты парыз. Ең алдымен, олардың адамгершілігі, құқықтары мен амандықтары сенімді қорғалуы қажет. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда өзіндік қабілетін жан-жақты дамытып, көрсете білуіне Қазақстан Республикасы толық мүмкіндіктерді қарастырған. Адам құқығын қорғаудың негізгі ұстанымы да осы.

Қазір Атырау облысында мүгедектігі бар 22 766 адам бар. Оның 1979-ы – І топ мүгедегі, 9278-і – ІІ топ, 7960 – ІІІ топ мүгедегі, 3549 – балалар. Олар үшін мемлекет тарапынан тиісті көмек-қолдаулар қарастырылған.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есебіне тіркелмегендерді қосқанда, облыс бойынша психикалық және сөйлеу қабілеті тежелген, аутизм белгілері бар, сал дертіне, Даун синдромына шалдыққандар санатына жататын 7-10 жас аралығындағы 6 мыңнан астам ерекше бала бар екен. Бұл көрсеткіш балалардың білім алуына, олардың сөйлеу және ойлау қабілеттерін дамытуға, қоғамға бейімдеуге жеткілікті түрде көңіл бөлу қажеттігін аңғартып отыр. Соған байланысты, облыс әкімдігі бұл тақырыпты үнемі назарда ұстап, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтардың нақты іс-тәжірибесінің арқасында проблемаларды шешуді қолға алды.

Шынын айту керек, өзім де ерекше баланың анасымын. Бұдан бірер жыл бұрын өзім секілді ерекше балалары бар ата-аналармен бірге «Инклюзия Болашақ Атырау» атты қоғамдық бірлестік аштық. Ондағы мақсат – пайдакүнемдік емес, керісінше мүмкіндігі шектеулі жандарға ортақ мәселе – білім беру мекемелерінде инклюзивті сыныптарды ашуға талпыныс жасау. Әрине, бастапқыда түрлі кедергілер болды, қиындықтар да кездесті. Өйткені, тиісті заң талаптарын білген жоқпыз. Ерекше балаларға өзгеше көзқарас танытқандар да болды. Бірақ, соның бәрін жеңдік. 2018 жылы облыс орталығындағыМ.Мөңкеұлы атындағы №6 орта мектептен инклюзивті қолдау сыныбы ашылды. Дереу тиісті мамандармен ақылдаса отырып, ерекше балаларды мектепте оқытудың жоспарын жасақтадық. Ал былтыр №3 және №24 орта мектептерде ерекше балалардың қалыпты балалармен қатар білім алуына мүмкіндік жасайтын инклюзивті қолдау сыныптары ашылды. Онда әр баламен АВА әдісі арқылы жоғары білімді логопед, дефектолог, психолог секілді арнайы мамандар жеке шұғылданып отыр.

Ерекше жандар да қоғамның бір мүшесі. Тағдырдың мұндай ауыртпалығына олардың еш айып-кінәсі жоқ. Мәдениетті, парасатты жандар мұны жақсы түсінуге тиіс. Ал, инклюзивті қолдау сыныптары – республикада жаңадан қолға алынған тың жоба, ерекше жандардың қоғаммен қарым-қатынаста болуы үшін құрылған. Сондықтан, ерекше балалардың білім алуына мүмкіндік жасау мақсатында биыл Индер ауданынан тұңғыш рет осындай сынып ашылды. 2021 жылы облыс аумағында дәл осындай сыныптардыМақат, Махамбет аудандарында, Атырау қаласының тағы екі мектебінде ашу жоспарланып отыр.

Қазір бірлестік мүшелері балаларды мектепке даярлау, зейінін, ойлау және сөйлеу қабілеттерін арттыру бағытында кешенді жұмыстың қажеттігін әбден түсінген. Бірлестікжанынан «Зейін Атырау» деп аталатын ерекше балаларды дамыту орталығын құрдық. Қолдауға қабілеті бар біраз есікті тоздырдық, сөйтіп «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Орталық Азияның Еуразия қоры» жүзеге асыратын «Жарқыра» жобасыныңгрантын орталық жеңіп алғанда, біздің қуанышымызда шек болмады. Одан кейін «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыратын «Әрекет» жобасы да қолдау білдірді. Соның нәтижесінде Атырау қаласынан ерекше балаларды оңалтуға бағытталған орталық ашылып еді. Енді бейімдеу орталықтарын облыстың барлық мектебінде ашу көзделіп отыр.

Былтыр қазан айында ашылған «Зейін Атырау» орталығында ерекше балаларға кешенді қызмет көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, балалармен АВА терапия бойынша жеке жұмыс жасалып, логопед-дефектолог, ЛФК мамандарының сабақтарын алып жүр. Қазір мұнда қызмет ететін 15-ке жуық маман арт-терапия, музыка, би бағытында да балалардың мүмкіндіктерін дамытады.

«Жарқыра» жобасын ұйымдастырушылар үнемі орталыққа қолдау жасап, білім алуға, өз-өздерін дамытуға ұдайы мүмкіндік жасап жүр. Соның арқасында биыл карантин жағдайында да тиісті жұмыстар тоқтаған жоқ.

Жетістіктеріміз де аз емес. Биыл «Нұрсұлтан Назарбаев қоры» ұйымдастырған «Үздік әлеуметтік идеялар жәрмеңкесінде» «BilimAl» жобасы бойынша және «Шеврон» компаниясы жүзеге асыратын «Birles Atyrau» бағдарламасы аясында «BilimOnline» ерекше балаларды дамыту жобасы бойынша грант жеңіп алдық. Екінің біріне бұйырмайтын мұндай табысты жобаларды жүзеге асырумақсатында нәтижелі жұмыстар жүріп жатыр.

Тағы бір оңтайлы шешілген мәселе – «Зейін» орталығына тұрғын үйдің төменгі қабаты сенімгерлік басқаруға беріліп, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мәселеге Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің өзі тікелей ұйытқы болғанын атап көрсеткен жөн. Сонымен қатар, 18 жастан асқан ерекше жандардың қоғамнан тыс қалмауы үшін жаңа жоба қолға алынды. «Keleshek» жобасы ересек өмірге қадам басқан ерекше жандарды кәсіпке баулуға бағытталған.

Әріптесім Ерлан Күмісқалиевтің жетістіктері де Атырау тұрмақ, республикаға белгілі. Қазір ол жетекшілік ететін «Маленькая страна – Атырау!» қоғамдық ұйымының ерекше балаларды қолдау, дамыту және емдеуге қатысты табысына жақын шетелдерден қызығушылық мол. Өйткені, Ерлан бұған дейін итпен емдеу тәсілін қолдану арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізсе, енді ерекше балаларды иппотерапия (атпен емдеу) бағыты бойыншаемдеу әдісін қолданып жүр. Ол үшін қала әкімдігі арнайы жер телімін бөліп, кәсіпкерлер арқылы қолдау жасап келеді. Мұнда шетелдерден арнайы мамандар мен аттар алынды.

Облыста ерекше балалардың онлайн білім алып, бейімделуіне барлық жағдай жасалған. Біз қазір облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен орынбасары Бақытгүл Хаменованың ерекше қолдауын сезініп отырмыз. Олар біздің ұсыныс-тілегімізді тыңдап, қиындықтардың оңынан шешілуіне өздері ықпал етіп келеді. Мысалы, пандемия кезінде облыс басшысы Махамбет Жолдасқалиұлының қадағалауының арқасында «Теңізшевройл» кәсіпорнының демеушілігімен ерекше балаларға арналған онлайн бейімдеу жобасы жүзеге асырылды.

Әрине, саулығында ақауы бар балаларға қолдау жасап жүрген тұрақты демеушілер де бар, олар балаларды емдеу-сауықтыру жұмыстарына мүмкіндігінше демеушілік жасап келеді. Шынын айту керек, олар үлкен азаматтық іс атқарып отыр. Тіпті, мемлекет тарапынан жасалып үлгермей жатқан нормативтік-құқықтық актілердің жүзеге асуына мұрындық болып, керемет әлеуметтік-көпшілік шараларды қолға алып жатыр. Ол үшін азаматтарға ризашылығымыз шексіз.

Дегенмен, ерекше балалардың әрқайсысының дертіне сәйкес ем-дом, жаттығу жұмыстары жүргізілуі керек. Әрине, әлеуметтік санатына қарамастан, бала біздің болашағымыз болып саналады. Сондықтан болашағымыздың жарқын болуына қоғам болып атсалысқан жөн.

Арайлым НҰҒЫМАНОВА,

«Инклюзия Болашақ Атырау»

қоғамдық бірлестігінің төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT