Енді банк істерін нотариус қарайды

Аудандық сот мәжіліс залында «ҚР кейбір заңнамасының актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жөнінде» дөңгелек үстел ұйымдастырылған-ды.

Дөңгелек үстелді аудандық сот кеңсесінің жетекші маманы Әсем Қосымбаева ашып, шараға қатысушыларды таныстырып, онда қаралатын мәселелерге тоқталды.

Аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы судья Алмагүл Өтешқызы Елбасының 2019 жылдың 21 қаңтарында ҚР кейбір заңнаманың актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру, қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойғандығын айтты. Аталмыш заңдағы ҚР Азаматтық процессуалды Кодексінің сот бұйрығын өндіруге қатысты енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Судья 135 баптағы өзгерістер, нотариустарға қатысты қаралатын іс санаттарындағы жаңа енгізілімдер, мәселен, сот бұйрығын өндірудің 18 талабының 9-ы нотариусқа берілетіні, сонымен бірге оңайлатылған сот өндірісінің 12 санатының 10-ы бұйрық арқылы өндіруге берілетініне, сот бұйрығын беру туралы арыз АПК-нің 135 бабына сәйкес қаралуға жатпаса, кері қайтарылатынын нақты мысалдармен баяндады. Дөңгелек үстелде жаңа заңнамадағы өзгерістер қызу талданды.

Аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Гүлшат Сағынова да сот жүктемесін оңтайландыру, төрелік, меншік құқығын қорғауды күшейту, ізгілендіру шараларын сөз етті.

«Жалақыға дейін ақша» ЖШС менеджері Шынар Болатқызы филиалда екі адам ғана жұмыс істейтіндерін, серіктестікте заңгерлер жиі ауысатынын, борышкерлерді қалалық сотқа жіберетінін, егер келісім-шарт дұрыс жасақталса, аудандық сотқа беретінін тілге тиек етті.

Судья А.Ергазиева «Жалақыға дейін ақша» ЖШС келісім-шартында басында облыстық сот деп жазылса, соңында қалалық сот деп жасақталғанын, заңгерлері тұрақтамай, жиі ауысып отыратынын, ақша алып, оны төлемей қашатын борышкерлерді қалалық сотқа беретінін, құжатты сауатты етіп толтырып, клиентті әрлі-берлі жүргізбей, аудандық сотқа жолдауға болмас па еді деген ойын қосты. Егер сіз 100 мың теңге алсаңыз, сотта оны 305 мың теңге қылып қайтарасыз. Махамбетте жедел ақшаның екі филиалы бар. Бірі «Быстрофинанс», ал құжатында «Инновациялық қаржылық шешімдер» ЖШС деп аталатын микрокредиттік ұйым «Аслаида» сауда орталығында орналасса, «Жалақыға дейін ақша» ЖШС «Алтын тамыр» дәріханасы ғимаратында орналасқан.

Атырау облысы бойынша жеке сот орындаушысы Айгүл Мендалиева санкцияны прокуратураға бергені қиындау болғанын, борышкерлерге әкімшілік жаза беру көзделгенін, алғашында бәрі төлеймін деп келетінін, алдымен ол адамды көруі тиістігін, алимент төлеуден қашатындардың өзі қиындық тудырып отырғанын қынжыла баяндады. Жиынға қатысушылар адам қатты қиналғандықтан тығырықтан жол таба алмай, жалақы мезгілінде берілмей, біраз сандалтып қойғандықтан ақыры микрокредиттік ұйымнан ақша алуға мәжбүр болатынын айтты.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT